«Коммунистік идея қазақ халқына аяусыз азап әкелді» - сенатор
«Коммунистік идея қазақ халқына аяусыз азап әкелді» - сенатор
Сенат депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммед ресейлік коммунист-депутат Геннадий Зюгановтың мәлімдемесіне жауап берді деп хабарлады turkystan.kz.
Бұл ретте депутаттың сыны Зюгановқа емес, жалпы коммунистік партияға бағытталды.
«Коммунистік идея – қазақ халқына жанқиярлық, аяусыз азап әкелген идея. Коммунистік идея бізге қуғын-сүргін, ашаршылық әкелді. Коммунистік идея Қазақстанның ең мықты азаматтары – Алаш қайраткерлерін жойып жіберді. Енді 21-ғасырда мұндай коммунистік идеяға орын жоқ. Сондықтан бұны беделінен айырылған, аудиториясы азайып, қатарластары қоғамдық пікірге азырақ назар аударып жатқан кездегі арандатушылықтың бірі деп ойлаймын», - деді сенатор.
Сондай-ақ ол коронавирусқа байланысты қазір ауыр халде жатқан Либералдық-демократиялық партияның басшысы Владимир Жириновскийге денсаулық тіледі.
«Ресейдің Конституциясында да, заңдарында да Коммунистік партияға орын жоқ. Жириновский де солай айтқан болатын. Естуімше, ол қазір ауыр халде жатыр. Адамға жамандық тілеудің қажеті жоқ. Сауығып кетсін», - деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Тағы оқи отырыңыз: «Шовинистік мәлімдеме»: Қазақстан депутаттары Зюгановқа қарсы үн қатты (ВИДЕО)