ТЕАТР КӨРЕРМЕНСІЗ ҚАЛСА, ОНЫҢ ОРНЫН ЖАТ ИДЕОЛОГИЯ ИЕЛЕНЕДІ

ТЕАТР КӨРЕРМЕНСІЗ ҚАЛСА, ОНЫҢ ОРНЫН ЖАТ ИДЕОЛОГИЯ ИЕЛЕНЕДІ

ТЕАТР КӨРЕРМЕНСІЗ ҚАЛСА, ОНЫҢ ОРНЫН ЖАТ ИДЕОЛОГИЯ ИЕЛЕНЕДІ
ашық дереккөзі
Бүгінгі өнердің танымал бір түрі театр және ол заманға сай даму үстінде десекте, кейінгі дәуірде театр көрермендерінің қатары сиреп кеткені белгілі. Әрине оның сан түрлі себептері бар. Біз бұл сұхбатымызға М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр және кино бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымының кандидаты Аманкелді Мұқанды шақырып, одан еліміздегі театрлардың бүгінгі жағдайы, ізденістері мен атқарып жатқан жұмыстары жайында сұрап едік. – Жақында «Қазақстан театр сыншыларының таңдауы» атты шара өтіпті. Бұл қандай таңдау, ең алдымен сол жайлы айтсаңыз. – Қазіргі кезеңде әркім өзінде жоғын өзі іздеген заман болды. Орталықтандырылған басқару жүйесі барынша азайтылып әр сала өзі тарапынан әрекет етуге көшкен кезде біздің сала біразға дейін осы бағытта жұмысын үйлестіре алмай жүрген. Кәсіби театр қайраткерлері, музыканттар, киногерлер, режиссерлер, актерлер, суретшілер қоғамдық ұйымдарға топталып, өздерінің кәсіби қызығушылығы арқылы бірігіп өз құқықтарын қорғауға, ресми мекемелер алдына сауалдар қоюға мүмкіндік алып жатты. Сол мәселені біз осыдан бірнеше жыл бұрын шешіп «International Union of Тheatre Critics» – «Халықаралық театр сыншылары бірлестігін» құрдық. Бұл ұйымның негізінен халықаралық бірлестік болуына тіркелген мекен-жайының Тбилиси қаласында болуы, оған Қазақстан, Грузия, Әзірбайжан секілді тәуелсіз мемлекетттердің театр сыншылары мұрындық болуы себеп.  Оның төрайымы өнертану кандидатын, театр сыншысы Анар Еркебай. Сол кісінің белсенділігі арқасында биыл үшінші рет «Қазақстан театрлары» мониторингінің қорытындысы мен «Сыншылар жүлдесі» сыйлығының марапаттау салтанатты жиынын ұйымдастырып өткізіп келеміз. –Басты назарда қандай мақсат міндеттер тұрды? – Театр өзге өнер түрлеріне қарағанда жанды организм. Өнер осы уақытта жасалып, осы уақытта өмір сүреді. Сондықтан бүгінгі еліміздегі театр үдерісінің жүрек соғысына назар аударып, онда болып жатқан түрлі шығармашылық ізденістер, ілгерілеу мен іркілістерді дер кезінде бағамдау, сараптамадан өткізу театр сыншыларының міндеті деп білдік. Біздің театрларымыздың ұйымдастыру жұмысында кемшін тұстар бар. Отандық театрлардың жұмысын үйлестіру, қаржыландыру, ұлттық құндылықтарды басты назарда ұстап бірізділікпен жұмыс жүргізуі тиіс Мәдениет министрлігінің жұмысы театрларға келгенде бөлшектеніп кетуі отандық театрлардың бір тудың астына бірігуіне кедергі келтіруде. Ортақ ұстанымымыз жүзеге аспай, бірнеше қоғамдық ұйымдар арасында қалай қарай бағыт ұстарымызды білмей дал болып қалған жайымыз бар. Бізге, күрмеуі қиын ортақ мәселелерді ақылдаса отырып шешуге, жаңа заманға сай жаңаша жұмыс барысын реттейтін құқықтық-нормативті құжаттарды жасап шығуға көздеген түп мақсатымыз әлі үйлесім таба алмай жатыр. Сондықтан осындай кереғарлықтарды болдырмау үшін Қазақстанның Театр туралы арнайы заңын қабылдау мәселесін көтеріп отырмыз. Бұл 60-тан аса (Тикетон желісі бойынша 73 театр) түрлі саладағы театрлары жұмыс істейтін еліміздің маңызды мәселелерінің бірі және толық шешілгенше күн тәртібінен түспек емес. Ол үшін бір орталықтан басқарылатын, Қазақстан театр қайраткерлер одағы мен отандық театрлар ассоциациясы секілді қоғамдық ұйымдарды біріктіретін орта керек. Әзірге біз Мәдениет министрлігінің, арнайы кәсіби бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың жұмысын атқарудамыз. Сонымен бірге біз Қазақстан театрларында болып жатқан барша үдерісті, шығармашылық, шаруашылық жұмыстарды бағамдап, сарапқа салып кәсіби тұрғыда бағалау, ғылым-зерттеушілік тұрғыда зерделеу және театрлар үшін маңызды болып саналатын жылдың үздік деген шығармашылық жұмыстары мен тұлғаларын анықтауды өзімізге мақсат етіп қойдық. Олар – барлық пікір айтылатын, баға берілетін жұмыстар  мониторингке қатысуға келісім беріп, біздің бірлестік тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берген, театртанушыларымыз барып көзімен көрген, белгілі бір деңгейде бағасын алған шығармалар. – Жуырда театрлардың жыл қорытындысы болып өтті, одан қандай ой түйдіңіздер? Театрларымызда жаңа үдеріс, даму бар ма? – Бірден айта кететін мәселе, өміріміздің карантиндік шектеулермен тосылып қалған жайы бар. Әр театр өзінше әрекет жасап, әр шығармашылық ұжым мен ондағы театр қайраткерлері бос отырмай жұмыс жүргізгенінің куәсі болдық. Мониторингке қатысқан театрлардың көрсеткіші жаман емес. Алды 7-8, арты 1-2 спектакль көрсеткен театрлардың жылдық орташа көрсеткіші 4-5 спектакльден келеді екен. Отандық драматургтеріміз, режиссерлеріміз, суретшілеріміз, композиторларымыз жұмыстарын санамалай келгенде театр қайраткерлерінің үлес салмағы артқанын көреміз. Сандық көрсеткішіміз орташа десекте сапалық тұрғыда, әрине, айтылатын әңгіменің тақырыбы бөлек болмақ. Солай болса да театр сыншылары таза сандық көрсеткіштермен бірге спектакльдердің көркемдік сапасына да назар аударып істелінген жұмыс нәтижесіне баға беруді қатар алып жүрдік. Жеңімпаздар бар, үздік үштік, бестік, ондық дегендей шорт-лист, лонг-лист көрсеткіштерімізді анықтадық. Менің ойымша, үлкен жұмыс осы нәтиже жарияланғаннан кейін басталды. Біз ендігі кезеңде осы жарияланған сандық көрсеткіштерді ой елегінен өткізіп, қорытып, өздеріміздің зерттеу жұмыстарымыз бен мақалаларымызда, конференциялар мен симпозиумдарда, әр түрлі ресми мекемелерге берілетін анықтамаларымызда нақты деректер келтіре отырып сараптаймыз. Жетістіктеріміз бен кемшін соғып жатқан тұстарымызды да бағамдадық. Бүгін отандық театрларда үрдіске айналып бара жатқан жайттарды да жадымызға түртіп қоямыз. Театрларымыздың жаңа үрдісте даму динамикасы байқалады. Жас талантты режиссерлер тобы бүгінгі қазақ театрының бағыт-бағдарын айқындауда. Мониторинг жоғарыда айтып кеткен 6 ұлт тілінде сөйлейтін Қазақстан театрларын қамтығандықтан оларда болып жатқан жай-күйден, олардың тыныс-тіршілігінен хабар берді. Бір театрлар аптаның 6 күнін құр жібермей, негізгі, қосалқы сахналарында сахнасына көрермен жинап спектакль қойса, ал кейбір театрлар дәл сол мүмкіндікпен санаулы ғана спектакль көрсетеді. Мұндай көріністер театрларымыздың қаншалықты тиімді жұмыс істеп жатқандығынан хабардар етеді. Мәселен, бір жылда 5 спектакль шығарған театр мен 2 спектакль шығаратын театрлардың қандай айырмашылығы немесе артықшылығы бар? Бұл мәселе – біздің театрлардың репертуарлық саясатын жасау мен қалыптастыруда келешекте көтеретін тақырыптарымыз. Атап өткен мысалдар отандық театрдың бір ғана бөлшегі. Осындай көптеген сұрақтар тудыратын ұйымдастыру, шаруашылық жүргізу, авторлармен, көрерменмен жұмыс істеу, шығармашылық бағытында қордаланған мәселелер бар.  – Қазақ театрларының әлемдік театр үдерісіндегі орны қай деңгейде? – Қазақстандық театрлар 6 тілде сөйлеп, өнер көрсететін күрделі жүйе. Ол өзіндік ерекшеліктерімен біреуден ілгері, біреуден кейін, біреумен тең  дегендей заманның тынысын байқап-бағып алға басып келеді. Біздің мақсатымыз қазақ театрының туын биіктен, халықаралық деңгейдегі шығармашылық ізденістерімен көргіміз келгендіктен шеберліктерінің шыңдалып, биік белестерден көрінуіне мүдделіміз. Жақсы болса екен, өз ізденістерімен танылса екен дейміз. Театрларымыз ірі халықаралық театр фестивальдеріне шақырылып солардың конкурстік бағдарламаларынан өзге елдің мықты шығармашылық ұжымдарымен тайталаса көрінсе екен дейміз. Өкініштісі, ол меже әзірге бізге алыстау болмай тұр. Дегенмен ауызды қу шөппен сүртуге де болмайды. Мониторинг көрсеткендей, қазақ-орыс, қуыршақ театрларының карантин кезінде де фестивалдік іс-сапарлар жасағаны баршылық. Десекте, өз ішімізде дабыралап қанша көкірекке ұрғанымызбен шет ортаға түскенде өз деңгейіңнің қандай екенін көріп ойға қаласың... Актерлеріміз сайдың тасындай, шетінен сен тұр мен атайын дейтіндер болса да, режиссурада бір топ шоғыр жастарымыз көш бастап келеді десекте қазақ театрлары бүгінде ішкі нарықта, өз көрермендеріне қажетті өнім шығаруға назар аударумен бірге халықаралық кеңістікке шығу мәселесін басты бағыт етуі шарт. Өткен жыл аяғында көрші Ташкент қаласында ТМД елдері, Балтық жағалауы және Грузияның жас театр қайраткерлерінің IV форум фестивалі өтіп елімізден Ғ.Мүсірепов атындағы Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы негізінде инсценировкасын жасап сахнаға қойған режиссер Ф.Молдағалидің спектаклі қатысты. Отандық театрдың үздік деген театры қойған спектакльмен барып, оны форумның ашылу кешінде жақсы әсермен тамашаладық. Ал аталмыш мемлекеттерден қатысқан біраз театрлардың спектакльдерінің деңгейімен салыстырғанда анағұрлым жоғары деңгейде деген «Құлагеріміз» Мәскеулік сарапшылар тізіміне ілінбей қалуы ойлантты. Қалай? Неге? деген сұрақтар мазалады. Жіберілген кемшілік пен қателікті алдымен өз бойымнан іздейтін болғандықтан бұл жолғы кемшілік біз тараптан екенін сезгендей болдым. Актерлер барын салып жүз пайыз орындап шықты. Бірақ, қазақ көрерменіне ерекше әсер еткен бұл спектакльдің өзге ортада толыққанды қабылданбай жатуын өзіміз көтерген мәселенің әлемдік кеңістіктегі адамзатты толғандырған мәселелермен салыстыра қарағанда шеңбері, ойлау кеңістігінің тар болғанынан көремін. Одан бөлек кейбір мәселелерге (мәтіннің орыс тіліне сапалы аударылуы, сахнада қосалқы детальдармен толықтырылуы т.б.) ұсақ-түйек деп салғырт қарауымыздан да болар деп қалам. Бастысы, қазақ театрының жар сала көтеретін мәселесі мен айтатын әңгімесі барша адамзатты толғандырар ортақ құндылықтар деңгейінде болуы қажет. – Қазақстандық театр сыншыларының назарын жиі аудартатын проблемалар қандай? – Театр сыншыларының басты мәселесі отандық театр, оның оң бағытта өркендеуі, әр-алуан, қызықты көркем шығармашылық жобалармен көрермендерін қуантуының куәсі болуы. Осы бағытта жұмыс істейтін бізді театр көрерменге қандай өнім ұсынуда, спектаклдің көркемдік сапасы қандай деңгейде, т.б. сұрақтар толғандырады. Назар аударатын проблема көп дегеннің өзінде бірінші кезекте қазақ театр өнерінің заманға сай, көрерменнің көркемдік деңгейін көтеретін сахналық туындылар болуы тиіс. Бұл әрине сапалы драматургия, декорация, музыкамен әрлеу мәселесі, кәсіби режиссерлік жұмыс, талантты актерлік ізденістерсіз болмайды. Сондықтан көркемдік тұтастығы бар туынды дегенде спектакльді құраушы барлық компоненттер назарда тұрады. Режиссердің, көркемдік кеңестің таңдап көрерменге ұсынған спектакльдері сол театрдың негізгі ұстанған бағыт-бағдарына сай ма? Бұл да болса сыншылардың ерекше назар аударатын мәселесі. Балалар мен жасөспірімдер театры неге өзінің көрермендерін толыққанды репертуармен қамти алмай отыр, музыкалық драма театрларындағы репертуардың басым бөлігі неге драмалық спектакльдерден тұрады, қоғамды толғандырған өзекті мәселелер театр сахнасынан неге дер кезінде көрсетілмейді дегендей мәселе көтерер сұрақтар ылғи да ойландырады. Ал сахнадағы орындаушының  кәсібилігі, шеберлік қырлары өзінше бөлек тақырыптар. – Театр сыны отандық театрдың дамуына қандай пайдасын тигізе алады? Еліміз театрларында шығармашылық үдеріс пен оның даму жолындағы бағыт-бағдары, репертуарын жасаудағы ұстанған саясаты, көрерменнің қойылымға келуі мен қабылдауы т.б. туралы мәселелерін дер кезінде сараптамадан өткізу отандық және халықаралық театр қауымдастығы тарапынан қызығушылық тудырып келеді. Сондықтан біздің жасайтын жұмысымыздың қажетті де дер кезінде жүзеге асуын өзімізге де өзгелерге де керекті екенін сезінеміз. Еліміздің барлық өңірінің 50 театры (республика театрларының 80 пайызы) қатысқан бұл мониторингтен өткен жылда жасалған (жыл премьералары, ойналған барлық қойылымдар, драматургия, гастрольдік және фестивальдік іс сапарлар, шығармашылық құрамға өткізілген шеберлік сыныптары мен семинарлар, техникалық құрамның біліктілігін арттыру, БАҚ-та театр туралы айтылуы, қойылымға театртанушы мамандар шақыру, т.б. шығармашылық пен репертуарлық саясатты қамтыған жұмыстар сарапталды. Сондықтан қазақ театрының бүгінгі жүрек соғысы осы келтірілген сандар мен тізімдерде. Театр сыны қазақ театрының дамуына көмегінің басы осы есеп-қисапқа толы материалды қорытуы. Сараптаманы жасаған театртанушылар сараптама нәтижесінің қорытындысы бойынша еліміздегі театрлар жұмысын дамытуға бағытталған ұсыныстарын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне арнайы қорытынды-анықтама етіп жолданды. Театр сыншыларының алға қойған мақсаты бүгінгі Қазақстан театрларының шығармашылығы мен тыныс-тіршілігіндегі болып жатқан заманауи үрдістер мен үдерістерді дер кезінде айқындап баға беру болса, сол берілген баға театрымыздың жұмысын алға бастыруға сеп болмақ. – Бұрынғы кезде еліміздегі театрлардың басын қосатын Театр Қайраткерлері одағы деген ұйым бар еді, кейінгі кезде бұған қабаттасып Қазақстан театрлары ассоциациясы деген тағы бір ұйым пайда болды. Оның ашылуына қандай қажеттілік болды, ол бұрынғы Театр қайраткерлері одағының жұмысына кесірін тигізбей ме? – Бұл екі қоғамдық ұйым да бар, екі ұйымның да жұмысы қазақстандық театрлармен тікелей байланысты. Негізі қоғамдық ұйымдардың көп болғаны жақсы, істелінетін жұмыстар да сан салалы болмақ. Ал отандық театр кеңістігінде өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап Қазақстан Театр қайраткерлері одағы жұмыс істеп келді. Кеңестік кезден іргесі қаланған заңды ұйым да осы болатын. Заманның соққан желіне орай әр түрлі қиындықтарды басынан кешіп қалт-құлт етіп жұмыс істеп келген ұйым қазіргі Төраға – Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Жаманқұловтың тұсында жұмысы жөнделіп, біраз шаруаның басын қайырылған. Елдегі барлық театрлардың басы бірігіп, ортақ мүддемен жұмыс істеп жатқан болатын. Мен сол Одақтың Төралқа мүшесімін. Экс Мәдениет министрімен біздің Төраға – Тұқаңның арасында болған даудың немен аяқталғанын барша жұртшылық хабардар. Сол екеуара қарсы тұру кезінде Одақтың жұмысына тісі батпағасын Министрлікке тікелей қарайтын мемлекеттік театрларды  Одақтың (Тұңғышбайдың) қарауынан шығарып алып, оның жасап жатқан жұмысына алтернатива ретінде құрған, үй ішінен үй тігілген ұйым болды. Министр кетті, уақыт өзгерді, жаңа заманға сай бүгін күш біріктіріп жұмыс істесе артықтық етпес еді. Театрларымыз бөлшектеніп кетті. Театрларды орталықтан ұйымдастыратын, бір тудың астына біріктіретін ұйым жетпей тұр. Аталмыш екі ұйым да қазір жұмыс істейді, тек карантиндік шектеулер, қаржыландырудың тоқтап тұруы қолбайлау, жоспарланған көптеген шаралар жүзеге аспай келеді. Театр сыншылары Одақпен бірге біраз жұмыстар атқарды. Тұрақты «Театр.kz» журналының шығуына, республикалық «Еңлікгүл» театр фестивалін сарапшылық етуге т.б. жұмыстарға атсалысты.  Жұмыстан береке кеткен кезде амалсыздан біз «International Union of Тheatre Critics» – «Халықаралық театр сыншылары бірлестігін» тіркеп өзіміз жасаймыз деген жобалармен жұмыс істей бастадық. – Сіздің маманданған театр сыншысы екеніңізді білеміз. Кейінгі жылдары театр өнеріне қатысты қандай еңбектеріңіз жарық көрді, онда қандай өзекті мәселер талданған? – Негізгі мамандығым музыка мен театрдың  төңірегінде тоқайласқандықтан осы өнер салаларының төңірегін зерттеп жазып жүрген жайымыз бар. 2008 жылы «Арда» баспасынан «Қазақ опера театры» атты монографиям, 2011 жылы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының баспаханасынан «Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ опера театры» атты монографиям,  2019 жылы «Балауса» баспасынан «Театрда туған толғамдар». Зерттеулер, рецензиялар, мақалалар кітабым шықты. Одан бөлек 2014 жылы «Әдебиет Әлемі» баспасынан Ұлы дала тұлғалары сериясынан «Күләш» атты ұжымдық монографияға, 2017 жылы «Print Express» баспасынан шыққан «Қазақ сахнасының шеберлері» шығармашылық портреттер топтамасының, 2017 жылы «Print Express»  «Қазақстанның заманауи театр үдерісіндегі фестивалдің халықаралық байланыс ретіндегі рөлі» ұжымдық монографияның, 2017 жылы  «Print Express» баспасынан шыққан «ХХІ ғасырдағы қазақ театры: дәстүр және инновация» атты ұжымдық монографияларының авторы және жауапты редакторы болдым. Байқағаныңыздай, бұл еңбектердің басым бөлігі М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының іргелі және қолданбалы гранттық жобалары негізінде жүзеге асты, қалғаны өзіміздің кәсібіи қызығушылығымызбен жазылған кітаптар. – Қазіргі кезде қандай театр сыншылары бар, олардың сындары қазақ театрына қандай әсер етуде? – «Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің» жасаған жұмысының сараптамасын еліміздің белгілі театртанушыларылары өнертану докторы –Б.Нұрпейіс, өнертану кандидаттары – А.Еркебай (Президенті), М.Жақсылықова, З.Исламбаева, А. Ахмет, Ж. Ахмет және өзіміздің Өнер академиясында тәрбиеленіп шыққан жас театр сыншылары командасы жүзеге асырды. Біз бүгінде аз болсақ та театр саласында интеллектуалды сараптамалық жұмыстар жүргізе алатын республикадағы үлкен күшке айналдық. Театр өнерінің сынсыз өспейтінін ақылды басшы түсінеді, мойындайды. Ал мойындағысы келмегендерге «жолың болсын» демеске амал жоқ. Тек мақтау мен мадақтаудан театр алға баспайды. Сондықтан қазақ театрының дамуы, белгілі межелерден көрінуі кәсіби тетар сынымен қатар жүреді. Мәселен, жақында театр сыншысы Зухра Исламбаеваның Семей театры туралы сын сараптама мақаласы шықты. Одан Театр басшысы, Шығыс Қазақстан облысы әкімі, облыстың мәдениет департаментінің басшысы, театрдың көркемдік кеңесі күні ертең осы мақаланы театр ұжымымен талдап айтылған сынға жауап іздесе, орын алған кемшілікті жөндеуге талпынса театр өседі. Ал театрдағы өмір «баяғы жартас – сол жартас» қалпында жалғасар болса театрдың өшкені. Өкініштісі, кезінде бұл ұжым республикаға кеңінен аты танылған керемет даңқты театрлардың бірі болатын. Абайдың, Әуезовтің, Шәкерімнің топырағының театрының қазіргі сиқы осы. Қалай күйінбейсің?! – Соңғы сұрақ: қазақ қоғамы театрсыз өмір сүре ала ма, егер жұрт театр көрермені болуды азайтса оның қазақ руханиятына қандай әсері болмақ? – «Театр дегеніміз не? О, бұл шынайы өнердің ордасы» деген екен әйгілі орыс сыншысы В.Белинский. Ел болғасын өнер керек, өнер ордасы да керек. Өткен ғасырдың 20-жылдары елімізде кәсіби театрды құру үшін тер төгіп, осы жолда репрессияға ұшыраған: Ж.Аймауытов, Ж.Шанин, М.Әуезов т.б. секілді ұлттың таңдаулы өкілдері театр өнерінің қазаққа керектігін терең сезінді. Жанын сала еңбек етті. Өйтпегенде театр ойынын ұйымдастыруға, оған пьеса жазуға, оны дайындап елге көрсетуге бекерге соншама тер төгілер ме еді? Бұл өнер мен білімге ұмтылған, мәдениеті дамыған алдыңғы қатарлы ел атануға ұмтылған кез келген мемлекеттің басты назарында болуы керек. Абзал ағалар соны түсінді және сол өнерді халқының бойына сіңіруге барынша әрекет етті. Театрды алып келді, қазақ топырағына жерсіндірді, биік белестерге көтерді. Сондықтан театр халықты ізгілікке тәрбиелейтін, ақпарат беретін, сауаттандыратын, т.б. өзінің негізгі міндеттерінен әлі күнге дейін ажыраған жоқ. Өкініштісі, кешегі «қаңтар оқиғасында» алаңға шығып дүкендерді тонаумен айналысқан жас ұрпақтың басым бөлігі кезінде театр, концерттік залдар  арқылы бойларына ізгілік отын жаға алмаған қоғамның «жоғалтып алған ұрпақтары». Олар сахнадан орындалатын Шекспир мен Әуезов, Мүсірепов пен Чехов туындыларынан сусындаса теріс әрекетке бармас па еді. Олардың ортасы, олардың қызығатын мәселелері басқа болар еді. Зерттеушілердің пайымдауынша, театрға баратындар жалпы халықтың 0,2 пайызы екен. Бұл өте аз көрсеткіш. Театрларымызда көрермен тарту, көрермен тәрбиелеу жұмысын босаңсытып алды. Жастармен жүйелі жұмыс жасалуы керек. Руханият жоқ жерде оның орынын бізге идеология басатынын біз жақын тарихымыздан көрдік. Сондықтан жас ұрпақты ізгілікпен сусындататын театр атты ғажайып әлемге құштар қылуға асығуымыз керек.

 Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ