Бір апта ішінде үсіп қалған 20-дан астам адамның аяқ-қолы кесілді
Бір апта ішінде үсіп қалған 20-дан астам адамның аяқ-қолы кесілді
Елімізде бір аптаның ішінде үскірік аяздан үсіп қалған 20-дан астам адамның аяқ-қолдары кесілді. Тағы екі әйелге далада суық өтіп, көз жұмған. Бір Қарағанды қаласында соңғы екі аптаның ішінде аяқ-қолдары үсіп, дәрігердің көмегіне жүгінгендердің саны 30 адамға дейін жеткен, деп хабарлайды «31-арна».
Құмарбай Болатов – бір жылдың ішінде ауруханаға екінші мәрте түскен науқас. Ақпан айында ғана аяғындағы саусақтарынан айырылған қарағандылықтың екінші аяғы да ампутацияға ұшыраған. Азамат сақылдаған аязда мүгедектікті рәсімдеймін деп қағазбастылықпен жүріп қалған.
Қарағанды дәрігерлері қарашаның 18-інен бастап 22 адамның аяқ-қолы ампутацияланғанын айтады. Сөздерінше, «көбіне қатты тонып қалған тұрғындар қолдарын бірден ыстық суға салып жылытпақ болған», дейді. Ал емханаға тек екі-үш сағаттан кейін ғана жүгінген екен.
Видади Джамаледдинов, Бірінші санатты дәрігер:
– Кеше Саран қаласының тұрғыны түсті. Жертөледегі құбыр жарылып, жұмыс істей берген азамат бірден үйіне барып ыстық суға отырыпты. Дәрігерлерді тек екі сағаттан кейін ғана шақыртқан. Бізге түскенде өте кеш болды.
Қарағанды облысында үсік шалғандардың ең үлкені 55 жаста болса, ең жасы небәрі 14-те екен. Ал Семей қаласында аяздан зардап шеккен тоғыз адам тіркелген. Олардың көбі автобус тосып, аялдамада тұрғандар.
Ақмола облысында да осыдан 12 күн бұрын жоғалып кеткен әйелдің мәйіті табылды. Үш баланың анасы Базаргүл 12 күні сағат 8 жарым шамасында Ошақ ауылындағы үйінен шығып кеткен. Содан кейін із-түссіз жоғалады. Тек бір аптадан соң Базаргүлдің денесі Ошақ ауылынан екі шақырым жердегі сайдың ішінен табылған. «Әйелдің денесін анықтаған кезде, үсіктен қайтыс болды деген болжам жасалды. Кейін бұл мәлімет сараптама қорытындысымен расталды», – дейді Ақмола облысы ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук,
-