«Ресейдің соғыс бастауына Қытай рұқсат берген» – Сорос

«Ресейдің соғыс бастауына Қытай рұқсат берген» – Сорос

«Ресейдің соғыс бастауына Қытай рұқсат берген» – Сорос
ашық дереккөзі
Танымал қаржыгер, трейдер әрі филантроп Джордж Сорос Қытай Президенті Си Цзиньпин РФ Президенті В.Путиннің көрші елге соғыс бастайтынын білгенін әрі оған қолдау білдіргенін айтты деп хабарлады turkystan.kz bugin.kz-ке сілтеме жасап. Алайда соғыс басталғаннан кейін ойынан айнып қалса керек. Ал оған себеп – Путиннің ақыл-естен айрылуы. ТМД елдерінде бірнеше қор ашқан америкалық қаржыгердің жазуынша, Путин соғыс бастар алдында Си Цзиньпинмен кездесіп, ұзақ уақыт сөйлескен. Әрі 5 мың сөзден тұратын серіктестік жөніндегі құжат дайындап, бір-бірін қолдауға серттескен көрінеді.
«Мұндай құжатты дайындау үшін көп келіссөз, көп жұмыс атқару керек. Демек, екеуі бірігіп ұзақ жоспарлаған бәрін. Менің таңқалғаным – Си Цзиньпиннің Путиннің Украинаға басып кіруін анық қолдап отырғаны (карт-бланш беріп отыр). Си өмір бойы билікте отыратынына сенімді секілді. Тарихта Мао Цзэдун мен Дэн Сяопин сынды тұлға боп қалғысы келеді. Ал Путин болса, 70 жыл бойы армандап жүрген мақсатын орындағысы келді. Орыс әлемінің патшасы болу – арманы. Ал оған қол жеткізу үшін дәл қазір қимылдамаса, кейін кеш қаларын түсінсе керек. Мен Путинмен жақын таныс адам емеспін. Бірақ, оның істерін қарап отырып, түйген нәрсем мынау: ол – қатыгез адам. Біреуге жаны ашу жоқ. Грозный қаласын қалай талқандағаны сынды Киевті де дәл солай жермен-жексен еткісі келеді», - дейді Сорос.
Оның айтуынша, Путин өзі айтқан өтірікке өзі қатты сенеді.
«Бір қарасаңыз, шынайы әлемнен қол үзіп қалған жанға ұқсайды. Украин мен орысты бір халық деп атап, орыс әскері Украинаға басып кіргенде жергілікті орыстар «гүлмен қарсы алады» деген не сандырақ? Түптеп келгенде, олай боп шықпады ғой. Гүлмен емес, орыстың өзі қарумен қарсы алды», - деп пікір білдірді Сорос.
Соростың айтуынша, Украинаны 2014 жылы да, осы жолы да басып алмағанының негізгі себебі – қорғаныс саласындағы жемқорлық. Оған да өзі кінәлі.
«Бірақ кінәсін түсінгісі келмейді. Керісінше, жерін қорғап қарсыласқаны үшін украиндарға өштесіп, тістеніп алды. Одан әрі қырып-жоюға көшті. Осыны көрген Си ойланып қалған сыңайлы. Басқы ойынан айнып, енді Украинаға көмектесуге ниетті. 8 наурызда Франция Президенті Э.Макрон мен Германия канцлері Олаф Шольцқа хабарласып, гуманитарлық көмек бергісі келетінін айтты. Путин де, Си де түптің түбінде биліктен кететін адамдар. Әлемдік өркениетті құртып жібермей тұрғанда, халқы көтеріліп, басшыларын биліктен алып тастар деп үміттенеміз», - деп ойын түйіндеді Сорос.