Майнинг деген майшелпек...
Майнинг деген майшелпек...
Соңғы кезде майнинг мәселесі жиі көтеріліп, жиі талқыланып жүр. Әсіресе, электр энергиясы тапшылығы туралы айтыла қалса, майнинг туралы да қоса айтылатын болған. Әйткенмен, аты да, заты да беймәлімдеу бұл саланы көпшілік түсіне бермейді.
Майнинг деген не, майнер деген кім?
Ең алдымен майнинг деген қандай сала, майнерлер немен айналысады, неліктен энергия тапшылығына себеп болуы мүмкін деген мәселелерге тоқталып өтейік.
Ол үшін әуелі криптовалюта деген ұғымды білу керек. Мәселен, әр елдің төл валютасы болады. Сол сияқты интернет әлемінің де өз валютасы бар. Ал бұл электронды ақшаны компьютер өзі өндіреді.
Нақты айтсақ, серверлерге тіркелген қондырғылар қиын есептерді, алгоритмдерді шешеді. Әр есеп, алгоритм шешілген сайын, электронды әмиянға бонус түсіп отырады. Бұл бонус – электронды ақша, яғни криптовалюта. Қазір оның 1000-нан астам түрі бар, соның ішінде ең танымалы әрі құндысы – биткоин. 2009 жылы Сатоши Накамото биткоин желісін іске қосып, алғашқы 50 биткоинды айналымға енгізген, содан бері 13 жыл өтті, уақытпен жарыса биткоин бағасы да еселенді. Қазір 1 биткоин шамамен 17 миллион теңгедей болады. Биткоиннің кәдімгі ақшадан басты айырмашылығы сол – оның бірыңғай ақша жасаушы орталығы жоқ. Сонымен қатар биткоин саны шектеулі болады, электронды ақшаның құны еселенуіне бірден-бір себеп – сол.
Ал осы биткоинды өндіруді майнинг деп атайды. Майнинг сөзі пайдалы қазба өндіру деген мағына береді. Криптовалюта өндіретін құрылғылардың түр-түрі болады. Ал бізде олардың саны 10 мыңнан асады екен. Бағасы да қуатына қарай әртүрлі: 500 мың теңгеден басталып, ары қарай кете береді. Оған құрылғы неғұрлым қымбат болса, соғұрлым көп пайда әкелетіні себеп. Бұған қоса, техниканың тілін түсінбесең, табыс табу оңай болмайды.
Дегенмен біздің ел – майнинг бойынша әлем көшбасшыларының қатарында. Елімізде соңғы 5 жылда бұл сала күрт дамыды. Қазір әлемдегі криптовалютаның шамамен 18 пайызы біздің елде өндіріледі. Қазір бізде 50-ге жуық алып ферма бар. «Дегенмен олардың иесі кім, басқа елдің азаматтары ма?» деген сұрақтардың жауабын құзырлы органдар мен жауапты мекемелердің өзі білмейді.
Майнингтен көш басындамыз
Жаңа айтып өткеніміздей, былтыр биткоиннің жиынтық хэшрейіндегі Қазақстанның үлесі 18,1 пайызға жетіп, еліміз биткоин майнингі бойынша әлемдік рейтингте АҚШ-тан кейінгі 2-орынға шыққан. Бұған сол кезге дейін биткоин өндірісі бойынша көш бастап келген Қытайда салаға тыйым салынғаны себеп болды: аспанасты елінің «кеншілері» жапа-тармағай біздің елден «пайдалы қазба» іздеуге көшті.
Қош делік, табысы мол сала, дегенмен Энергетика министрі еліміздегі электр энергиясының тапшылығына майнинг себеп болып отырғанын айтқан еді. Сөйтіп, Президенттің тапсырмасы бойынша, майнерлердің қызметіне байланысты техникалық шарттар қайта қаралатынын мәлімдеген. Бұл жердегі басты міндет – майнерлер қолданатын энергия көлемін анықтау.
Ал елдегі майнинг фермалары энергия тұтыну жағынан Алматы қаласының жартысынан асып түседі екен. Жақында бір мезетте Қазақстан, Қырғыз Республикасы және Өзбекстанда байқалған электр энергиясындағы ақаудың себебін көптеген сарапшы майнингпен байланыстырған еді. KEGOC компаниясы Қазақстанның бірқатар қаласында электр қуатының жаппай сөнуіне қатысты ресми сайтында мәлімдеме жасады.
– 2022 жылдың 25 қаңтарында сағат 11.59-да (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша) Орталық Азияның энергия жүйесінде (Өзбекстан, Қырғыз Республикасы) туындаған апаттық теңгерімсіздік салдарынан «Қазақстанның Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» электр энергиясы транзитіне 500 кВт қуат көлемінде күш түскен. Салдарынан «Қазақстанның Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» транзитінде апат болып, Қазақстанның оңтүстік аймағындағы электр тұтынушыларының басым бөлігі жарықсыз қалды. Шектеу көлемі – шамамен 1500 мегаватт», – делінген хабарламада.
Дегенмен елімізге майнинг фермаларының жаппай көшіп келуі отандық энергия саласының проблемаларын ашты, яғни майнингтен аса қатты зардап жоқ деген де пікір бар. Мәселен, Дүниежүзілік банк сарапшысы Чарльз Кормье Қазақстанның майнингтен қыруар табыс табуға мүмкіндігі барын айтқан екен.
Энергетика министрі Болат Ақшолақов биыл электр энергиясының бағасы былтырғы деңгейде сақталуы тиіс екенін айтты. Қазір энергиямен толық жабдықтау және ұлттық электр жүйесінің тұрақтылығын сақтау бағытында ауқымды жұмыс қолға алынды. Тиісті жоба 180 күн ішінде әзірленуге тиіс. Сондай-ақ жанар-жағармайды мамыр айына дейін экспорттауға қойылған уақытша шектеу мерзімі ұзартылады. Себебі мораторий алынып тасталғаннан кейін баға бірден шарықтап кетуі мүмкін. Энергетика министрлігі бұл жайттың алдын алмақ. Ал жанар-жағармай бағасын реттеу үшін алыпсатарларға тосқауыл қойылады. Енді сатып алушылар тек өндірушілермен тікелей жұмыс істейді.
Министр мәселенің түйткілі «сұр майнерлерде» жатқанын айтқан еді. Майнерлер сұр және ақ деп екіге бөлінеді. «Сұр майнерлер» жасырын жұмыс істейді, салық төлемейді, ал «ақ майнерлер» керісінше.
Көлеңкелі тұсы көп
Осылайша, «сұр майнерлерді» анықтау мен әшкерелеу бойынша жұмыстар басталды.
Ақпанның аяғында Ақмола облысында деструктив діни ағым өкіліне тиесілі заңсыз майнинг фермасы анықталды. Тінткен кезде жабдықтар, 20 дана шифрлау жүйесі және криптовалютаны генерациялау үшін қолданылатын бейнекарталар табылған.
Содан соң Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы облысы Жамбыл ауданында орналасқан ірі майнинг фермасын әшкереледі.
Заңсыз әрекет шетелдік инвесторлармен бірлесе отырып, бұрынғы мата зауыты болған «Қарғалы» АҚ аумағында жүзеге асырылғаны хабарланды.
Ұйымдастырушылар майнинг фермасы тұтынған электр қуатын тоқыма өндірісі атынан жеңілдетілген тариф бойынша төлеп келген. Тінту кезінде мамандар құны 1 миллиард теңгеден асатын криптовалюта өндіру үшін ірі шифрлау кешені бар 2 800-ден астам жабдық тәркіледі.
– Алдын ала бағалау бойынша мемлекетке 131 198 909 теңге мөлшерінде залал келтірілген. Сонымен қатар майнинг фермасын ұйымдастырушылар «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ мен Жамбыл ауданының ЭТА-нің қызметкерлеріне 50 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейінгі сомада пара беріп отырған, – деп жазылған хабарламада.
Ізін ала наурыздың басында Нұр-Сұлтанда да заңсыз майнинг фермасы анықталды. Қаржы мониторингі агенттігі мәліметінше, заңсыз майнинг фермасы қала аумағындағы өнеркәсіптік базалардың бірінен анықталған. Майнингке арналған 56 құрал-жабдық табылған. Тәркіленген криптовалюта
237 000 АҚШ доллары көлеміндегі қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Парламент депутаттарының мәліметінше, елімізде сауда-саттықтың кейбір түрлері, жылжымайтын мүлік саудасы осы валютамен жасала бастаған. Бұған Krisha.kz, Olx.kz сайттарындағы «мүлікті криптовалютаға сатамын» деген ескертпелерінен аңғаруға болады. Оған қоса, интернеттегі «Майнинг жасау тәсілдерін үйрету», «Цифрлы қаржы табу» іспетті түрлі онлайн семинар-тренингтердің көбейгенін де байқауға болады.
Бұл сөзді криптосарапшы Ғимран Әбдірахманов та растап отыр.
– Сатылым жүріп жатыр. Халқымыз өте белсенді. Олар кәдімгі депозиттерден шаршады. Олар басқа альтернативті инвестиция түріне қызығып жатыр. Халықаралық қаржы орталығы қазір жақсы ортаны құрып жатыр, – дейді ол.
Ал заңнамада биткоин төлем құралы болып белгіленбеген. Оны қолдану мен қолданбауға қатысты да сөз қозғалмаған. Қолданыстағы заңымызға сүйенетін болсақ, Қазақстанда криптовалютамен есеп айырысу құқықбұзушылық саналады.
Салық та еселенеді
Одан бөлек, майнерлерге салынатын салық көлемі ұлғайтылмақ. Себебі қазір 1 киловатт энергия үшін олар небәрі 1 теңге ғана салық төлейді, дегенмен бірнеше облыс тұтынатын электр энергияны жұмсап отыр.
– Майнингтің бір техникасы үш бөлмелі пәтерден 8 есе артық энергия тұтынады. Ең жоғары жүктеме тіркелген кезде энергия жүйесінде электр қуатының тапшылығы байқалып отыр. Қажеттіліктің өсуінің негізгі себебі – цифрлік майнинг субъектілерінің қызметі, – деп мәлімдеген Энергетика министрі.
Осыған байланысты Қаржы мониторингі агенттігі салық кеден түсімдері мен келісімшарттарды бүге-шігесіне дейін қарап шығу туралы тапсырма алды. Ал Үкімет қысқа мерзімде олардың жұмысын реттеуге міндетті. Бұл шаралардың нәтижесі 1 сәуірде белгілі болады.
2022 жылдан бастап цифрлық майнинг үшін төлемақы енгізілген болатын. Оның ставкасы 1 кВт – 1 теңге. Бірақ та оны көбейту мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр, деп мәлімдеген еді Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаева.
Сондай-ақ Президент энергетикалық қауіпсіздік мәселесін шұғыл шешуді жүктеді. Атом электр стансасы болмаса экономикамыз құрдымға кетеді. Бірақ жауапты адамдар бұл мәселеден басын алып қашады. Бізге таза атом энергиясы қажет деп кесіп айтты.
Қазір бізде бұл салаға тексеру, зерттеу жүргізіліп жатыр. Нәтижесі белгілі болғаннан кейін нақты шаралар қабылдануы керек. Майнингтің пайдасы орасан ба, жоқ, әлде шығыны мол ма, бұл мәселе де сол кезде анықталады деп сенеміз.