Қасіретті қаңтарға жауапты орган басшылары Мәжіліске шақыртылады

Қасіретті қаңтарға жауапты орган басшылары Мәжіліске шақыртылады

Қасіретті қаңтарға жауапты орган басшылары Мәжіліске шақыртылады
ашық дереккөзі
Құқық қорғау органдарының басшылары қаңтар оқиғасының тергеу барысын талқылау үшін Парламент Мәжілісіне шақыртылатын болды деп жазды turkystan.kz. Депутат Жанарбек Әшімжан Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған сауалында қасіретті қаңтар оқиғасы бойынша тергеудің қай сатыда екенін сұраған.
«Әрине, депутат ретінде қылмыстық істерге араласуға, қандай да бір баға беруге құқығымыз жоқ. Соған қарамастан, біздің міндетіміз – тиісті мемлекеттік құрылымдарға сайлаушылардың тілегі мен талабын жеткізу. Ресми ақпарат болмаған соң болжамдар мен түрлі қауесеттер тарайды. Ал мұны өз пайдасына пайдаланатын ішкі және сыртқы күштер бар. Тергеу әдеттегідей жүріп жатқанын түсінеміз, белгілі бір процедуралар бар. Бірақ бұл ретте бастапқы дереккөзден ақпарат алуға мүмкіндік жоқ», - деді Мәжіліс депутаты.
Депутат қаңтар оқиғасы бойынша тергеу жұмыстары қашан аяқталатынын және тергеу тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар мен арандатушыларды қашан атауды жоспарлап отырғанын сұрады. Себебі, бұл – қоғам тарапынан қойылған сұрақтар. Бұл сұрақтарға ашық, анық, жан-жақты жауаптар берілуі тиіс. Сондықтан тиісті құқық қорғау органдары, мемлекеттік органдардың басшылары Мәжіліске барып, жауап берулері керек. Жаппай тәртіпсіздіктерді тексеруге екі айдан әлдеқайда көп уақыт кеткенін айтқан Палата спикері Ерлан Қошанов депутаттың бұл талабын қолдады.
«Біз тергеу барысына, әсіресе құпия істер бойынша араласа алмаймыз. Әрине, белгілі бір конституциялық шектеулер бар. Бірақ сонымен бірге, қоғам қаңтар оқиғасына қатысты сұрақтарға жауап күтуде. Әрине, құқық қорғау органдары басшыларының ақпаратын тыңдау дұрыс болар еді. Біздің заңнамада мемлекеттік орган басшыларының жалпы отырыста депутаттық сауалға ауызша жауап беру мүмкіндігі қарастырылған. Сондықтан аппарат басшысы мен тиісті комитетке осыны ұйымдастыруды тапсырамын», - деді Ерлан Қошанов.