Жаңалықтар

Алматыда баспана сертификаты 1,5 млн теңге болуы мүмкін

ашық дереккөзі

Алматыда баспана сертификаты 1,5 млн теңге болуы мүмкін

Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев қалалық мәслихаттың XVI сессиясында хабарлады деп жазды turkystan.kz. Шаһар басшысының айтуынша, бүгінде алматылықтардың жекелеген әлеуметтік топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешу маңызды. Осы орайда, Ерболат Досаев ипотеканың бастапқы жарнасының бір бөлігін жабу үшін берілетін сертификаттың құнын 1 млн-нан 1,5 млн теңгеге дейін көбейтуді ұсынды. Сөйтіп, бұл ұсыныс депутаттар тарапынан қолдау табатын болса, алдағы уақытта 1-2-топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар несиеге тұрғын үй алу мүмкіндігін жақсарта алады. «Алматы қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үйлер салынады. Бюджетті нақтылау кезінде аталмыш бағдарлама аясында тағы 411 отбасыға арналған «Жас қанат» атты 6 көппәтерлі тұрғын үй кешені бой көтереді. Бұл нысандардың құрылысына бюджеттен 4,5 миллиард теңге бөлу қарастырылды», - деді Ерболат Досаев. Сонымен қатар шенеунік бюджетті нақтылау Алматы қаласының тұрғындарымен және кәсіпкерлерімен алғашқы кездесу өткізгеннен кейінгі жұмыс нәтижесі негізінде дайындалғанын атап өтті.