Бұл көш бұрынғы көштен өзгерек болмақ
Бұл көш бұрынғы көштен өзгерек болмақ
Өткен ғасырдың соңында басталған урбанизация толқыны ел халқын ірі қалалар төңірегіне топтастыра түсті. Орталықтан шалғай кейбір өңірлерде тұрғындар саны күрт төмендеп, елді мекендер бір-біріне қосылуға мәжбүр болған мысал көп кездеседі. Жергілікті тұрғындардың күн санап азая бастауы солтүстік өңірдегі облыстар үшін ең күрделі мәселеге айналып келеді. Осы бір түйткілдің түйінін тарқату үшін мемлекет 2015 жылдан бастап халқы тығыз орналасқан облыстардан азаматтарды ерікті түрде солтүстікке қоныстандыруды ұйымдастыра бастады. Демографиясы шатқаяқтап, тұрғындар саны жыл сайын кеміп отырған Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары.
Өткен жылғы есеп бойынша, жоғарыда аталған өңірлерге осы уақытқа дейін барлығы 26 мыңға жуық адам көшіп келген. 2017 жылдан бері келе жатқан мемлекеттік бағдарламаның бұл нәтижесі мақтауға тұрарлық деңгейде еместігін атап өтуге тиіспіз. Мемлекет болашағы үшін аса маңызды ішкі көші-қонның осы түрін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та тұрақты түрде бақылауға алып келеді. Бұл үрдісті жеделдете түсу мақсатында Мемлекет басшысы көшіп келгендерге төленетін бірреттік жәрдемақыны 2 есеге дейін өсіру жөнінде 2020 жылы Үкіметке тапсырма берді. Қазір қоныс аударушы әрбір азаматқа төленетін бірреттік жәрдемақы 70 АЕК-ке (214 410 теңге) тең. Сонымен қатар көшіп келген тұрғындардың үй жалдап тұру шығындарына бір жыл бойы 15-тен 30 АЕК мөлшерінде қаржы төленеді. Мемлекет тарапынан бөлінетін қаржылық көмек азаматтардың бұл өңірге жаппай көшіп келуіне негізгі себеп болмағанымен, белгілі мөлшерде ынталандырушы тетік екені рас. Үкімет солтүстік өңірлерге қоныс аударушыларды баспанамен қамту бағдарламаларын да қарастырып отыр. Жергілікті әкімшілік әрбір көшіп келген азаматқа жұмыс тауып берудің жолдарын қарастырады.
Ішкі көші-қон – елдің еңбек нарығын реттеп, жұмыссыз азаматтардың қатарын азайту мақсатында алдағы уақытта да күн тәртібінен түспек емес. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жоспары бойынша, 2021-2025 жылдар аралығында 10 мыңнан астам жұмыс күшін солтүстік өңірге бағыттауды мақсат етіп отыр. Жауапты ведомство есебі бойынша, бұл – еліміздегі жұмыссыздық көрсеткішін 4,9 пайызға дейін азайтады.
Жалпы, ішкі көші-қон – елдің еңбек нарығы мен мемлекеттің географиялық ауқымын тиімді әрі тұрақты дамытуда шешуші рөл атқаратын маңызды мәселе. Көршілер арасындағы соңғы оқиғаларға қарай отырып, солтүстіктің демографиялық мәселесі күн өткен сайын өзекті тақырыпқа айналарын сезіп отырмыз. Сондықтан да ішкі көш-қондағы түйткілді мәселелер ақпарат құралдары бетінде үздіксіз талқыланатын тақырыптар қатарында болары заңды.
Жалпылама алып қарағанда, солтүстікке көш жөнінде БАҚ бетінде әртүрлі алыпқашпа ақпарат көп. Келген адамдардың кері қайтып кеткені, жұмыс таппағаны жайлы айтылып жүр. Сонымен қатар бұл жаққа келіп, кәсіп ашып немесе өз саласы бойынша жұмыс тапқан адамдар мыңдап саналады. Біз көшіп келушілердің нақты жағдайынан хабар алу мақсатында Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданына көшіп келген Бурахан Дақанов деген азаматқа хабарластық. Ол – осы өңірді қазаққа толтырсақ деп аттандап жүрген қоғам белсендісі. Көшіп келушілерге қандай жағдай, қандай бағдарлама қажеттігі жөнінде тұрақты түрде пікірін айтып келеді. Оның ойынша, бұл көшті қарқынды жүргізу үшін жеке құзыреттілігі бар арнайы орталық қажет.