«5:32» трилерінің актерлері өздері жазған әннің тұсауын кесті (ВИДЕО)
«5:32» трилерінің актерлері өздері жазған әннің тұсауын кесті (ВИДЕО)
Триллер жанрындағы отандық «5:32» телехикаясында басты рөлді сомдаған Әбілмансұр Серіков пен Қобыланды Болат «Қызық Live» Youtube бағдарламасында қонақта болды. Екеуі де елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драма театрының актерлері екен деп жазды turkystan.kz.
«Экранда ғана емес, өмірде де доспыз. Отбасымызбен араласамыз, бір театрда жұмыс жасаймыз. Бұл (Мансұр, – ред.) – менің «старшагым». Мен 2019 жылы Қалибек Қуанышбаев театрына орналастым. Сол уақытта маған келгеннен бері «старшак» болды, әлі де «старшак», – деді Қобыланды Болат.
Сондай-ақ бағдарлама барысында Қобыландының (Думан) бұған дейін талай ән байқауларына қатысқаны белгілі болды. Ол 2016 жылы «Музарт Live» бағдарламасына қатысып, бағын сынап көрген. Бірақ өтпей қалыпты.
«Өмірі жолым болмай қалады сол байқауларда. Бірақ, мен қазір көбінесе әншілікке емес, театр, киноға қарай бет бұрып жатырмын. Бірақ ән айтамын. «Музарт Live» – вокалдық тұрғыдағы бірінші байқауым. Сол кезде қатты қобалжып кеткеннен кейін болмай қалды. Дым өкініш жоқ. Бір тәжірибе болды деп ойлаймын», - дейді ол.
Енді өзінің әндерін жазып, жарыққа шығаруды жоспарлап жүр екен. Тіпті Әбілмансұр екеуі де бірігіп ән жазған көрінеді. Әнін Қобыланды, сөзін Әбілмансұр жазған. Осы орайда, Әбілмансұр Қобыландының әншілік қырына қатысты пікір білдірді.
«Қобыланды – әнші, актер. Өзі музыка мектебін бітірген. Дауысы да, диапозоны да керемет. Бірақ мен әнші емеспін. Жақында екеуміз естелік болсын деп бір ән жаздық. Ары қарай әнші болып кетемін деп айта алмаймын. Екеуміз дуэт жаздық», – дейді ол.
Содан кейін екеуі «Жарық» атты алғашқы әндерін бағдарлама сахнасында орындады.