«Shymkent сity» жобасына жер бөлінді

«Shymkent сity» жобасын іске асыруға «Тұран» шағын ауданынан 427 гектар жер бөлінді. Бұған дейін өңір басшысы Жансейіт Түймебаев жобаны ертерек қолға алуды ұсынған болатын.

Ал бүгін Ұлы Жібек жолының бойына орналасатын жаңа қаланың жобасы журналистерге таныстырылды.

«Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жұмыстарын толығымен аяқтау үшін бюджеттен 6,7 млрд теңге қаржы бөлінген. Биыл ондағы 1,9 млрд теңге қаржысы игерілді. Бұл жұмыстарды 2017 жылы аяқтау көзделуде», – дейді қала әкімінің орынбасары Н. Көшеров.

Болашақ жаңа қаланың орталық аумағында бой түзеген алғашқы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы да аяқталуға жақын. 9, 12, 16 қабаттан тұратын жалпы саны 316 тұрғын үй ғимараты келер жылдың соңына қарай пайдалануға беріле бастамақ. Мұндағы пәтерлерге азаматтар «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ы арқылы қол жеткізе алады.

Back to top button