Сәния Дүркеева: Бес құрлық тамашалайтын YouТube каналымда қазақ әуендерін шетелдіктер ұйып тыңдайды
Сәния Дүркеева: Бес құрлық тамашалайтын YouТube каналымда қазақ әуендерін шетелдіктер ұйып тыңдайды
Елге есімі белгілі виолончельші Сәния Дүркеева бүгінде Цюрих өнер университетінің магистратура бөлімінде білім алып жүр. Оған дейін атағы жер жарған Мәскеу мемлекеттік консерваториясының қасындағы орталық музыкалық мектепте, кейіннен сол консерваторияның бакалавриат, содан соң ассистентура бөлімінде білімін жетілдіріп, Ресейде он жыл бойы оқыған ол оқу ешқашан кеш емес екенін айтады. Шетелге танымал музыканттарды елге шақыру, YouТube-тағы әлем жұртшылығы бақылайтын жеке парақшасына қазақ әуендерін жүктеу арқылы қазақ мәдениетін паш етуді көздеп жүрген Сәнияның мақсат еткен жоспары көп. Әзірше алда тапсыратын күрделі емтиханға дайындалып жүрген оған хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
– Ең алдымен кішкентай кезінен домбыраға әуестенген Сәнияның кейіннен виолончель аспабына неліктен көңілі ауғанын білгіміз келеді.
– Өнерлі отбасында тәрбиеленіп өскен мен кішкентай күнімнен домбыраның шанағынан төгілген ән-күйді естіп өстім. Әкем музыкалық мектепте сабақ беретін әрі өзі – домбыра жасаудың шебері. Кейде оқушылар біздің үйге сабақ оқуға келетін. Сол кезде құлағымды түріп, есіктің сыртынан сабақтың өту барысын бақылап, «Олар секілді мен де үйренсем ғой» деп қызығатынмын. Ал оқушыларынан уақыты артылмайтын әкем «Домбыра тартуды үйретші» деген өтінішімді ертеңге қалдыра беретін. Бір күні өзім ыңылдап отырып, домбыраның көмегімен бір ән ойлап шығардым. Осыдан кейін менің ұлттық аспапты үйренуге құлшынысымның асып-тасып тұрғанын байқаған әкем маған сабақ беру ісін қолға алды. Ол кезде нота танымайтын едім, бірақ 10 шақты күннің ішінде тырысып-тырмысып, 7-8 күйді үйреніп алдым. Бастапқыда 1-сыныпқа жалпы білім беретін мектепке барғанмын, 1-2 айдан соң анам бетімді қақпай, Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектепке ауыстырып алды. Біле білсеңіз, ол мектепке жайдан-жай қабылдай салмайды. Балаларды физикалық, музыкалық қабілетіне қарай қатаң конкурстан өткізеді. Содан соң түрлі аспаптар сыныбына бөледі. Әдепкіде ол мектепке «домбыраның құлағында ойнаймын» деп келген едім, бірақ мұғалімдер қабілет-қарымыма қарай виолончель сыныбында оқуға кеңес берді. Бұл аспап маған бейтаныс емес, өйткені әпкем сол музыкалық мектепте оны шебер ойнауды үйренген. Сонымен қатар оған сабақ берген Людмила Қазиахметова ел мақтаған мықты педагог болды. Сондықтан анам екеуміз сол кісінің сыныбында оқуды жақсылыққа теңеп, 8-сыныпқа дейін сонда білім алдым. Кейін педагогім көз жұмған соң, басқа мектепке ауысу туралы ойлана бастадым. Оған қоса, мені түрлі байқауда байқаған басқа мектептегі оқытушылардан шақырулар көптеп түсті. Үйдегілермен ақылдаса келе Күләш Байсейітова атындағы музыкалық мектепке ауысып, онда үш жыл оқыдым. Содан соң жатсам да, тұрсам да Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының жанындағы орталық музыкалық мектепте оқуды ойлап, сонда білім алуды көздедім. Себебі ол мектепті бітірген түлек тікелей мемлекеттік консерваторияға оқуға түседі. Сөйтіп, сол консерваторияға оқуға түсіп, кейіннен ассистентура бөлімінде білімімді жетілдірдім. Жалпы, Мәскеуде 10 жылға жуық оқыдым.
– Осыдан үш жыл бұрын Алматы мен бас қаланың сахнасында қойған «Виолончель үн қатқан мамыр кеші» атты жеке концертіңізде атақты швейцариялық виолончельші, ұстазыңыз Орфео Мандоцци қазақтың күйін тыңдап, тамсанғанын айтқан еді.
– Ол кісі менің шақыртуыммен Қазақстанға бірінші рет келген болатын. Оның қазақ мәдениетін, тағамын ұнатқаны соншалық, біз жөнінде көп білгісі келіп, ақырында ұлттық музыкамызды виолончельге салып ойнау ниетін жеткізді. Сосын әкемнен бірнеше күйдің нотасын алып, ол кісіге тарту еттік. Алдағы уақытта қазақ күйлеріне әрлеу жасап, жеке композиция ретінде шығаратын ойы бар. Келешекте Орфео секілді тағы басқа шетелдік мықтыларды шақырып, осылайша мәдениетімізге қызығушылығын оятып, тағы бірнеше концерт қою туралы ойым бар. Жыл сайын біздің ән мен күйге қызығатын шетелдіктердің қатысуымен фестиваль өтіп тұрса екен дейсің, бірақ біздің елде концерт ұйымдастырудың машақаты көп. Барлығы қаражатқа келіп тірелетіні айтпаса да түсінікті. Негізі, бұған дейін көп демеушінің алдына барып, көмек сұраған болатынмын, бірақ «Әрине, көмектесеміз» деп жылы шығарып салған олардан ізінше еш жауап ала алмадым. Мәскеу консерваториясында оқып жүрген кезде шетелдегі музыкалық оқу ордаларында оқып жатқан қазақстандық студенттердің басын қосып, біздегі қалың бұқараға біздің осындай таланттарымыз бар екенін көрсеткім келді. Екі қаладағы залды жалдап, афиша жасап, ары-бері шапқылап, үлкен концерт өткіздік. Бірақ біз бұл кештерді тегін өткіздік, қатысушыларға ешқандай қаламақы берілмеді. Сол кезде бізге қол ұшын созған ешкім болмады, әкімшілік қызметкерлерінің аздап көмектескені бар, десе де барлығын анам екеуміз атқарып шықтық. Содан соң Қазақстанда мұндай игі іске қолдау білдіретін демеуші табу өте қиын екенін жақсы білемін.
– YouТube парақшаңыздан классикалық шығармалардан бөлек, поп жанрындағы әншілердің туындыларын виолончельге салып орындайтыныңызды байқадым. Өткен аптада шотландиялық әнші Льюис Капалдидің әлем білетін әнін орындап, көпшілікті таңғалтқаныңыз тағы бар. Бұл көрерменді тартудың әдісі ме, әлде көп әнші секілді карантинде іш пысқаннан жасалған қадам ба?
– Барлығы карантиннен басталды. Сол уақытта барлық концерт пен жоба жайына қалып, үйде бос отырған кезде жеке каналымды жандандырайын деп түрлі туындыларды орындап, жүктей бастадым. Кейін жақын досым «поп жанрындағы әндерді орындап көрсең қайтеді?» деп ұсыныс айтты. Осылайша, бұл бағыттағы хит әндерден кавер жасау дәстүрі пайда болды. Негізі, поп жанрындағы әндердің нотасын түсіріп, виолончельде орындау үшін арнайы әрлеу оңай іс емес. Мен ол каверлерді екі, кейде тіпті төрт виолончельді «жұмылдыру» арқылы әзірлеймін. Бүгінде YouТube каналым бес құрлық тұрғындары қарайтын каналға айналды. Шетелдіктер көп қарайтын болған соң, арасында қазақ әуендерін де орындаймын. Қазақ әуендері қамтылған видеоларға шетелдіктер жағымды пікір білдіріп, мұндай ерекше музыканың тамсандырмай қоймайтынын айтады. Ән қоржынымда бірнеше қазақша туындысы бар. Осындағы елшілік ұйымдастыратын түрлі іс-шараларда көп орындаймын. Жаңылыспасам, Цюрихте 20-ға жуық қазақ музыкант тұрады. Барлығымыз елшілік өткізетін ивенттерден қалмай, қазақ әуенінің осында дәріптелуіне бір кісідей атсалысып жүрміз.
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ