Сын – шын болсын

Сын – шын болсын

Сын – шын болсын
ашық дереккөзі
Жақында ғана өткен ХХІІ съезд партия тарихының келесі кезеңін бастады. Партияның модернизациялау бағдарламасын қабылдады. Жиында қоғамды аландатып отырған барлық мәселе талқыланбаса да, барлық сұраққа жауап берілмесе де, меніңше, ең маңыздылары іріктеліп, олардың жауабы берілді. Партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде алдағы жұмыстың бес бағытын ерекше атап өтіп: «Бүгін партиямыздың бағыт-бағдарын айқындадық. Енді білек сыбана жұмыс істеуіміз керек. Халық нақты өзгерістерді күтіп отыр. Партия атына заты сай болуға тиіс. Ел бірлігін нығайтып, Жаңа Қазақстанды құру – бәрімізге ортақ міндет. Осы міндетті абыроймен атқарсақ, болашағымыз да баянды болмақ. Партияның әрбір мүшесі бұл жауапкершілікті терең сезініп, аянбай еңбек етеді деп сенемін» деді. Шынымен, әрқайсысымыз өз орындарымызда сөзбен емес, нақты іспен адал еңбек етсек, қиындықтарды міндетті түрде жеңеміз! Соңғы кезде, әсіресе, әлеуметтік желілерде сын айтушылар көбейіп кеткені бәрімізге мәлім. Кейбіреулері тіпті өзінің тұрмыстық қажеттіліктерінің бәрін Үкіметтің мойнына артып қойғысы келеді. Өкінішке қарай, олардың ішінде мәселені білсе де, білмесе де, түсінсе де, түсінбесе де, құр айғай-шу шығарғандары да баршылық. Бұл неге солай болып жатыр деген ой туады... Біреуге еліктеп жасағанымыз ба, жоқ әлде мәдениетіміздің, жалпы сана-сезіміміздің төмендегені ме? Кімге еліктеп жатырмыз? Мәдениеті төмендерге ме? Неге? Басқадан үлгі алам десек, неге жақсыға қарамаймыз, жақсыдан үйренбейміз? Мысалы, жапондықтардың қарым-қатынас мәдениеті қандай үлгіге тұрарлық. Әрине, сын керек, онсыз болмайды, көш түзелмейді. Мен сынға қарсы емеспін. Бірақ сын конструктивтік тұрғыдан айтылу керек деп ойлаймын. Сын айтсаң, сонымен қатар, қатені түзету, проблеманы шешуге байланысты ұсыныс бер. Есімі елге мәлім, көпті көрген көрнекті жазушы Әкім Тарази бір сұхбатында мынадай пікір айтты: «Рух әлсірегенде барлық жүйе бұзылады, қоғам бұзылады, халық бұзылады. Имансыздық орын алады. Және бұған тосқауыл қою, тойтарыс беру қиын. Заман өзгерді, құндылық өзгерді. Жақсы дегеніміз – жаман, жаман дегеніміз – жақсы болды. ... Нағыз батыр ешкімге реніш артпайды. Қайта өзін де, өзгелерді де жетілдіруге қайрайды. Өзге елдерден кем болмау үшін біріге күреседі, бірігіп жол табады. Өзімен-өзі соғысу үшін емес, қиындықты бірге жеңу үшін күреседі. Біреуді кінәлап, өзін ақтау – ұят!!!». Қаламгер ағаның осы пікірін дұрыс түсініп, жадымызда ұстасақ, жақсы болар еді деген ойдамын. Сондықтан сын – шын болсын, шын сын болсын!

Әнуар Қамзақызы ІЛИЯСОВА,

AMANAT партиясы Орталық бақылау-тексеру комиссиясының мүшесі