Жаңалықтар

Балаларға базарлық: Youtube-тағы ана тілінің ахуалы

ашық дереккөзі

Балаларға базарлық: Youtube-тағы ана тілінің ахуалы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жаңа жыл­мен құттықтау сөзінде 2022 жылды «Балалар жылы» деп атау туралы ше­шім қабылдағанын мә­лім етті. Осы орайда еліміздегі жа­сөспірімдер мен балалардың әлеуметтік-мәдени мәселелері қайта қарастырылып, нақты шешімдер жүзеге асырылу жоспарланып отыр. Тәуел­сіздіктің 30 жылында бала құндылықтарына, бүлдіршіннің емін-еркін өсіп, жан-жақты білім алуына тиісті шаралар атқарылғанын біле­міз. Дегенмен бала тілін, бала дүниетанымын кеңейтуде қор­да­ланған мәселелер де жетерлік. Президент осы мәселеге ерекше тоқтала ке­ліп: «Балалар – мем­лекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сон­­дықтан да алдағы жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есеп­теймін. Әңгіме жа­лаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші ке­зек­те билік тарапынан бала­лар­ды қорғау үшін денсаулық сақтау, бі­лім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шара­лар қолға алынуы ке­рек. Өскелең ұрпақтың үйле­сімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біз­дің жалпыұлттық міндетіміз», – деді. Болашақ бүгіннен басталады. Сон­дықтан бүгінгі бүлдіршін болашақта мем­лекетшіл, ұлтжанды, рухты тұлғаға ай­налу үшін «Балалар жылын» тиімді пай­да­лануы­мыз керек. Шыны керек, сол түйткілді мәселе­лер­­­­дің ішінде баланың қазақ тілін игеру үдерісінің баяулығы жатыр. Қазір өкі­нішке қарай, бүлдіршіндеріміздің қазақ ті­лін­де сөйлеуі сиреп барады. 1-3 жастағы ба­ла­­қайлардың өзі өзге тілде сөйлеуге әуес­тен­ген. Ал психо­логия ғылымы бойынша бағам­да­сақ, бала 1-3 жас аралығында негізгі білімді иге­ріп, дүние­танымы қалыптасады. Бұл өзек­ті мәселе­лердің дені YouTube каналын­да­ғы қазақтілді мульт­фильмдерге, музыкалық бағ­дарлама­лар­ға байланысты. Қазақтілді кон­тент неғұр­лым көп әрі сапалы, қызықты бол­са, бала соғұр­лым ана тілге назар аударып, жан дүние­сінде қан­дай да бір қызығушылығы оянады. Қазақстандық балаларға арналған «Ба­ла­пан» телеарнасы осы проблема­лар­ды шешуге тырысып жатқанын білеміз. Он­да­ғы бағдарламалар YouTube желісінде жа­рия­ланып, кішкентай көрермендердің кө­зайы­мына айнала білді. Онда: «1001 кеңес», «Бұ­зығым», «Випсер», «Глобус», «Балақайлар», «Ер­келер», «Сұлтан Бейбарыс», «Маймылдар ме­кені» секілді мультхикаялар және «Сау бо­лайық», «Супер әке» секілді гуманистік идея­лар­ға жетелейтін контенттер бар. Бұл туын­ды­лар шамамен 10-15 мың қаралым жинаған. Ал былтырғы санақ бойынша жалпы халық­тың 33,37 пайызы – 17 жасқа дейінгі балалар екенін ескерсек, онда бұл контенттердің қара­лым саны бірнеше есе көп болу керек еке­нін байқатады. Салыстырмалы түрде ал­сақ, «Маша мен аю» мультфильмінің әр серия­сы орташа есеппен алғанда, 20-25 миллион қара­лым жинаған. Әрине, бұл мәселеде орыс тілінің ау­қым­­дылығы, әлем бойынша жоғары сұранысқа ие екені түсінікті. Дегенмен біздің қа­зақтілді өнімдеріміз бәсекеге төтеп бере ал­май жатқаны ақиқат. Бұл жерде тілдік фак­торлар ғана емес, өнімнің қызықтығы, ди­на­микасы әсерін тигізеді. 2 жастағы бүл­діршін тіл­ді түсінбеуі мүмкін, бірақ сенсорлық қа­біле­ті арқылы мультфильмге назар аударып, ұзақ уақыт тапжылмай көруі ғажап емес. Ұзақ жылдар бойы елордамыздағы №38 мектеп-лицейде бастауыш сы­нып­тарда сабақ беріп келе жатқан тәжірибелі пе­да­гог Ләззат Жақыпқызы аталған мәселе бойын­ша былайша ой толғайды: «Иә, бала тәр­биелеп отырған ата-ана, әрі ұстаз ретінде ба­ла­ларымыздың болашағына алаңдайты­ны­мыз сөзсіз. Қазір балалар көбінесе YouTube ка­налы арқылы қарайтын мультфильм, бей­не­баяндарына, шынымды айтсам, көңілім тол­майды. Көбінесе басқа халықтың ерте­гілеріне аударма түрінде жасалғандар кез­деседі. Кіші жастағы бүлдіршіндер «Маша мен аюды» көргенді ұнатады. Дәл осындай қызық­ты, тартымды мультфильмдерді өзімізде де шығарса тамаша болар еді. Сонымен қатар мұндай мультфильмдер балаларымыздың тілі­нің таза шығуына әсер ететіндей ұлттық тәр­биеге бағытталған болса дейміз. Бұрын қы­зыммен бірге «Мақтаншақ Бибігүл», «Қош­қар мен теке», «Алдар көсе» ертегілерін қы­зыға қарайтынбыз. Қазір ол жасөспірім шақ­та. Оған жапондықтардың «аниме» мульт­­­­фильмдері ұнайды. Басқа халықтың ерте­гісін өзге тілде немесе аударма тілде қара­ғанша, өзіміздің халық ертегілерін за­манға сай әрлендіре жан бітіріп, қызықты етіп, өз тілімізде қарағанға не жетсін!». Бүгінгі қазақ балаларын ерекше қы­зық­тыр­ған Л.Жақыпқызы айт­қандай, «Қош­қар мен теке» мультфильмі қазақтілді кон­тенттерге серпіліс әкелгендей болды. Бұл туын­дыны көре отырып, бала ұлттық дү­ние­танымды, ұлттық құндылықтарға негізделген әзіл-қал­жыңды сезіне білді. Сол арқылы қа­зақ салтының, қазақ болмысының жарқын бей­­­­несін түсінеді десек, қателеспейміз. YouTube желісінде белсенділік танытқан ка­налдардың қатарында «Торғай-тв» арнасы бар. Ондағы «Мысық әні», «Ең жылдам кім?», «Қар­лығаш әні», «Бақа, бақа, балпақ», «Алма кет­ті домалап», «Аңдардың дауысы» секілді ани­мациялық шығармалар 7-10 миллион қа­ралым жинағанын айта кетуіміз керек. Сөз­­дердің тазалығы, оқиғаның жылдам ауысуы, қызылды-жасыл түстердің көптігі осы туындылардың жоғары деңгейде қажет болуы­­­на септігін тигізді. Егер де «Торғай-тв» арнасына мемлекет тарапынан қаржылай көмек көптеп берілсе, бәлкім бұдан да сапалы туындылар шығып қалуы мүмкін. Salem tai-tai, «Қошақан» арналары да сапалы әндер мен контенттер жасауда. Әжелер айтатын бесік жыры бүгінде архаизмге айналды. Сәбиді бесікке бөлеп, әуезді, әдемі даусымен бесік жырын айтатын ақ жаулықты апаларымызды сирек көреміз. Қазақтықты сақтаған шалғай ауыл­дарда болмаса, бүгінгі заманда бесік жыры әнін айту мәселесі дұрыс жолға қойылмаған. Яғни, әдістемесі жоқ. Жаңа түскен келіндерге арнайы сабақ өткізіліп тұрса да, артық етпейді. Себебі ананың шынайы, мейірім тұн­ған даусы сәбидің жан-жүрегін жібітіп, өзін әлдилеген анаға жақын бола түсетіні шын­дық. Қазіргі қатігез аналардың кесірі­нен тасжүрек, таскерең ұрпақтың өсіп келе жатқаны сондықтан. Шынтуайтына келгенде, ана мен баланың рухани байланысы әлди жырын айтудан бастау алады. YouTube-та Жазира Байырбекова, Мей­рам­бек Бесбаев, Қарақат Әбілдина, Мөлдір Әуел­бекова, Нұрлан Әлімжанов қа­тарлы таны­мал әншілердің «Бесік жыр­лары» самсап тұр. Әлбетте, бұл әндер – көпшіліктің көңі­лінен шыққан, ұлттық дәстүрге негіздел­ген әсерлі әуездер. Мұндағы домбыра үні – ұлт­тық кодымызды оятып, бойымыздағы ұлт­­тық қасиеттердің дамуына ықпал етері сөзсіз. Бала танымына лайықталған қазақтілді контенттерді талқылау мәселесі – мемлекеттік деңгейде көтерілуі тиіс. Яғни, отан­­­дастарымыздың мемлекеттік тілді игеруі, оны өмірде қолдануының жаңа тетік­тері қарастырылу керек. Сенат Төрағасы Мәу­лен Әшімбаев өз мәлімдемесінің бірінде: «30 жылдың ішінде елдің демографиялық бейіні, халықтың этникалық құрамы өзгеріп, жаңа тілдік орта қалыптасты. Қазақ тілін білетін халықтың үлесі 86 пайызға жетті. Бұл ретте қазақстандықтардың 92 пайызы орыс тілін біледі. Біз – жас ұлтпыз. Қазақстандық­тардың орташа жасы шамамен 32-ні құрайды. Сонымен қатар өмір сүру ұзақтығы да ұзарып келеді» деген болатын. Осыған сәйкес, тіл мерейін өсіру және оны жан-жақты қолдау шаралары тәуелсіздік ұстанымдарымен тығыз байланысты болғаны жөн. Түйіндей келе, YouTube желісі – бала­лар­дың ең көп қарайтын әлеуметтік платформаларының бірі. Ендігі уақытта те­ле­дидардағы арналар емес, YouTube-тағы бағ­дарламалар өзекті болады. Тіпті, қазірдің өзін­де теледидар каналдарын қарайтын жас­тар немесе балалар тым сирек. Сол себепті бұл ақпараттық алаңды ана тілінде қолдану шараларын қайта қарастырғанымыз дұрыс.

Біржан АХМЕР