Қазақ жырының қасиетті тұлғасы

Қазақ жырының қасиетті тұлғасы

Қазақ жырының қасиетті тұлғасы
ашық дереккөзі
Жалған дүниеде 30 жыл бес айдай ғана өмір сүрген бөлекше талантты ақын ұлттық поэзия майданында 10 жылдай атой са­лып, әдебиет пен өнердің еңсесінен кеңестік сая­сат төніп тұрған уақытта да ештеңеден қай­мықпай адамның жан сезімі мен ма­хаб­ба­тын жырлап, адалдық пен адамгершілікті өне­ге етіп, мәрттік пен тектілікті әспеттеп, со­ның бәрін зергерлікпен өлеңге түсірді. Әр халықтың ұлттық болмысы – оның өнері­нің түпнегізі, сүйенер ұстыны. Со­ны терең сезіне білгендер ғана нағыз ұл­ты­на тән ерекшеліктің сырын ашып, оны өнер құ­діретімен аялап, әспеттейтін туындыларды дү­ниеге әкеледі. Төлеген Айбергеновтің өз хал­қына жақындығы мен сүйкімді болуының сыры – осы. Ол мәдени экологиясы бүлінбеген, та­за қазақи ортадан тәрбие алған, тәрбие-өне­гесін бойына керемет сіңіре білген және соны өз шығармашылығында керемет жарқыратып көрсете алған тұлға болды. Өнерді таза ұлттық негізде ғана дамыта отырып та үлкен жетіс­тік­ке жетуге болатынын көрсетті. Төлегенді біз­дің жүрегіміздің жақын тартып тұраты­ны­ның бір сыры – осы. Төлеген Айбергенов қазақ поэ­зия­сы­на келген өткен ғасырдың 60-жыл­дары біздің әдебиетімізде қазақ көр­кемсөзінің ренесансы деп бағаланады. Әде­биетіміздің барлық жанрында дәл осы ке­зеңде сұмдық өрлеу болды. Мықты сын­шылар да, кемеңгер жазушылар да, аса та­­­лантты ақындар да дәл сол шақтағыдай көп болған жоқ ешқашан! Әсіресе, поэ­зия­да! Әрқайсысы өлеңде өз соқпағын салған та­лантты тұлғалар – Жұмекен Нәжі­ме­де­нов, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Мол­да­ға­лиев, Мұқағали Мақатаев, Сағи Жиен­баев, Өмірзақ Қожамұратов, Жүсіп Қы­ды­ров секілді ақындары бар еді қазақтың. Олар­дың бәрі талантты болуымен бірге бі­лімді, ізденгіш өнер иелері болды. Осын­ша бәсекесі көп әдебиетке тосыннан келіп атой салуға кімнің де болса жүрегі дауа­ла­мас еді. Ал Төлегеннің қолынан келді. Қа­лай? Себебі ол шартты түрде алғанда, ата­жұрттан тысқарыда 20 жылдан аса өмір сүрді. Бірақ ол өскен жер ұлы ғалым әл-Берунидің кіндік қаны тамған мекен болады. Ұлы математик әл-Хорезми мен ме­дицинаның ұлы ұстазы Әбу Әли Ибн Сина да сол өлкеге жақын маңда туған. Де­мек, ол өлке мыңжылдық мәдениеттер то­ғысынан нәр алған, ғасырлар бойы қа­зақ, қарақалпақ, өзбек, түрікмен, тәжік ха­лықтарының қоян-қолтық өмір сүріп, бір-бірінен алғаны да, бергені деп көп өлке еді. Ол өлке халқы жаңағы әлемдік дең­гей­дегі ұлы тұлғалардың бәрін білетін. Ал білу деген адамның көкірегіне жел беріп, шабытына қанат байлайтын қасиет екені талас­сыз. Төлеген – туған жерінің қандай­лық керемет, қандайлық өзгеше екенін бі­ліп өскен перзенттің бірі. Ал ондай адам­дардың жүрегінде мәрттіктен басқа қа­сиетке орын жоқ! Адам өзінің туған өлкесі жайында қан­шама көп білетін болса, оның сол жер­ге құрметі де сонша артып, махаббаты те­рең болары хақ. Ол өзіңнің қандай жер­де туғаныңды біліп, соның аяулы шуағын кө­кірегіңе құйып алсаң, ол көкіректе елге, жерге, адамдарға деген махаббаттан өзге қасиетке орын бола ма?! Төлегеннің тағы бір құпиясы – осында. Төлеген туған ғасыр – ғасырлар бойы кең-байтақ далада санасы азат, ойы таза өмір сүрген көшпелі мәде­ниет­тің анық мұрагері – қазақ халқының отырықшылыққа біржола ауысып, өмір сүру салтын өзгерту арқылы бабалардан қал­ған ізгі әдеттер мен мінезді ұмыта бас­та­ған кезеңі. Сондықтан ақынның «Сағын­дым, жаным, мен сені» деп басталатын «Са­ғыныш» атты шедевр дүниесі хал­қы­ның көкірегіне нұр болып құйылып, тех­ногендік үдеріс қауырт өрлеген ала­са­пыран заманда адамдардың жүрегін жы­лытты, адамдық нәзік сезімдеріне сәуле ша­шып тірілтті. Ол тіпті сол кездегі за­ман­ның бет-бейнесін жасаған өндіріс тақы­ры­бының өзіне жан беріп, оны нәзік ли­ри­камен толғады. Содан болар Ай­бер­геновтің «Маңғыстау мұнаралары» топ­та­масы әлі күнге махаббат сырларындай оқы­лады. Қараңызшы: «Қалайша, мен жа­ным-ау, тұра аламын, жүрегімнің сың­сытпай шынар әнін. Табанымның астында қара дария, тас төбемде тайгасы мұнара­ның». Мұнайлы өлке, оның қаталдау бейнесін бұдан артық қалайша мөлдіреген өлеңге айналдыруға болады? Бұл кез кел­ген құбылысты жүрегінің мөлдір бас­тауына жуып алатын көкірегі кіршіксіз пен­денің болмысы емес пе? Оның әр топтамасы бөлек кітап іс­петтес! «Туған жер» топтамасына кіретін өлеңдерден ақынның кіндік қаны тамған өлкеге деген шексіз махаббатын се­зінсек, «Арал жырларынан» ұлы теңіздің бол­мысын терең философияның мәнін ұға­мыз, «Сағыныш толқындарынан» адам­дықтың басты қасиетін танысақ, «Түр­кі­стан дәптерінен» жеріміздегі тарихи өл­ке­нің өткені мен бүгіні астасқан ұлы са­бақтастықты түсінеміз, «Қарақалпақ жыр­ларынан» туысқан елдің жері мен адам­дарының болмысынан хабардар бол­сақ, «Маңғыстау мұнараларынан» қазақ да­ласының, сол далада тірлік кешіп жат­қан елдің жасампаз биік рухын танып біле­міз. Бұлардың бәрі көлемі шағын бол­ғанымен, тұтас кітаптың жүгін арқалап тұр­ған бір шоғыр жырлар. Қазақ ұстаның ең шеберін зергер дей­ді. Ол – өте ұсақ асыл бұйым­дар­ға өрнек са­­ла­тын адам. Себебі шексіз кеңістікте екі­­нің бірі өз ойын барынша еркін іске асыра алса, шектеулі дүниеде өнер тудыру қиын, кейбіреу өмір бақи онда түк те істей ал­майды. Бірақ зергерлердегі асқан шы­дам­дылықпен жүзеге асатын дәлдік және соның бәрін үлкен шабытпен орындаудың құдіреті мүмкін еместің өзін мүмкін қы­ла­ды. Міне, осы қасиет Төлегеннің өлең ту­дыруы­нда бар. «Саз аңсап жүрген терең­нен, сазан көз мөлдір көз ем мен. Дәл қазір бүкіл денеммен, теңізді сезіп келем мен». Төлегеннің осы өлеңін мысалға ала оты­рып, белгілі әдебиетші ғалым Бақыт Кәрі­баева «Төлегеннің өлеңдерін оқып оты­рып, қазақ тілінің ғажайып ора­лым­дылығына таңғаласың, не деген иіл­гіш, жұмсақ тіл» деп тебіренеді. Апайымыздың ай­тып отырғаны ақынның зергерлігі. Не­месе «Сан кепті менің жаңбырым, көзінде ла­ла күлдердің» деген екі жол өлеңін алып қарайықшы, осындағы бұрын ешкім жыр­мен салмаған суретті былай қойғанда, алапат сағыныш пен аласұрған махаббат өр­тін астарлаған және соның бәрін екі-ақ жол­ға сыйдыра білген шеберлікті зергер­лік демей не деуге болады?! Ондай құбы­лыс­ты Төлегеннің кез келген өлеңінен табу­ға болады. Төлегеннің жырдағы өмірі құр­мет­теу мен бағалаудың көрінісі, ең ал­­­дымен өзін емес, өзгелерді! Ол қазақ дала­сының қай түкпіріне барса да соны құ­­былыс, ерекше жаңалық, бөлекше қасиет сезіп, жырға айналдырады. Түркістанға барып: Көз алдым менің қаһарлы Ескерткіш өскен алаңдар, Жырлайды мынау шаһарды Шыңылдап лирик бағандар, – деп көне мен жаңаның үйлесімін суреттесе, Аралға барып: Оған жат қайғы-қасірет, Айтары ерлік өсиет. Теңіздің теңіз екенін Тану да үлкен қасиет! – деп фило­со­фия тауып қайтады. Ал қарақалпақ жерінде, Үстірттің ой­пат­пен шектесетін жеріндегі қалың қазақ өмір сүретін Бөршітаудың жанындағы Қара­терең көлін көргенде: Аспанынан дария құлап, қар құлап, Қара семсер жал-құйрығы жалбырап, Баурайынан бара жатқан сияқты, Зымырап бір қара берен арғымақ, – деп сөзбен сурет салады. Енді бірде: Төсінде Абай өткен кіл самғаумен, Армысың, менің жұпар жусан кеудем. Көк Ертіс көкірегімде буырқанған, Қос жаға қоңырау қаққан мың сан баумен, Мен сенде келдім қайта тусам деумен, – деп Семей туралы тебіренсе, тағы бірде Маң­ғыстауға сапарлағанда заманмен бірге өзгеріп жатқан мұнайшылар даласына көз салып: Кезім менің! Жатырсың жырақты ашып, Қызыл гүлді барады қыр ап қашып. Жиырмасыншы ғасыр жүр Маңғыстауда, Мұнаралар басына шырақ тасып, – деп дәуір тудырған құбылыстарды ғажайып сезім­мен толғайды. Мұның бәрі заманның ты­ныс-демімен, адамның тек жақсылық іздей­тін, таба білетін және соны өлеңмен өрнек­тей алған ғазиз жүректің жан сыры. Жалпы, поэзия туралы жазғандар қазақ жырындағы Төлеген Ай­бер­геновтің ақындық ерекшелігі, ұлттық өлең­дегі төлегендік болмыс жайында көп­теген пікір қалдырды. Ең қызығы, Төлеген Айбергенов дүниеден өтер-өтпестен оның әдебиетіміздегі орны жайлы көптеген ма­қа­ла жазылды, ақындар анау өлеңдер жа­зып, жыр жампозының қысқа ғұмыры тура­лы реквиемдер оқып жатты. Мұның бәрі қазақ халқының, оның ішінде әдеби ортаның өз талантының қыршын тағ­дыры­на бейжай қарай алмайтынының көрі­нісі болса керек. Ең алғаш Төлеген туралы «Көктемнің жазға ұласар жайсаң шағы» деген эссе жазған Әбіш Кекілбайдың бағасы Ай­­бергеновтің әдебиеттегі биік мәртебесін та­нытты. «Мұндай жүйрік көп, жүлде аз жыр бәйгесінде өзіңнің өнерпаздық құ­ның­ды, суреткерлік қасиетіңді, азаматтық абыройыңды сақтап қалу үшін шынайы талантпен қоса дамылсыз ізденіс те керек. Ізде­ністің де із шиырлай беретін әншейін әуре-сарсаңы бар да, көкіректегі дарын мен көңілдегі ой-сезімді фонтан суындай көк­ке бір-ақ шаншытып, өнерпаз ман­дайын айдай жарқырататын абыройлысы бар. Төлеген Айбергеновке сол абыройлы із­деніс тап болыпты. Әдетте қалайда көш соңында сал­пақ­тап жүруді қаламай, өз шабы­сын көрсеткісі келген талабы биік жас сурет­кер, болмаса көштің басында кім ке­тіп бара жатса, соның соңынан салып қоя беретін соқыр шабысқа түседі, не тың сүр­леуге бұрылып, өзінше омбылайды. Бұл жолдың алдыңғысы бір адамның көңі­лін я бірлеп, я бірлемейтін, бір­ақ әдебиет үшін еш пайдасы тимейтін әуе­гейлілік те, соңғысы нағыз өнер жолы, өнер­паз жолы. Оның өзі де екіұдай. Жал­пы, өнер атаулыда екіұдай емес жол бар дейсің бе? Күн сайын көпірден тірілей өтіп отыратын өнерпаз өмірінің қиын бо­ла­тыны – сондықтан. Біреулер, әйтеуір өз­гелерге ұқсамауымды мұрат қылады, ен­ді біреулер басқаларға ұқсамаудың сы­рын өз бойынан, өз талантының сипа­ты­нан табады. Төлегеннің өз бетін табуы, Бо­рис Пастернактың Шопен творчествосы туралы айтқан: «насквозь оригинально не из несходства с соперниками, а из схо­дства с натурой, с которой он писал» деген пі­кірі еске оралды. Төлегеннің де ақындық беті өзінен бұрынғыларға ұқсамауға тыры­судан ғана емес, өзі жазып отырған өмір құбылысына барынша ұқсау тала­бы­нан туған тәрізді. Сөз жоқ, Төлеген жырлары – қуаныш жырлары. Бірақ бұл гүлге елтіген, көбелек қуған серуеншінің қуанышы емес, қиынды көрген, қайғы мен қасіреттің де ащы дәмін татып байқаған азамат адам­ның жүзеге асқан мақсаты мен орындалған арманының қуанышы. Сондықтан мұндай қуаныштың бояу әлемі, әуен әлемі бір ғана гаммадан тұрмайды. Онда сонау көкірек айырар күрсіністен бастап барша сезім тү­легі бар, түгел көрінеді. Осындай сезім бай­лығы оған өмір байлығын танытады» деп Төлегеннің ақындық тағдырын тап басқан Әбіш Кекілбайдың сөзі бұдан кейін ақын шығармашылығын зерттеп-зер­делеушілерге темірқазық болғандай. Әдетте ақын шығармашылығын зерттеушілер оның поэзиясының басты ерекшелігін тауып алып, бәрін соған байланыстырып талдайды. Бірақ Айбер­геновке келгенде олай ету мүмкін емес сияқты. Мәселен, «Қазіргі қазақ поэзия­сының поэтикасы» деген еңбегінде әде­биет­ші ғалым, профессор Бақыт Кәрібаева бұл жайын­да былай дейді: «Өндіріс, жұмыс­шы тақырыбы белгілі бір мөлшерде поэзияға, шабытқа көп көне бермейтін құбылыс қой. Төлеген соны жыр тілімен көр­кем лириканың жібек торымен-ақ тұзақ­тайды. Мұны сөз ойнату емес, ақын поэтикалық арсеналының кеңдігі деп бағалаған жөн. Төлеген творчествосы – поэ­тикалық тілге бай, тым құнарлы поэ­зия. Қуатты поэзия. Себебі сонша көкжиегі кең, кеңістігі шексіз көрінгенімен, жүйелілік бар. Өнер құпиясының тереңіне бойлатады. Тіл тылсымын анық сездіреді. Сондықтан оның өлеңдерін бір аспектте қарастыру мүмкін емес. Мөлдір жыр кең ауқымды эстетикалық талдауға сұранады. ...Қазіргі қазақ поэзиясында сыршыл өлеңдер аз емес. Төлеген де – аса сыршыл ақын. Өз сыры өлең сырындай, өлең сыры өз сыр-сипатына айналып кететіндей еді. Ол екеуі бірінен-бірі өткен бай, қазыналы еді. Оның арқасы ұстағанда поэзия аспа­нын­да қызыл-жасылды жасын ойнатуы – сондықтан. Тек сезімге тізгін бере оты­рып, өнер-өлең, тіл иірімдерінің де сыр-си­қы­рын өзгеше сезімталдықпен меңгере­тіндей еді. Ендеше оның творчествосында сезім – негізгі фактор. Жалпы, поэзияға тән дидактикалық сарын Төлеген өлең­дерінен мүлде сезілмеуі содан болар. Ол өмір­дің прозалық жағымен беттеспей кетті. Өмірге ынтық, іңкәр жан өзінің құш­тар көңілін паш етумен болды. Сон­дық­тан оның жырларынан көктем, гүл иісі бұрқырайды. Алайда Төлегеннің сезім емес, суреткерлікке бой алдыратын өлең­дері де баршылық. ...Ақын жанының алауы мен өлең зері әдемі үйлесім табады. Сол баяндау тәсілі­нің өзінде образ бар. Қазіргі қазақ поэзия­сын­да сезім жетегінен арылып, сурет­кер­лікке бой алдырған алғашқы ақындардың бірі де Төлеген Айбергенов еді. Төлегеннің бұл жетістігі де бүгін дәстүрге айналып отыр». Егер әділдік үшін өнерпаз адамның сөзі мен өзі бірдей, ақын ретінде шы­ғармашылықта қандай таза болса, өмір­де пенде ретінде де сондай таза болуы керек дейтін болсақ, оған талай өнер адам­дарының болмысы жауап бере алмай, тығырыққа тірелер едік. Бірақ Төлеген секілді ақынның бір ғажабы өнері мен өмірін тең ұстап, жырда адалдықты қалай дәріптесе, өмір де өзін солай ұстаған сирек бекзат тұлғалардың бірі екенін оның ұстаз­дары да, тұстастары да талай айтып­ты. Төлегеннің досы, қазақтың бүгінгі ең танымал ақыны, аты әлемге белгілі Мұхтар Шахановтың мына бір сөзі жоғарыдағы біз­дің пікірімізді тиянақтап, бекітетін тәрізді. «Төлеген өз тұстастары Тұманбай, Қа­дыр, Жұмекен, Әбіштердің кей жыр­ларын жатқа соғар еді. Оның аспаны пен­деліктің ұсақ жаңдақ желінен мейлін­ше таза болатын. Әрдайым кісіден жақсы­лық іздеуге бейім тұратын. Тіпті, өзі дарын­сыз деп есептейтін ақындардың да бүкіл жинағын ерінбей-жалықпай сүзіп шығып, жылт еткен бір жолы болса да жатқа айтып отыратын. Ақынның есте тұту қабілеті таңғалар­лық-тын. Өзінің бүкіл өлеңдерін, тіпті анда-санда жазған мақалаларына дейін жатқа білетін. Ал дауыс пен оқу мақамы жайлы әңгіме қозғап керегі жоқ. Өз басым қазақтың қазіргі ақындарының ішінен өлеңді Төлегендей шеберлікпен оқи ала­тын ақынды әлі көре алмай келемін. Айбергенов сәулесі өз басынан артыл­майтын, қайырымы қаңтарулы жандарды ұнатпайтын. Өзі ылғи да қабілетті жастар­ды іздеп тауып, топ-тобымен ертіп жүрер еді. Оның жадағай жұпыны үйі салауатты ақынның мекенжайынан гөрі жатақханаға көбірек ұқсайтын. Кейбір қаламдастары Төлегеннің осы мінезін орынсыз даңға­за­лыққа теңеп, әжуалап та жүрді. Ол тұрмыстың алуан тауқыметін бас­тан кешірсе де мойымай, өле-өлгенше езуін­де күлкі үзілмей өтті. Оның ағалық ыстық ықыласы өзі­нен кейінгі інілеріне бір сәт те суы­ған емес. «Саналы іні бола алмаған – паналы аға да бола алмайды» дер еді,. «Сені іні тұту арқылы өзімді ағалыққа тәр­биелеп жүрмін» дер еді тағы да. Үнде­мей­тінмін. Бірақ ризалығымда шек бол­май­тын. Ол да бір дәурен екен-ау» деп еске алады аға-досын Мұхтар Шаханов. Міне, Төлеген Айбергенов жайлы бірі жазушы, бірі ғалым, бірі ақын – қазақтың үш тұлғасының сөзін беріп отыр­­мыз. Әрқайсысы ақын шығарма­шы­лы­ғын әр қырынан қарастырып, өз пікір­лерін айтқан. Бірін-бірі толықтырып тұр. Бұл – қазақ әдебиеттануында, әдеби орта­да Төлегеннің қандайлық қадірі бар ақын екенін танытса керек. Төлеген дегенде бүгін біздің есімізге оның қыршын кеткен талантты ақын екені мен өлеңдерінің өрісті де өмір­шеңдігінен басқа не түседі? Оның тірісінде пышақтың қырындай екі кітабы ғана («Арман сапары», 1963 ж. «Өмірге саяхат», 1965 ж.) жарық көргенін, өзі тасқа басы­лып шыққанын қатты қалаған – «Құмдағы мұнаралар» атты негізгі кітабы баспаның жоспарынан қиянатпен сызылып қалып, ақынға соққы болғанын, өзі қайтыс бол­ған соң бір жылдан кейін сол жыр жинағы шығып және алты жылдан сол кітабына комсомол сыйлығы берілгенін, ақынның бір томдығы он шақты рет қайта басылға­нын, оның атымен әдеби сыйлықтардың белгіленгенін, оған қазақтың 70-тен аса ақындарының өлең арнағанын, ол туралы көптеген мақала жазылғанын, өлеңдеріне талай композиторлар ән шығарғанын, ол туралы бір-екі деректі фильм түсірілгенін, оның шығармалары ғылыми жұмыстарға арқау болғанын, оқулықтарға кіргенін, шығармаларының бірнеше тілге аудары­лып басылғанын, атына көшелер мен мектептер берілгенін, мерейлі мерекелері­нің бәрі өз дәрежесінде аталып өтіп жатқанын және оның көбіне қарапайым ха­лықтың ықыласымен жасалып жатқа­нын айта аламыз. Бұл мәліметтердің ішін­де көңілді мұңайтатындары да, марқай­татындары да бар, әрине. Дегенмен бұған шүкір деуге болады. Қазақта қанша ақын бар, бір өлеңі елдің жадында жоқ! Тіпті, өз кезінде талантты деп саналған талай ақын іздеусіз қалып жатыр. Ал Төлеген – өлең­дері әлі күнге жиі оқылатын санаулы ақын­ның бірі. Өйткені ол халқын шексіз сүйген ақын. Ал халық ондай арда пер­зент­терін ұмытпайды. Құдай адам баласының бәрін тең жаратады. Тек оларға ниет пен пиғылды бермейді. Оны адам баласы жүре келе қалыптастырады. Сөйтіп, өмірдегі өз орнын белгілейді. Ал Төлегендей ақындар кіршіксіз жүрегімен, адал талантымен Жарат­қанның махаббатына бөленіп, қасиетті жанға айналады. Халық та қасиет қон­ған перзенттерін ерекше ардақтап, тө­бесіне көтереді.

Ахмет ӨМІРЗАҚ, ақын, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты