Әлемді әрлендірген ілтипат бизнесі
Әлемді әрлендірген ілтипат бизнесі
Көктемнің алғашқы аптасы – елімізде гүл саудасы күрт қызатын кез. Дегенмен қарыштап дамыған гүл нарығы жыл бойы адамдардың бір-біріне қуаныш сыйлауына сеп болып келеді. Гүл сыйлау үрдісін нақты қашан, қай кезде кім қалыптастырғаны беймәлім, бірақ қазір бұл – ілтипат білдірудің әлем жұртшылығының ортақ формасына айналған. Сәйкесінше, осынау әдемі бизнес жер жүзіндегі ең көп таралған әрі танымал кәсіп ретінде өркен жайды.
Гүл сыйлау үрдісінің пайда болуы туралы нақты деректен гөрі аңыз көп, дегенмен әлемнің түкпір-түкпірінен табылған заттай дәлелдер бізге ең көне гүл рәсімдері туралы ақпарат береді.
Батыста гүл арқылы діни рәсімдер де өткізілген, ежелгі гректер құдайларды, билеушілерді және ақылымен, батырлығымен танылған адамдарға гүл шоқтарын сыйлаған. Ал Үндістанда гүлдестелер құдайлардың мүсіндеріне қойылса, Жапонияда ежелгі дәуірден бері сакура, хризантема және басқа өсімдіктердің гүл атауына орайластырылған мерекелер бар. Жапондардың дәстүрлі икебана өнерінің де тамыры тереңде жатыр, қазір оны бүкіл әлемнің флористері қолданады.
Уақыт өте келе дәстүрлер басқаша сипат ала бастады, Еуропа патшаларының сарайларында гүлге байланысты жаңа дәстүрлер қалыптасты. Мәселен, патшалар мен императорлардың сарайларында гүл өсіріп, бөлмелерді гүл шоқтарымен безендіретін арнайы дайындалған бағбандар мен декораторлар пайда болды. Римде, император Неронның билігі тұсында, мерекеге шақырылған дворяндарды гүл күлтелерін шашып қарсы алу үрдісі қалыптасты. Шығыс билеушілерінің де хризантема мен пионға толы үлкен бақтары болды. Уақыт өте келе, патшалардың бұл дәстүрлерін байлар қайталай бастаған. Олар гүлдердің қымбат әрі жаңа сорттарын сатып алып, таңғаларлық композиция жасауды бәсекеге айналдырды. Осылайша, ортағасырлық Еуропада басталған гүлге табынушылық шарықтау шегіне Нидерландта жеткен: сирек кездесетін гүлдің 3 дана пиязшығын Амстердамдағы үйге айырбастаған жағдай болған екен.
1840 жылы Жюль Лашом (Jules Lachaume) Парижде өзінің әйгілі гүл дүкенін ашты және ол әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр, әу бастағы ерекшелігі мен танымалдығын да жоғалтпаған. Жюль Лашом тұңғыш флорист деп есептеледі және 1847 жылы гүл шоғын жинау мен безендіру туралы алғашқы кітаптың авторы саналады.
Ресейде XVIII ғасырға дейін гүл сыйлау дәстүрі болмаған. Мұнда гүлдер сый ретінде емес, әдет-ғұрып, салт-дәстүр және діни рәсімдерді атқару кезінде пайдаланылған. Бірақ гүл өсіру мен флористиканың дамуы бұл елді де айналып өтпеген. Гүл сыйлау үрдісі Ресейге XVIII ғасырда, романтизм дәуірінде, Романовтар әулетінің тұсында келген деген дерек бар.
Ал біздің еліміз қызғалдақтың отаны саналады. Қоғамда қызғалдақтың отаны Нидерланд деген де пікір бар. Алайда ғалымдар мұны бұрыннан жоққа шығарып келеді. Шамасы, бұл пікір осы елдегі қызғалдақ экспортына қатысты туындаған болса керек. Қызғалдақ алғаш рет Нидерландқа XVI ғасырдың ортасында Түркиядағы неміс елшісі арқылы келген деген дерек бар. Сәуір айының соңында гүлдеп, бар-жоғы 15 күн «өмір сүретін» қызғалдақ наурыз мейрамының символы саналған. Елімізде қызғалдақтың 32 түрі өседі, ал оның 12-сі біздің жерімізде ғана кездеседі. Ел ішіндегі шеберлер қызғалдақты алтын жіптермен түрліше кестелеген, ою-өрнекте де көрініс тапқан, бірақ ешқашан гүлді жұлып, сыйлау, безендіруге қолдану үрдісі болмаған. Керісінше, кез келген жас өскінді жұлуға тыйым салған.
Мысалы, Жетісудағы «Теңдік» қорғанынан табылған біздің дәуірімізге дейінгі III-II ғасырлардағы сақ патшалары мен көсемдерінің киімдері қызғалдақтармен безендірілген. Сондай-ақ бұл гүлдер Орта Азия аумағынан табылған Х-ХІІІ ғасырлардағы қыш бұйымдарда бейнеленген. Қызғалдақтарды Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жіңішке кірпіштерінен және Отырар қаласының ортағасырлық керамикаларынан байқауға болады. Кей деректерде гүл сыйлау дәстүрі біздің жерімізге XIX ғасырда өнер адамдарына деген құрмет белгісі ретінде сыйға тарту үрдісі ретінде келген делінеді.
Осыған қарамастан, қазір еліміздің гүл саудасы бойынша әлемдік нарықта өз орны бар деп айтуға толық негіз бар. Дегенмен импорт пен экспорт арасындағы айырмашылық едәуір екенін айта кеткен жөн.
Ілтипат нарығы
Еліміздің гүл нарығындағы тауар айналымы 2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда шамамен 40 пайызға төмендеп, 53 миллион доллар болған. Өндіріс те 40 пайызға азайған. 2019 жылы гүл импорты экспорттан 3,8 есе жоғары болса (импорт 42 миллион доллар, экспорт 10,8 миллион доллар). 2020 жылы импорт экспорттан 10 есе асып түсіпті (импорт – 29,8 миллион доллар, экспорт – 3 миллион доллар).
2020 жылы импорттың да, экспорттың да төмендеуі пандемияға, дәлірек айтқанда карантин шектеулеріне байланысты болды, пандемия гүл өсіру саласына орасан зор шығын әкелді. Мәселен, өткен жылы еліміздегі ең ірі гүл өсірушілердің бірі Greenhouse-Qaztomat гүл өсіруден бас тартты. Енді жылыжай кешенінде тек қызанақ пен қияр өсіріледі.
Жалпы, пандемия басталғаннан кейінгі екі жыл ішінде гүл экспорты 80 пайызға қысқарған. Отандық кәсіпкерлер өз тауарларын бар болғаны 3 миллион долларға жөнелткен. Негізгі өткізу нарықтары – Ресей, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан. Гүл өсіретін шаруашылықтардың басым бөлігі Алматы, Қарағанды және Павлодар қалаларында шоғырланған.
Жалпы, қазақстандық өндірушілердің нарықтағы үлесі аз. Мысалы, 2020 жылы елдің жылыжайынан 12,4 миллионнан астам гүл жиналған. Дәл осы кезеңде елге 56,5 миллион дана раушан гүлі импортталыпты. Ал пандемияға дейін, яғни 2019 жылы елімізде 20,86 миллион дана гүл жиналыпты.
Пандемия жалпы бүкіл елдегі гүл саудасын кенжелетті, көптеген дүкен онлайн саудаға көшкен. Халықтың гүл жеткізу қызметіне деген сұранысы бұрынғыдан да артты.
Пандемияға дейін гүлдердің халықаралық саудасы 8,9 миллиард долларға бағаланған, ең ірі экспорттаушы – Нидерланд. Бұл ел арқылы транзитпен немесе реэкспорт арқылы әлемдегі барлық түстердің шамамен 52 пайызы өтеді екен. Гүл индустриясы бұл елде 1970 жылдан бастап өркендей бастаған. Әлемдік деңгейдегі ең ірі экспорттаушылар қатарына Колумбия, Эквадор, Кения және Эфиопия кіреді. Жалпы, гүл нарығы климаты жылы елдердің экономикасына айтарлықтай пайда әкеліп отыр. Bloomberg гүл саудасын капитализмнің кереметі деп бағалаған екен.
Ал әлемдегі гүл сататын ең ірі нарық – АҚШ. Ең ірі гүл импорттаушылардың бестігінде Германия, Нидерланд, Ұлыбритания және Ресей.
Бір қызығы, гүл тасымалындағы әрбір күн гүлдердің құнын 15 пайызға төмендетеді екен, оған қоса оларды бөлшек сауда нүктесіне дейін 1 градус температурада сақтау керек. Кесілген гүлдің максималды өміршеңдігі 10-12 күн, тіпті температура бір рет ауытқыса, гүлдің ғұмыры 30-40 пайызға қысқарады. Union Fleurs халықаралық қауымдастығының мәліметтері бойынша, Кения мен Эфиопиядан Еуропаға экспортталатын гүлдердің шамамен 20 пайызы температура режимін сақтамағаннан жойылады екен. Осыдан-ақ гүл саудасының бабы мен машақаты көп екенін аңғаруға болады.
Ал қаңтардың басында елімізде гүл тапшылығы байқалған. Оған қоса, баға да 1,5-2 есеге өсіпті. Оның үстіне, гүл тапшылығы мен қымбатшылық 8 наурыз қарсаңында де сезілетін болады деген болжам бар. Гүлдің қат болуы мен бағасының өсуі тек бізде емес, әлем бойынша байқалып отыр. Мәселен, Нидерландта энергия бағасының өсуіне байланысты өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда гүлдердің бағасы 27 пайызға қымбаттаған.
Гүлдер де сөйлейді
Гүл сыйлаудың да тәртібі, өзіндік жөн-жосығы бар. Олар әлемнің барлық тілінде сөйлей алады. Яғни, дұрыс таңдалған гүл шоғы көкейіңіздегі ойды, ізгі лебізіңізді сөзсіз жеткізуге мүмкіндік береді.
Ең әуелі гүлдің түр-түсі ғана емес, саны да маңызды екенін айта кеткен жөн. Нақты айтсақ, гүл шоғындағы гүлдер саны жұп сан емес, тақ сан болуы керек деген сенім бар. Пұтқа табыну кезеңінде жұп сандар зұлымдықты, сондай-ақ өмір циклінің тоқтағанын білдіреді деп есептелген, бұл сенім осыдан қалған деген дерек бар.
Келесі мәселе, гүлдің түсі. Қызыл түс – өмірдің, күш пен махаббаттың түсі. Қызғылт түс – нәзіктік, сезім пен қамқорлықтың түсі. Гүлдер тілінде бұл – талғампаздықтың, ризашылықтың, жанашырлықтың символы. Ал ақ гүлдер тазалықты, адалдықты білдіреді. Ақ түс жарыққа, жаңа өмірге апаратын жолдың символы болса, көк түс – тыныштық пен құпияның түсі. Көгілдір түстес гүл шоқтарын жақын адамдарға қолдау білдіру үшін сыйлауға болады. Сары – күннің түсі. Сары гүлдер байлықты, сәттілік пен қуанышты білдіреді, сары гүлдерді сәттілік, жақсы көңіл күй тілейтін кез келген адамға сыйға тарта аласыз.
Басқа адамға қуаныш сыйлау, ілтипат білдіру, алғыс айту секілді ізгі ниеттен туған гүл сыйлау үрдісі осылайша бүкіл әлем халқына таралды. Сәйкесінше, бұл әлемдік нарықта гүл саудасының қарқынды дамуына ықпал етіп отыр.