Жаңалықтар

Партияның аты затына сай болуы керек

ашық дереккөзі

Партияның аты затына сай болуы керек

1 наурыз күні елімізде тарихи оқиға болды. Онлайн форматта өткен Nur Otan партиясының кезектен тыс XXII съезінде ұйымның атауын AMANAT деп өзгерту туралы шешім қабылданды. Қазақтың жалпақ тілінде «аманат» деген ұғым бар. Бұрынғы аталарымыз өзінің мал-мүлкін, өмір-ғұмырын аманат деп біліп: «Алланың аманатқа берген жанын кезегі келгенінде тапсырамын» деп ой түйген. Демек, аманат – адамгершіліктің шыңы, ардың айнасы. Алдағы уақытты AMANAT партиясы мемлекет мүддесі үшін тарихи жауапкершілікті алған партияға айналатынына, халық мұрасын сақтаушы әрі мемлекеттік мүддеге адал, қоғам игілігіне жұмыс істейтініне сенемін. 23 жылдық тарихы бар партия қазіргі кезеңнің күрделілігі мен жауапкершілігін ескере отырып, қысқа уақытта съезді жұмыла ұйымдастыра білді. Қайта жаңғырту бағдарламасын ұсынды. Жаңа Қазақстанның дамуы жағдайында еліміздің жетекші саяси партиясының бірлігі мен ұйымдастырушылық әлеуетін көрсетті. Президентіміз партияның трансформациясы атауын өзгертумен ғана шектелмей, қоғамның сұранысына қарай толығымен өзгертілетінін атап өтті. Партияны модернизациялаудағы 7 басымдылықтағы 6 партиялық жоба мен жаңа жобаларды іске қосу халық тұрмысын жақсартуға оңтайлы деп ойлаймын. Партияға «Жаңа Қазақстан» бағытын жүзеге асырудың негізгі локомотивтерінің бірі - рөлі жүктелген. Бұл қалыптасқан партиялық құрылымның, бастауыш ұйымдары көптігінің, барлық өңірлердегі филиалдарының және «Jas Otan» Жастар қанатының арқасында мүмкін болып отыр. Осылайша, ел Президенті партия съезінде сөйлеген сөзінде саяси күштер мен қоғамды «Жаңа Қазақстанды» құру жолындағы негізгі міндеттерді шешуге жұмылдырады. Парламентте, жергілікті мәслихаттарда конституциялық басымдыққа ие, Үкімет пен жергілікті атқарушы билікті қадағалайтын партия ретінде мемлекетті дамытуға, оны озық елдердің қатарына қосуға, халық тұрмысын жақсартуға күш саламыз. Партия өз жұмысын барынша ашық етеді. Енді қоғамдық кеңестердің отырыстары эфирде көрсетіледі, азаматтар  шағымдар мен өтініштерді жаңа  жүйе арқылы бақылай алады. Мұндай қадамдар билік, партия және халық арасындағы жаңа диалог мәдениетін қалыптастыруға көмектеседі деп ойлаймын. Осындай шуақты мерекеде жаңарған партиямыз атына заты сай болады деп сенемін. Себебі, егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең-байтақ жеріміз - бізге бабалардан жеткен аманат. Ал осы аманатты халық игілігі үшін сақтап қалу, келер ұрпақтарға жеткізу – ел тұтқасын ұстаған бас партия үшін ең үлкен жауапкершілік.

Аббат ӨРІСБАЕВ,

AMANAT партиясы Саяси кеңесінің мүшесі,

Маңғыстау облыстық мәслихаттың депутаты