Мағыналы өмір сүрудің сыры неде?

Мағыналы өмір сүрудің сыры неде?

Мағыналы өмір сүрудің сыры неде?
ашық дереккөзі
Не үшін өмір сүресің? Осы бір сұрақ төңірегінде ой қоз­ғасақ, кім не айтпайды, тәйірі. Сұрақ біреу болға­ны­мен, әркім өзінің сана түйсігіне, ой-қиялына қарай жауа­бын сан жаққа жүгіртіп, әрқалай жауап беретіні белгілі. Иә, сонымен кім не үшін өмір сүреді? Есімі тарихта қалған аустрия­лық психоаналитик Виктор Фран­кл: «Біз өмірге айналадағы жұрт­ты қуанту үшін ғана келдік. Қа­сыңдағы адамның түріне, жы­ны­сы­на, мәртебесіне, діни сеніміне, әле­­­уетіне қарамастан, оған шаттық се­зім сыйлау үшін ғана туғанбыз», – дейді. В.Франкл дәрігер болып жүр­ген­де мынадай сезімнің соңы­на түседі. Ол ақша табу үшін бай­­­­ларға ақылы қызмет көрсететін. Ал түстен кейін жағдайы жоқ ке­дей­­лерге тегін қарасады. Яғни, олар­ды емдегені үшін ақы алмайды. Ке­дей­лер оған риза болып, алғысты жаң­бырша жаудырады. Франкл олар­дан алғыс алған сайын бақытқа бө­ленетін. Кеудесі шаттыққа толып, бей­не бір бұлттың үстінде қалқып жүр­гендей болады. Әрине, қалталы пациенттер де алғыс айтуды ұмыт­па­ған. Бірақ еңбегіне ақы алған соң жан­ды балқытып тұратын ләззатты та­ба алмай өмір сүруге деген ынтығы азая­ды. Клиникасының ақшаға тәуел­ді екенін біліп тұрса да, адам­дар­дан алғыс есту үшін ақысыз қыз­мет көрсетуге құмартып алады. Жағ­дайы жоқ мұқтаж жандарға те­гін қарасқан сайын оның өмірге құш­тарлығы арта береді. Осылайша, Франкл шыбын жанға толассыз ша­быт сыйлайтын шаттық сезімді кеу­десінен шығарып алмау үшін бар­лық адам ұрпағына риясыз қыз­мет ету керегін ұғына түседі. Осы жаңа­лығының негізінде Франкл деп­рессия мен суицидке қарсы «со­ғыс» ашады. 1924 жылы ол Sozialistische Mittelschüler Österreich деп ата­латын мектептің президенті боп сай­ланады. Франкл осы қызметте отыр­ғанда студенттерді өмірге ға­шық етумен армансыз айналысады. Оның бұл жолдағы қызметі өте же­міс­ті болды. Ол басшылық еткен мер­зімде Венадағы студенттер ара­сын­да бірде-бір суицид фактісі тір­кел­меген екен (шамамен мектепті 10 жылдай уақыт басқарады). Сонымен, «Өмірдің мәні не?», «Бізді тіршілікке ғашық етіп, ажал­мен айқасуға батылдық беретін қан­дай күш?» деген сұраққа, Франкл: «Өмірдің мәні өзгеге қуаныш сыйлау. Өмір жолында саған серік болған адам­ды қуанту. Оның көңіл күйін шат­тық сезімге толтыру. Адамдарға рия­сыз қызмет ету арқылы өзіңді де оны да шаттыққа бөлеу», – дейді. Бір­де орыстың көрнекті жазу­шы­сы Лев Толстойдың «Өз­де­ріңе сеніңдер» деген шығармасына тап болдым. Ол: «Балалықпен қош­тас­қан соң саналарыңдa «Мен кім­мін? Мен бұл өмірде не істеп жүрмін? Мен нендей мақсатта жаралдым?» де­ген сұрақтар пайда болғанда олар­дың жауабын таба алатындарыңа сенім­ді болыңдар. Даналардың бер­ген жауабы жақын туыстарыңның пікірлер­мен сәйкес келмесе одан шо­шымаңдар. Пікір қайшылығынан әсте де қорқуға болмайды. Пікір қай­­­шылығының ұлғаюы сенің Құ­дай сипаттас рухыңның ояна бас­тағанының айқын белгісі. Бір-біріне сәй­кес келмейтін қайшы пікірдің ас­тарында өмірдің шын мағынасы кө­міліп жатыр. 15 жасымда осы сұрақтар мені де мазалай бастағанда өз бетімше жауап іздеуге қай­мық­қан­мын. Қасымдағы адамдардың қай­талай беретін қате пікірін мен де ерік­сіз қабылдағанмын. Осы қате­лік­тің азабы ұзаққа созылды. Аса құрметті өскелең ұрпақ, басқа­лар­дың өздері түсінбесе де сендерге таңып сөйлейтін пікірлеріне мән бер­местен, шынайы түрде өмірдің мә­нін ашып, түсінуге тырысыңдар. «Сен­дердің бұл талпыныстарың жас адам­ның бойындағы жай ғана орын­далмайтын арман, құлшыныс қой» деп дәлелсіз сөйлейтіндерге құ­лақ аспаңдар. Жан дүниелеріңде ал­ғаш рет Құдай сипаттас сезімдерің ояна бастағанда оның қаншалықты маңызды екенін барынша терең сезі­ніп, осы ең Ұлы сезімнің әлсіз жа­л­ынын сөндіруге жол бермеңдер. Кері­сінше, жастық шақтың барлық күш-қуатын пайдаланып, бұл шоқ­тың өршеленіп жануына бар күш-жігерлеріңді салыңдар. Дәл осы рух сәулесінің күш алып, алаулап жануы­на барлық адамның ең ұлы қуа­нышы мен бақыты байланған» деп жа­зып­ты. Иә, зиялы, терең ойы бар ұлы адамдар ғана адамзатты тол­ғандыратын осындай ұлы, сал­мақ­ты ойлар айтады. Сондықтан олар –ұлы. Қаламгердің ой астарында өмір­дің шын мағынасы көміліп жа­тырғаны рас емес пе? «Жалпақ жаһанға жауһар жақсы­лықтарымен үлгі шашып отырған жа­­пон жұртының бір ғана мысалына жү­гінейікші. Бүгінде 50 мыңнан ас­там жапондық 100 жылдық ғұмыр­жас межесінен емін-еркін, емен-жар­­қын аттап өтіп отыр. Енді 15 жыл­­дан кейін бұл елдегі ұзақ жасау­шы­лар миллионнан асып жығылмақ. Мұндай ғажап әлемнің басқа ешбір елінде жоқ. Ал ұзақ өмір сүрудің құпиясы мы­­­нада: жапондықтар қарым-қа­ты­нас кезінде бір-бірін ренжітпеуге, көңі­ліне қаяу салмауға тырысатын жер бетіндегі жалғыз халық екен. Нақ осындай қадамы құтты елді әлем картасынан табу қиын. Эко­но­ми­каның кереметін біз солардан кө­ріп отырмыз. Күріш егетін, қала са­ла­тын ұлтарақтай жері де қал­ма­ды. Оларда табиғи байлық дегеніңіз аты­мен жоқ. Осыған қарамастан жа­пондықтар жаһандағы ең бай ұлт са­налады. Байлыққа жеткізген де ақыл-парасат пен ғылым-білімі. Ал ен­ді осы ғажайып жетістіктерді ежік­теп айтып отыруымыздың себе­біне келейін. Гәп жоғарыда айтқан ұлт қа­зы­насында жатыр. Тұтас ел­дің табыстылығының құпиясы сол, жа­пондықтар өз ой-пайымдарын тіз­гіндеп ұстауды үйренді. Теріс ой­лар әңгімелесіп отырған адамның көңілін бұзып, жүйкесіне тиіп қана қой­май, оның денсаулығына, бола­ша­ғына нұқсан келтіретінін жақсы білгендіктен, олар балағат, дөрекі сөз­дерді өз тілдерінен мүлдем тыйып тастапты. Жапондықтардың көп жасауының ақиқат сыры міне осын­да. Бір-біріне деген ілтипат-ізгі­лік­те, сыйластықта. Ендеше, мына дүрбелеңге толы аласапыран дүниеде бірімізді біріміз дұрыс түсініп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» тату­лық­пен, достықпен, бірлікпен сана­лы өмір сүрсек біз жеңбейтін шаруа, біз атқармайтын іс, біз алмайтын қа­мал жоқ. Ел арасында татулық, тү­сіністік, бауырлық сезім азай­ма­сын. Тәңірім елдің тыныштығын, хал­қымыздың бірлігін берсін, пейі­лін тарылтпасын! Бір-бірімізге деген ілтипат-із­гілік азаймасын, құрмет пен сыйластықтан ажыратпасын!

Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының профессоры, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Тараз