Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ, Сенат депутаты: Партия халыққа жақындайды
Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ, Сенат депутаты: Партия халыққа жақындайды
Президент сайлауында жеңіске жеткен күннен бастап, ол қоғамдық өмірдің бар саласына реформадан өткізу саясатын жүргізді.
Енді қоғам да, адам да бұрынғыдай өмір сүре алмайтынын білді. Сондықтан да Қазақстанды жаңғырту жолын таңдады. Осылай «естуші мемлекет» концепциясы жасалды. Одан кейін Жаңа Қазақстан жолы таңдалды.
Бұл қандай бағыт? Бұл жайлы соңғы жылдары экономикада саяси реформа тұрғысында жасалған алғашқы қадамдарды айтсақ та жеткілікті. Ауыл әкімдерінің сайлауы өтті, саяси партиялардың рөлін көтеруге бағытталған заңнамалық қадамдар да жасалды. Енді аудан әкімдері сайланатын болады. Көлеңкелі экономикамен күрес, жемқорлықты құрықтау, әділ қоғам құру мақсаты да қойылды. Міне, осы жолда Мемлекет басшысы жаңа бағыт, жаңа жол таңдады. Алдағы уақытта жария етілетін Жаңа Қазақстанның жаңа жолын халық асыға күтеді.
Президент Жаңа Қазақстан – жаңа қоғам концепциясын ұсынды.
Мемлекет басшысы «Nur Otan» партиясы өзінің тарихи миссиясын орындағанын атап өтті. Енді партияның аты «Amanat» деп өзгертілді. Бұл сөздің астары мен мазмұны терең. Аманат – халық сенімі, қоғам тірегі, жауапкершілік пен әділеттілік кепілі. Енді партияның аты ғана өзгеріп қоймай, оның жұмыс істеу тәсілдері де жаңғырады. Партия халыққа жақындайды. Ол қоғамдық өзгерістердің, болашақта жүргізілетін барлық жүйелік өзгерістердің басында тұратын жаңа партия болмақ.
Съезде көтерілген мәселелердің бірі мәслихаттардағы партия депутаттарының рейтингісін көпшілікке жария ету бағыты болды.
Еуропа мен Батыстың Ресей тарапына салып жатқан санкциялары Қазақстанға әсер етпей қоймайды. Бұл мәселені Мемлекет басшысы партияның съезінде ашық айтты.
Әрине, ел мен жер мәселесі үлкен экономикалық, саяси және рухани өзгерістерді талап етеді. Ауылды көтеру, жастарды ауылға тұрақтандыру – прагматикалық саяси мәселе. Сондықтан да съезде ауыл жастарына арналған «Өрлеу» атты жаңа партиялық жоба ұсынылды. Бұл – назар аударарлық жаңа бағыт. Партияның жарғысына тиісті өзгертулер жасалады. Бұл – заман талабы. Сондай-ақ 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: 10 жылдықтың – 10 мақсаты» және «2025 жылға дейінгі жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар» бағдарламасы да жаңғырып, жаңа тұрпатта модернизациядан өтетін болады. Жалпы, партияның бұл съезі халықтың күткен мәселелерін көтерді деп ойлаймын. Болашақта үлкен міндеттер тұр.
Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,
Сенат депутаты