Денис Уланов Олимпиада жүлдесінің сыйақысын сот арқылы өндіріп алды

Денис Уланов Олимпиада жүлдесінің сыйақысын сот арқылы өндіріп алды

Денис Уланов Олимпиада жүлдесінің сыйақысын сот арқылы өндіріп алды
ашық дереккөзі
Нұр-Сұлтан соты 2016 жылғы Олимпиада ойындарының жүлдегері атанған қазақстандық ауыратлет Денис Улановтың ісі бойынша шешім шығарды деп жазды turkystan.kz. Бастапқыда Денис Уланов 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен жазғы Олимпиадада 4-орын алған болатын. Алайда екі жылдан кейін шетелдік спортшыдан допинг табылғаннан кейін нәтиже қайта қаралып, Халықаралық Олимпиада комитеті отандасымызға 3-орын берді. Сөйтіп, 2021 жылдың тамызында зілтемірші Ауыр атлетика федерациясына хабарласып, Олимпиаданың қола медаль иегеріне берілуі тиіс сыйақыны сұраған. Алайда Мәдениет және спорт министрлігі төлемді қайта қарауға негіз жоқ деп мәлімдеді. Бұл шешіммен келіспеген спортшы Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жүгінді. Сот егер спортшыға жоғары орын берілсе, заң жүлде бойынша төлемді қайта қарауға мүмкіндік береді деген қорытындыға келді.
«10 наурыздағы сот шешіміне сәйкес, Денис Улановтың талап-арызы қанағаттандырылды. Төлем мөлшерін қайта қараудан бас тарту заңсыз деп танылды. Сот Мәдениет және спорт министрлігіне төлем мөлшерін қайта қарау міндетін жүктеді. Шешім заңды күшіне енген жоқ», - делінген хабарламада.
Айта кетсек, Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес, олимпиадада алтын медаль үшін спортшыға – 250 мың, күміс медаль үшін – 150 мың, ал қола медаль үшін 75 мың доллар төленеді. Сондай-ақ, 4, 5 және 6-орындарға ие болған қазақстандықтарға сәйкесінше 30, 10 және 5 мың доллардан беріледі.