Бұл көш бұрынғы көштен өзгерек болмақ

Өткен ғасырдың соңында басталған урбанизация толқыны ел халқын ірі қалалар төңірегіне топтастыра түсті. Орталықтан шалғай кейбір өңірлерде тұрғындар саны күрт төмендеп, елді ме­кен­дер бір-біріне қосылуға мәжбүр бол­ған мысал көп кездеседі. Жергілікті тұр­ғын­дардың күн санап азая бастауы сол­түс­тік өңірдегі облыстар үшін ең күрделі мә­селеге айналып келеді. Осы бір түйткіл­дің түйінін тарқату үшін мемлекет 2015 жыл­дан бастап халқы тығыз орналасқан об­лыстардан азаматтарды ерікті түрде сол­түстікке қоныстандыруды ұйымдас­тыра бастады. Демографиясы шатқаяқ­тап, тұрғындар саны жыл сайын кеміп отыр­ған Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Пав­лодар, Шығыс Қазақстан облыстары.

Өткен жылғы есеп бойын­ша, жоғарыда аталған өңір­лерге осы уақытқа дейін бар­лығы 26 мыңға жуық адам кө­шіп келген. 2017 жылдан бері ке­ле жатқан мемлекеттік бағ­дар­ла­маның бұл нәтижесі мақтауға тұ­рарлық деңгейде еместігін атап өтуге тиіспіз. Мемлекет бо­ла­шағы үшін аса маңызды ішкі кө­ші-қонның осы түрін Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаев та тұрақ­ты түрде бақылауға алып ке­леді. Бұл үрдісті жеделдете тү­су мақсатында Мемлекет бас­шы­сы көшіп келгендерге төленетін бірреттік жәрдемақыны 2 есеге дейін өсіру жөнінде 2020 жылы Үкіметке тапсырма берді. Қазір қоныс аударушы әрбір азаматқа төленетін бірреттік жәрдемақы 70 АЕК-ке (214 410 теңге) тең. Со­ны­мен қатар көшіп келген тұр­ғындардың үй жалдап тұру шы­ғындарына бір жыл бойы 15-тен 30 АЕК мөлшерінде қар­жы төленеді. Мемлекет тара­пы­нан бөлінетін қаржылық көмек аза­маттардың бұл өңірге жаппай көшіп келуіне негізгі себеп бол­ма­ғанымен, белгілі мөлшерде ын­таландырушы тетік екені рас. Үкі­мет солтүстік өңірлерге қо­ныс аударушыларды баспанамен қамту бағдарламаларын да қарас­тырып отыр. Жергілікті әкімшілік әрбір көшіп келген аза­матқа жұмыс тауып берудің жол­дарын қарастырады.
Ішкі көші-қон – елдің еңбек нарығын реттеп, жұмыссыз азаматтардың қатарын азайту мақсатында алдағы уақытта да күн тәртібінен түспек емес. Ең­бек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігінің жоспары бойын­ша, 2021-2025 жылдар ара­лы­ғында 10 мыңнан астам жұ­мыс күшін солтүстік өңірге ба­ғыт­тауды мақсат етіп отыр. Жауап­ты ведомство есебі бойын­ша, бұл – еліміздегі жұмыссыздық көрсеткішін 4,9 пайызға дейін азайтады.
Жалпы, ішкі көші-қон – ел­дің еңбек нарығы мен мемлекеттің географиялық ау­­­қымын тиімді әрі тұрақты да­мы­туда шешуші рөл атқаратын маңыз­ды мәселе. Көршілер ара­сын­дағы соңғы оқиғаларға қа­рай отырып, солтүстіктің демог­ра­фиялық мәселесі күн өткен сайын өзекті тақырыпқа айна­ла­рын сезіп отырмыз. Сондық­тан да ішкі көш-қондағы түйт­кіл­ді мәселелер ақпарат құрал­дары бетінде үздіксіз талқыла­на­тын тақырыптар қатарында бо­лары заңды.
Жалпылама алып қара­ған­да, солтүстікке көш жөнінде БАҚ бетінде әртүрлі алып­қашпа ақпарат көп. Келген адам­дардың кері қайтып кет­ке­ні, жұмыс таппағаны жайлы ай­тылып жүр. Сонымен қатар бұл жаққа келіп, кәсіп ашып не­месе өз саласы бойынша жұмыс тап­қан адамдар мыңдап сана­лады. Біз көшіп келушілердің нақты жағдайынан хабар алу мақ­сатында Солтүстік Қазақстан об­лысы Шал ақын ауданына кө­шіп келген Бурахан Дақанов де­ген азаматқа хабарластық. Ол – осы өңірді қазаққа толтырсақ деп аттандап жүрген қоғам бел­сен­дісі. Көшіп келушілерге қан­дай жағдай, қандай бағдарлама қажеттігі жөнінде тұрақты түрде пі­кірін айтып келеді. Оның ойын­­­ша, бұл көшті қарқынды жүр­­гізу үшін жеке құзыреттілігі бар арнайы орталық қажет.

Бурахан Дақанов,
СҚО-ға қоныс аударушы, қоғам белсендісі:

Ұлттық деңгейдегі ауқымды бағдарлама қажет

– Солтүстік өңірге көшуге бай­­ла­ныс­ты үгіп-насихат жұ­мыс­тары баяу жүріп жа­тыр. Мә­­­­селен, солтүстікке көш жө­нін­дегі «Еңбек» бағдарламасын әлі күнге дейін естімеген адамдар бар. Ал сосын кө­ші-қон төңіре­гін­дегі көлеңкелі оқиғалар жиі айтылады да күң­гей беті дұрыс кө­р­сетілмей қалады. Мұндай оқи­ғалар көштің баяу қозға­луы­на себепші болады.
Бұл жаққа келушілер қа­лай­да ұлт жанашыры болу­ға міндетті емес. Әркім өз с­а­ласы бойынша еңбек етіп, өсе­мін, өнемін деп келсе жеткілікті. Сол­түстік облыстарда адам саны аз. Бірақ жері – өте құнарлы. Мін­дет­ті түрде мемлекет берген қар­жыға алақан жая бермей, мал өсіріп, егіншілікпен айналысып, бай-қуатты боламын деген адам­дарға мүмкіндік мол. Егер осы өңірге қандай да бір мал шаруа­шы­лығымен айналысатын кәсіп­кер келетін болса, ол осы өңірде бә­секелестікті арттырады. Бәсеке бол­ған жерде еңбектің құны ар­тады.
Ал мұнда қоныс аударғысы ке­летін адам мемлекет беретін қар­жылық көмекке бола көшіп кел­се, ол – дұрыс емес. Бұл жаққа көш­­кен адам мүмкіндігінше ал­дына қойған өмірлік ірі мақсаты бар адамдар болса, тіпті дұрыс бо­лар еді. Егер кәсіптің көзін біле­тін адам болса ол мемлекет беретін қаржыға да қарамас еді. Жал­­пы, мемлекеттің солтүстік өңір­лерге көшті бастауы бұл бір қатардағы шаруа емес, бұл – ерек­ше маңызы бар тарихи оқи­ға. Бұл істің астарында ұлттық қауіп­­сіздікке қатысты, эко­но­ми­каға қа­тысты, әлеуметтік мәсе­ле­ге қатысты көптеген өзекті та­қырып жа­тыр. Сондықтан да кө­ші-қонға байланысты бағ­дар­ла­ма толық­қанды, кешенді үлгі­де болу керек. Біз бұл салаға ар­нал­ған жұ­мысты 5 жыл немесе 3 жылда түбегейлі орындай ал­май­мыз. Сол­­­­түстікке арналған көш­тің бағдарламасы ұлттық дең­гей­дегі ауқымды бағдарлама болуы қажет. Дәл қазіргі оқи­ға­ларға қарап бұл көштің маңызын халықтың бәрі түсінеді деп ой­лаймын. Егер бұл көш арқылы нәтижеге жетеміз десек, әртүрлі ми­нистр­ліктердегі құзы­рет­тік­терді белгілі бір іргелі ұйымның аясына шоғырландырған абзал. Ондай ұйым тікелей Прези­дент­ке немесе Үкімет басшысына қарас­ты болуы қажет. Сол кезде ол ұйымның құзыреті де, жауап­кершілгі де артады. Мұндай жағ­дайда көші-қон төңірегінде жүр­ген ұсақ-түйек кем-кетіктің кө­бісі жойылар еді. Со­сын әрі қа­рай жұмыс та ауқымды түрде іс­ке аса бастайды.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button