Отырарда көпқабатты 10 тұрғын үй пайдалануға берілді
Отырарда көпқабатты 10 тұрғын үй пайдалануға берілді
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың аудан, қалаларды аралау сапарының кезектісі Отырар ауданы болды. Жұмысшы топ онда да бірқатар әлеуметтік, кәсіпкерлік және туристік нысандарды аралап, жұмысымен танысты.
Мұндағы бірінші нысан Темір ауыл округіндегі «Агро-Азия» ЖШС-ның жүгері өңдеу, құрама жем шығару кәсіпорынының іске қосу салтанатты рәсіміне қатысудан басталды.
«Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, бұл кешеннің ашылуы ауданда жүгері кластерін дамытуға негіз болмақ. Себебі, бұрындары дихандар жинаған өнімдерін ұтымды бағаға сата алмай, жауын астында қалып, кептіре алмай, ала жаздай еткен еңбегі зая кететін. Енді шаруаларға өнімдерін ысырапсыз жинап алуына және тиімді бағаға өткізу мүмкіндік туып тұр. Көптеген шаруалардың келесі жылы егіс көлемін ұлғайтуына мүмкіндік бар», - деді Ж.Қансейітұлы құттықтау сөзінде.
Пайдалануға берілген кешеннің жалпы жоба құны 619 млн теңгені құрайды. 5 га жерді алып жатқан кәсіпорында 16 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сыйымдылығы 10 мың тонналық кешенде болашақта 17 түрлі өнім шығарып, Иран, Қытай елдеріне экспортталатын болады.
Мұнан соң, олар Арыстан баб кесенесінде болып, туристік маңызды нысандар – Отырар төбе мен Арыстан бабтың маңын абаттандыру жобаларымен танысты. Атап айтқанда, аудан басшысы Е.Айтаханов келесі жылдың бюджетіне кесененің кіре беріс қақпасы мен Түркістан-Шәуілдір бағытындағы жолдың аралығын жөнге келітіріп, зиярат жасаушылар мен туристерге ыңғайлы орта құру жұмыстарының кіргізілетінін жеткізді. Сондай-ақ, Отырар төбе маңы мен қалашықты Арыстан бабпен қосатын ұзындығы 1,7 шақырым болатын жолды абаттандыру жұмыстарына көңіл бөлінбек. Аталған жобаларға қанық болған облыс әкімі игі істің жобасын тағы бір пысықтап, облыстағы білікті мамандардан кеңес алуды тапсырды.
Егенмендіктің ширек ғасырлық тойында Қоғам ауыл округі Мыңшұқыр елді мекенінен пайдалануға берілген 180 пәтерлі көпқабатты 10 тұрғын үй отырарлық ағайынды ерекше қуантты. Жергілікті халықтың қуанышымен бөліскен өңір басшысы Ж.Түймебаев қоныс тойын тойлаушылардың қатары алдағы уақытта мұнан да көп болатынына сенім білдірді.
«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында салынған үйлердің іргетасын қалау 2015 жылдың қазан айында басталған болатын. Жалпы ауданы 18 792 шаршы метр болатын көпқабатты баспаналарда 90 бір бөлмелі, 90 екі бөлмелі және 90 үш бөлмелі пәтер бар.
Алдағы уақытта Отырарда 450 пәтерлі 25 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Жалпы, ауданда бүгінгі таңда тұрғын үй кезегіне 716 азамат тіркелген.
Ауданға сапары кезінде жұмысшы топ аялдаған соңғы нысан – «Отырар Сүт-Ет» СТК-нің жұмысы болды. Көкмардан ауылында орналасқан өндірістік кооператив сапалы ет пен сүттен бөлек, еліміздің ірі қалаларын «Маяқұм» шұбатымен қамтамасыз етіп отыр. Бүгінде кооперативте 700-ге жуық түйе, 88 бас сиыр бар. Тәуліктік қуаттылығы – 1,25 тонна шұбат, 900 литр сүт өндіреді. Кооперативке 67 шаруа қожалық мүше. Болашақта ет пен сүтті терең өңдеуді жоспарлап отыр. Өндірілген өнімдер 6 облыс пен Алматы, Астана қалаларына жеткізіліп, тұрғындарға ұсынылуда.
Жұмыс сапарының соңы, әдеттегідей, Отырар ауданының активімен кездесумен жалғасты. Алдымен, аудан әкімі Ерлан Айтаханов Отырардың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен кемшін тұстарын баяндады. Мұнан соң, Ж.Түймебаев аудан бойынша сын-ескертпелер мен тапсырмалардың ретін атады.
Мәселен, Отырар алқабындағы 42 мың гектар егістік жердің 24 мың гектары ғана (58 пайыз) игерілген. Дәндік жүгері межеден 2 мың гектарға кем егілген. Өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласы бойынша кейбір индикаторлар орындалмай келеді. Мәселен, индустрияландыру картасына енгізу жоспарланған 2 жобаның 1-уі ғана орындалған. Мұнан бөлек, индустриялды аймаққа арналған жердің көлемі 97 гектарды құраса да, аудан экономикасының өсу резервтері толық пайдаланылмай отыр.
Осындай кемшіліктерді тізген аймақ басшысы ауданда кәсіпкерлікті қолға алу қажеттігін айтып, тоқтап тұрған кәсіпорындарды іске қосу ісіне инвесторларды тарту керектігін жеткізді. Туризм саласы бойынша Отырардың потенциалының мықты екенін алға тартқан әкім өңірге отандық және шетелдік қонақтарды көптеп тарту жұмыстарын қолға алуды тапсырды. Сондай-ақ, бұл ортақ істі атқаруда ауыл әкімдері аудан әкіміне көмекші болып, межелі жоспарларды бірлесе орындауға шақырды.