Қазақ жырының қасиетті тұлғасы
Қазақ жырының қасиетті тұлғасы
Жалған дүниеде 30 жыл бес айдай ғана өмір сүрген бөлекше талантты ақын ұлттық поэзия майданында 10 жылдай атой салып, әдебиет пен өнердің еңсесінен кеңестік саясат төніп тұрған уақытта да ештеңеден қаймықпай адамның жан сезімі мен махаббатын жырлап, адалдық пен адамгершілікті өнеге етіп, мәрттік пен тектілікті әспеттеп, соның бәрін зергерлікпен өлеңге түсірді.
Әр халықтың ұлттық болмысы – оның өнерінің түпнегізі, сүйенер ұстыны. Соны терең сезіне білгендер ғана нағыз ұлтына тән ерекшеліктің сырын ашып, оны өнер құдіретімен аялап, әспеттейтін туындыларды дүниеге әкеледі. Төлеген Айбергеновтің өз халқына жақындығы мен сүйкімді болуының сыры – осы. Ол мәдени экологиясы бүлінбеген, таза қазақи ортадан тәрбие алған, тәрбие-өнегесін бойына керемет сіңіре білген және соны өз шығармашылығында керемет жарқыратып көрсете алған тұлға болды. Өнерді таза ұлттық негізде ғана дамыта отырып та үлкен жетістікке жетуге болатынын көрсетті. Төлегенді біздің жүрегіміздің жақын тартып тұратынының бір сыры – осы. Төлеген Айбергенов қазақ поэзиясына келген өткен ғасырдың 60-жылдары біздің әдебиетімізде қазақ көркемсөзінің ренесансы деп бағаланады. Әдебиетіміздің барлық жанрында дәл осы кезеңде сұмдық өрлеу болды. Мықты сыншылар да, кемеңгер жазушылар да, аса талантты ақындар да дәл сол шақтағыдай көп болған жоқ ешқашан! Әсіресе, поэзияда! Әрқайсысы өлеңде өз соқпағын салған талантты тұлғалар – Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Мұқағали Мақатаев, Сағи Жиенбаев, Өмірзақ Қожамұратов, Жүсіп Қыдыров секілді ақындары бар еді қазақтың. Олардың бәрі талантты болуымен бірге білімді, ізденгіш өнер иелері болды. Осынша бәсекесі көп әдебиетке тосыннан келіп атой салуға кімнің де болса жүрегі дауаламас еді. Ал Төлегеннің қолынан келді. Қалай? Себебі ол шартты түрде алғанда, атажұрттан тысқарыда 20 жылдан аса өмір сүрді. Бірақ ол өскен жер ұлы ғалым әл-Берунидің кіндік қаны тамған мекен болады. Ұлы математик әл-Хорезми мен медицинаның ұлы ұстазы Әбу Әли Ибн Сина да сол өлкеге жақын маңда туған. Демек, ол өлке мыңжылдық мәдениеттер тоғысынан нәр алған, ғасырлар бойы қазақ, қарақалпақ, өзбек, түрікмен, тәжік халықтарының қоян-қолтық өмір сүріп, бір-бірінен алғаны да, бергені деп көп өлке еді. Ол өлке халқы жаңағы әлемдік деңгейдегі ұлы тұлғалардың бәрін білетін. Ал білу деген адамның көкірегіне жел беріп, шабытына қанат байлайтын қасиет екені талассыз. Төлеген – туған жерінің қандайлық керемет, қандайлық өзгеше екенін біліп өскен перзенттің бірі. Ал ондай адамдардың жүрегінде мәрттіктен басқа қасиетке орын жоқ!
Адам өзінің туған өлкесі жайында қаншама көп білетін болса, оның сол жерге құрметі де сонша артып, махаббаты терең болары хақ. Ол өзіңнің қандай жерде туғаныңды біліп, соның аяулы шуағын көкірегіңе құйып алсаң, ол көкіректе елге, жерге, адамдарға деген махаббаттан өзге қасиетке орын бола ма?! Төлегеннің тағы бір құпиясы – осында.
Төлеген туған ғасыр – ғасырлар бойы кең-байтақ далада санасы азат, ойы таза өмір сүрген көшпелі мәдениеттің анық мұрагері – қазақ халқының отырықшылыққа біржола ауысып, өмір сүру салтын өзгерту арқылы бабалардан қалған ізгі әдеттер мен мінезді ұмыта бастаған кезеңі. Сондықтан ақынның «Сағындым, жаным, мен сені» деп басталатын «Сағыныш» атты шедевр дүниесі халқының көкірегіне нұр болып құйылып, техногендік үдеріс қауырт өрлеген аласапыран заманда адамдардың жүрегін жылытты, адамдық нәзік сезімдеріне сәуле шашып тірілтті. Ол тіпті сол кездегі заманның бет-бейнесін жасаған өндіріс тақырыбының өзіне жан беріп, оны нәзік лирикамен толғады. Содан болар Айбергеновтің «Маңғыстау мұнаралары» топтамасы әлі күнге махаббат сырларындай оқылады. Қараңызшы: «Қалайша, мен жаным-ау, тұра аламын, жүрегімнің сыңсытпай шынар әнін. Табанымның астында қара дария, тас төбемде тайгасы мұнараның». Мұнайлы өлке, оның қаталдау бейнесін бұдан артық қалайша мөлдіреген өлеңге айналдыруға болады? Бұл кез келген құбылысты жүрегінің мөлдір бастауына жуып алатын көкірегі кіршіксіз пенденің болмысы емес пе?
Оның әр топтамасы бөлек кітап іспеттес! «Туған жер» топтамасына кіретін өлеңдерден ақынның кіндік қаны тамған өлкеге деген шексіз махаббатын сезінсек, «Арал жырларынан» ұлы теңіздің болмысын терең философияның мәнін ұғамыз, «Сағыныш толқындарынан» адамдықтың басты қасиетін танысақ, «Түркістан дәптерінен» жеріміздегі тарихи өлкенің өткені мен бүгіні астасқан ұлы сабақтастықты түсінеміз, «Қарақалпақ жырларынан» туысқан елдің жері мен адамдарының болмысынан хабардар болсақ, «Маңғыстау мұнараларынан» қазақ даласының, сол далада тірлік кешіп жатқан елдің жасампаз биік рухын танып білеміз. Бұлардың бәрі көлемі шағын болғанымен, тұтас кітаптың жүгін арқалап тұрған бір шоғыр жырлар.
Қазақ ұстаның ең шеберін зергер дейді. Ол – өте ұсақ асыл бұйымдарға өрнек салатын адам. Себебі шексіз кеңістікте екінің бірі өз ойын барынша еркін іске асыра алса, шектеулі дүниеде өнер тудыру қиын, кейбіреу өмір бақи онда түк те істей алмайды. Бірақ зергерлердегі асқан шыдамдылықпен жүзеге асатын дәлдік және соның бәрін үлкен шабытпен орындаудың құдіреті мүмкін еместің өзін мүмкін қылады. Міне, осы қасиет Төлегеннің өлең тудыруында бар. «Саз аңсап жүрген тереңнен, сазан көз мөлдір көз ем мен. Дәл қазір бүкіл денеммен, теңізді сезіп келем мен». Төлегеннің осы өлеңін мысалға ала отырып, белгілі әдебиетші ғалым Бақыт Кәрібаева «Төлегеннің өлеңдерін оқып отырып, қазақ тілінің ғажайып оралымдылығына таңғаласың, не деген иілгіш, жұмсақ тіл» деп тебіренеді. Апайымыздың айтып отырғаны ақынның зергерлігі. Немесе «Сан кепті менің жаңбырым, көзінде лала күлдердің» деген екі жол өлеңін алып қарайықшы, осындағы бұрын ешкім жырмен салмаған суретті былай қойғанда, алапат сағыныш пен аласұрған махаббат өртін астарлаған және соның бәрін екі-ақ жолға сыйдыра білген шеберлікті зергерлік демей не деуге болады?! Ондай құбылысты Төлегеннің кез келген өлеңінен табуға болады.
Төлегеннің жырдағы өмірі құрметтеу мен бағалаудың көрінісі, ең алдымен өзін емес, өзгелерді! Ол қазақ даласының қай түкпіріне барса да соны құбылыс, ерекше жаңалық, бөлекше қасиет сезіп, жырға айналдырады.
Түркістанға барып:
Көз алдым менің қаһарлы
Ескерткіш өскен алаңдар,
Жырлайды мынау шаһарды
Шыңылдап лирик бағандар, – деп көне мен жаңаның үйлесімін суреттесе, Аралға барып:
Оған жат қайғы-қасірет,
Айтары ерлік өсиет.
Теңіздің теңіз екенін
Тану да үлкен қасиет! – деп философия тауып қайтады.
Ал қарақалпақ жерінде, Үстірттің ойпатпен шектесетін жеріндегі қалың қазақ өмір сүретін Бөршітаудың жанындағы Қаратерең көлін көргенде:
Аспанынан дария құлап, қар құлап,
Қара семсер жал-құйрығы жалбырап,
Баурайынан бара жатқан сияқты,
Зымырап бір қара берен арғымақ, – деп сөзбен сурет салады.
Енді бірде:
Төсінде Абай өткен кіл самғаумен,
Армысың, менің жұпар жусан кеудем.
Көк Ертіс көкірегімде буырқанған,
Қос жаға қоңырау қаққан мың сан баумен,
Мен сенде келдім қайта тусам деумен, – деп Семей туралы тебіренсе, тағы бірде Маңғыстауға сапарлағанда заманмен бірге өзгеріп жатқан мұнайшылар даласына көз салып:
Кезім менің!
Жатырсың жырақты ашып,
Қызыл гүлді барады қыр ап қашып.
Жиырмасыншы ғасыр жүр Маңғыстауда,
Мұнаралар басына шырақ тасып, – деп дәуір тудырған құбылыстарды ғажайып сезіммен толғайды. Мұның бәрі заманның тыныс-демімен, адамның тек жақсылық іздейтін, таба білетін және соны өлеңмен өрнектей алған ғазиз жүректің жан сыры.
Жалпы, поэзия туралы жазғандар қазақ жырындағы Төлеген Айбергеновтің ақындық ерекшелігі, ұлттық өлеңдегі төлегендік болмыс жайында көптеген пікір қалдырды. Ең қызығы, Төлеген Айбергенов дүниеден өтер-өтпестен оның әдебиетіміздегі орны жайлы көптеген мақала жазылды, ақындар анау өлеңдер жазып, жыр жампозының қысқа ғұмыры туралы реквиемдер оқып жатты. Мұның бәрі қазақ халқының, оның ішінде әдеби ортаның өз талантының қыршын тағдырына бейжай қарай алмайтынының көрінісі болса керек.
Ең алғаш Төлеген туралы «Көктемнің жазға ұласар жайсаң шағы» деген эссе жазған Әбіш Кекілбайдың бағасы Айбергеновтің әдебиеттегі биік мәртебесін танытты. «Мұндай жүйрік көп, жүлде аз жыр бәйгесінде өзіңнің өнерпаздық құныңды, суреткерлік қасиетіңді, азаматтық абыройыңды сақтап қалу үшін шынайы талантпен қоса дамылсыз ізденіс те керек. Ізденістің де із шиырлай беретін әншейін әуре-сарсаңы бар да, көкіректегі дарын мен көңілдегі ой-сезімді фонтан суындай көкке бір-ақ шаншытып, өнерпаз мандайын айдай жарқырататын абыройлысы бар. Төлеген Айбергеновке сол абыройлы ізденіс тап болыпты.
Әдетте қалайда көш соңында салпақтап жүруді қаламай, өз шабысын көрсеткісі келген талабы биік жас суреткер, болмаса көштің басында кім кетіп бара жатса, соның соңынан салып қоя беретін соқыр шабысқа түседі, не тың сүрлеуге бұрылып, өзінше омбылайды.
Бұл жолдың алдыңғысы бір адамның көңілін я бірлеп, я бірлемейтін, бірақ әдебиет үшін еш пайдасы тимейтін әуегейлілік те, соңғысы нағыз өнер жолы, өнерпаз жолы. Оның өзі де екіұдай. Жалпы, өнер атаулыда екіұдай емес жол бар дейсің бе? Күн сайын көпірден тірілей өтіп отыратын өнерпаз өмірінің қиын болатыны – сондықтан. Біреулер, әйтеуір өзгелерге ұқсамауымды мұрат қылады, енді біреулер басқаларға ұқсамаудың сырын өз бойынан, өз талантының сипатынан табады. Төлегеннің өз бетін табуы, Борис Пастернактың Шопен творчествосы туралы айтқан: «насквозь оригинально не из несходства с соперниками, а из сходства с натурой, с которой он писал» деген пікірі еске оралды. Төлегеннің де ақындық беті өзінен бұрынғыларға ұқсамауға тырысудан ғана емес, өзі жазып отырған өмір құбылысына барынша ұқсау талабынан туған тәрізді.
Сөз жоқ, Төлеген жырлары – қуаныш жырлары. Бірақ бұл гүлге елтіген, көбелек қуған серуеншінің қуанышы емес, қиынды көрген, қайғы мен қасіреттің де ащы дәмін татып байқаған азамат адамның жүзеге асқан мақсаты мен орындалған арманының қуанышы. Сондықтан мұндай қуаныштың бояу әлемі, әуен әлемі бір ғана гаммадан тұрмайды. Онда сонау көкірек айырар күрсіністен бастап барша сезім түлегі бар, түгел көрінеді. Осындай сезім байлығы оған өмір байлығын танытады» деп Төлегеннің ақындық тағдырын тап басқан Әбіш Кекілбайдың сөзі бұдан кейін ақын шығармашылығын зерттеп-зерделеушілерге темірқазық болғандай.
Әдетте ақын шығармашылығын зерттеушілер оның поэзиясының басты ерекшелігін тауып алып, бәрін соған байланыстырып талдайды. Бірақ Айбергеновке келгенде олай ету мүмкін емес сияқты. Мәселен, «Қазіргі қазақ поэзиясының поэтикасы» деген еңбегінде әдебиетші ғалым, профессор Бақыт Кәрібаева бұл жайында былай дейді: «Өндіріс, жұмысшы тақырыбы белгілі бір мөлшерде поэзияға, шабытқа көп көне бермейтін құбылыс қой. Төлеген соны жыр тілімен көркем лириканың жібек торымен-ақ тұзақтайды. Мұны сөз ойнату емес, ақын поэтикалық арсеналының кеңдігі деп бағалаған жөн. Төлеген творчествосы – поэтикалық тілге бай, тым құнарлы поэзия. Қуатты поэзия. Себебі сонша көкжиегі кең, кеңістігі шексіз көрінгенімен, жүйелілік бар. Өнер құпиясының тереңіне бойлатады. Тіл тылсымын анық сездіреді. Сондықтан оның өлеңдерін бір аспектте қарастыру мүмкін емес. Мөлдір жыр кең ауқымды эстетикалық талдауға сұранады.
...Қазіргі қазақ поэзиясында сыршыл өлеңдер аз емес. Төлеген де – аса сыршыл ақын. Өз сыры өлең сырындай, өлең сыры өз сыр-сипатына айналып кететіндей еді. Ол екеуі бірінен-бірі өткен бай, қазыналы еді. Оның арқасы ұстағанда поэзия аспанында қызыл-жасылды жасын ойнатуы – сондықтан. Тек сезімге тізгін бере отырып, өнер-өлең, тіл иірімдерінің де сыр-сиқырын өзгеше сезімталдықпен меңгеретіндей еді. Ендеше оның творчествосында сезім – негізгі фактор. Жалпы, поэзияға тән дидактикалық сарын Төлеген өлеңдерінен мүлде сезілмеуі содан болар. Ол өмірдің прозалық жағымен беттеспей кетті. Өмірге ынтық, іңкәр жан өзінің құштар көңілін паш етумен болды. Сондықтан оның жырларынан көктем, гүл иісі бұрқырайды. Алайда Төлегеннің сезім емес, суреткерлікке бой алдыратын өлеңдері де баршылық.
...Ақын жанының алауы мен өлең зері әдемі үйлесім табады. Сол баяндау тәсілінің өзінде образ бар. Қазіргі қазақ поэзиясында сезім жетегінен арылып, суреткерлікке бой алдырған алғашқы ақындардың бірі де Төлеген Айбергенов еді. Төлегеннің бұл жетістігі де бүгін дәстүрге айналып отыр».
Егер әділдік үшін өнерпаз адамның сөзі мен өзі бірдей, ақын ретінде шығармашылықта қандай таза болса, өмірде пенде ретінде де сондай таза болуы керек дейтін болсақ, оған талай өнер адамдарының болмысы жауап бере алмай, тығырыққа тірелер едік. Бірақ Төлеген секілді ақынның бір ғажабы өнері мен өмірін тең ұстап, жырда адалдықты қалай дәріптесе, өмір де өзін солай ұстаған сирек бекзат тұлғалардың бірі екенін оның ұстаздары да, тұстастары да талай айтыпты. Төлегеннің досы, қазақтың бүгінгі ең танымал ақыны, аты әлемге белгілі Мұхтар Шахановтың мына бір сөзі жоғарыдағы біздің пікірімізді тиянақтап, бекітетін тәрізді. «Төлеген өз тұстастары Тұманбай, Қадыр, Жұмекен, Әбіштердің кей жырларын жатқа соғар еді. Оның аспаны пенделіктің ұсақ жаңдақ желінен мейлінше таза болатын. Әрдайым кісіден жақсылық іздеуге бейім тұратын. Тіпті, өзі дарынсыз деп есептейтін ақындардың да бүкіл жинағын ерінбей-жалықпай сүзіп шығып, жылт еткен бір жолы болса да жатқа айтып отыратын.
Ақынның есте тұту қабілеті таңғаларлық-тын. Өзінің бүкіл өлеңдерін, тіпті анда-санда жазған мақалаларына дейін жатқа білетін. Ал дауыс пен оқу мақамы жайлы әңгіме қозғап керегі жоқ. Өз басым қазақтың қазіргі ақындарының ішінен өлеңді Төлегендей шеберлікпен оқи алатын ақынды әлі көре алмай келемін.
Айбергенов сәулесі өз басынан артылмайтын, қайырымы қаңтарулы жандарды ұнатпайтын. Өзі ылғи да қабілетті жастарды іздеп тауып, топ-тобымен ертіп жүрер еді. Оның жадағай жұпыны үйі салауатты ақынның мекенжайынан гөрі жатақханаға көбірек ұқсайтын. Кейбір қаламдастары Төлегеннің осы мінезін орынсыз даңғазалыққа теңеп, әжуалап та жүрді.
Ол тұрмыстың алуан тауқыметін бастан кешірсе де мойымай, өле-өлгенше езуінде күлкі үзілмей өтті.
Оның ағалық ыстық ықыласы өзінен кейінгі інілеріне бір сәт те суыған емес. «Саналы іні бола алмаған – паналы аға да бола алмайды» дер еді,.
«Сені іні тұту арқылы өзімді ағалыққа тәрбиелеп жүрмін» дер еді тағы да. Үндемейтінмін. Бірақ ризалығымда шек болмайтын. Ол да бір дәурен екен-ау» деп еске алады аға-досын Мұхтар Шаханов.
Міне, Төлеген Айбергенов жайлы бірі жазушы, бірі ғалым, бірі ақын – қазақтың үш тұлғасының сөзін беріп отырмыз. Әрқайсысы ақын шығармашылығын әр қырынан қарастырып, өз пікірлерін айтқан. Бірін-бірі толықтырып тұр. Бұл – қазақ әдебиеттануында, әдеби ортада Төлегеннің қандайлық қадірі бар ақын екенін танытса керек.
Төлеген дегенде бүгін біздің есімізге оның қыршын кеткен талантты ақын екені мен өлеңдерінің өрісті де өміршеңдігінен басқа не түседі? Оның тірісінде пышақтың қырындай екі кітабы ғана («Арман сапары», 1963 ж. «Өмірге саяхат», 1965 ж.) жарық көргенін, өзі тасқа басылып шыққанын қатты қалаған – «Құмдағы мұнаралар» атты негізгі кітабы баспаның жоспарынан қиянатпен сызылып қалып, ақынға соққы болғанын, өзі қайтыс болған соң бір жылдан кейін сол жыр жинағы шығып және алты жылдан сол кітабына комсомол сыйлығы берілгенін, ақынның бір томдығы он шақты рет қайта басылғанын, оның атымен әдеби сыйлықтардың белгіленгенін, оған қазақтың 70-тен аса ақындарының өлең арнағанын, ол туралы көптеген мақала жазылғанын, өлеңдеріне талай композиторлар ән шығарғанын, ол туралы бір-екі деректі фильм түсірілгенін, оның шығармалары ғылыми жұмыстарға арқау болғанын, оқулықтарға кіргенін, шығармаларының бірнеше тілге аударылып басылғанын, атына көшелер мен мектептер берілгенін, мерейлі мерекелерінің бәрі өз дәрежесінде аталып өтіп жатқанын және оның көбіне қарапайым халықтың ықыласымен жасалып жатқанын айта аламыз. Бұл мәліметтердің ішінде көңілді мұңайтатындары да, марқайтатындары да бар, әрине. Дегенмен бұған шүкір деуге болады. Қазақта қанша ақын бар, бір өлеңі елдің жадында жоқ! Тіпті, өз кезінде талантты деп саналған талай ақын іздеусіз қалып жатыр. Ал Төлеген – өлеңдері әлі күнге жиі оқылатын санаулы ақынның бірі. Өйткені ол халқын шексіз сүйген ақын. Ал халық ондай арда перзенттерін ұмытпайды.
Құдай адам баласының бәрін тең жаратады. Тек оларға ниет пен пиғылды бермейді. Оны адам баласы жүре келе қалыптастырады. Сөйтіп, өмірдегі өз орнын белгілейді. Ал Төлегендей ақындар кіршіксіз жүрегімен, адал талантымен Жаратқанның махаббатына бөленіп, қасиетті жанға айналады. Халық та қасиет қонған перзенттерін ерекше ардақтап, төбесіне көтереді.
Ахмет ӨМІРЗАҚ, ақын, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты