Жаңалықтар

«Ресеймен бірге құрдымға кетеміз»: кәсіпкер ЕАЭО-дан шығу керек екенін айтты

ашық дереккөзі

«Ресеймен бірге құрдымға кетеміз»: кәсіпкер ЕАЭО-дан шығу керек екенін айтты

Белгілі меценат, қоғам белсендісі Марғұлан Сейсембай өзінің Facebook-тегі парақшасында Еуразиялық экономикалық одақтан шығу керек екенін айтып, дабыл қақты деп жазды turkystan.kz. Оның айтуынша, осы күндері Ресей экономикасы құлдырап, тіпті, тұңғиыққа батып бара жатыр. «Күн сайын ондаған шетелдік компания Ресейден кетіп жатыр. Олардың саны шамамен 500-дей. Ал осы компаниялардың әрқайсысы мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отыр ғой! Ондаған, мүмкін тіпті жүздеген мердігерлер, жеткізушілер, сатып алушылар, олардың да өз кезегінде ондаған, тіпті жүздеген жұмысшылары мен тұтынушылары бар! Өзінің барлық 850 мейрамханасын жабатын бір ғана Макдональдстың өзі 60 мыңнан астам қызметкерді жұмыссыз қалдырып отыр! Ал Ресейде Макдональдстан да кеңірек таралған компаниялар бар ғой. Менің есептеуім бойынша, соғыстың екі аптасында Ресей шамамен 1 миллиондай жалақысы жоғары жұмыс орнын жоғалтты. Бұл - тікелей шығындар. Орта тап күрт кедейленіп кетті. Ондаған мың маман жұмыссыз қалды, енді олар Ресейден ағылып көше бастайды», - деді ол. Қазақстандық кәсіпкердің айтуынша, Ресейдің экономикасы мен қаржысында орны толмас шығындар орнады. Жақында қолма-қол ақша қалмайды. Ресей Федерациясының Орталық Банкі қолма-қол валютаны шешуге шектеулер енгізді. Кеңестік дәуір есіктен сығалап тұр... «Бұл жағдайда Қазақстан түбегейлі шараларды қолға алуы тиіс. Біз қазір Ресеймен бір экономикалық кемедеміз. Және кеменің Ресей жақ бөлігінде үп-үлкен, күн сайын кеңейіп бара жатқан тесігі бар. Біз не өз бөлігімізді жауып тастап, әйтеуір, бірдеңе етіп аман қаламыз, не Ресеймен бірге құрдымға кетеміз. Менің ойымша, шешім анық - барлық одақтардағы, ЕуразЭҚ, Кеден одағы және басқаларындағы мүшеліктен тез шығу немесе оны тоқтата тұру қажет. Кедендік баждарды енгізіп, ел экономикасын Ресей экономикасынан барынша дербестендіру керек. Иә, бұл одақтас елдің жасайтын ісі емес деуі мүмкін олар. Біз не деп жауап бере аламыз - Украинаға шабуыл жасау туралы шешім бірге қабылданды ма? Неліктен сіздің шешіміңіз үшін біз зардап шегуіміз керек? Әркім өз шешімі үшін өзі жауап беруі тиіс. Егер сіз расымен біздің одақтасымыз болсаңыз, онда сіз бізді тұңғиыққа сүйрелемей, керісінше, қашыңдар, менімен бірге қалу қауіпті деуіңіз керек» деп жазды кәсіпкер.