Жаңалықтар

Димаштың әжесі

ашық дереккөзі

Димаштың әжесі

Қазір бұл отбасын күллі әлем таниды. Айтбаевтар арқылы дүниежүзі халқына қазақтың отбасылық институты мәлім болды. Біз мереке қарсаңында әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің әжесі Миуа Мүбәрәкшақызымен әңгімелескен едік. Қыз-дәурен Миуа апамыз мектеп бітіргесін Алма­тыдағы Абай атындағы пе­да­го­гикалық институттың жаратылыстану-геог­рафия факультетіне оқуға түседі. Ақ­төбе өңірінен барған екі қыз қол ұстасып, бір­ге жүрген, жатақханада бірге тұрған. Қақ-соқпен ісі болмай, уақытын тек сабақ­қа арнайтын қос құрбы сенбіні асыға күте­тін. Өйткені бұл күні олар қасындағы қыз­дың ағасының досының үйіне қонаққа бару­шы еді. Жас отбасы да бұларды ықы­лас­пен күтіп, бар дәмдісін аузына тосатын. Бірін­ші курстың студенті үшін бұдан артық не бақыт бар? Бір күні бұл әлдебір себеппен қонаққа бара алмай қалды. Құрбысы жалғыз кеткен. Кітабын қолына алып, алаңсыз са­бағына кіріскен қызды бір кезде вахтаға ша­қырсын. Біреу іздеп келіп тұрғанын айт­ты. Қатты таңғалса да шықты. Сым­бат­ты аққұба жігіт күтіп тұр екен. «Есімім – Құдайберген. Ақтөбеденмін. Қазақ ауыл шаруашылығы институтында оқимын. Осын­да жерлес қарындастарым тұрады деген соң іздеп келіп ем…», – деді жымиып. «Ақтөбеденмін» деген сөз құлағына жылы тиді. Туған ағасы іздеп келгендей қатты қуан­ды. Екеуі жатақхана алдындағы ал­леяда біраз әңгімелесті. Сөйтсе, Құдекең бұдан бұрын да бірнеше рет іздеп келген екен. Бөлмелес жігіттері семейліктер бол­ған. Олар, әрине өз жерлестерімен жиі ара­­ласады. Бұл да солардың отырыстарына барып жүреді. Әскерден келген, оқуын бірың­ғайлап алған жігіттің болашақ жа­рын іздестіріп жүрген шағы. Семейліктердің ара­сында да әдемі, қылықты қыздар бар ғой, бірақ бұл болашақ шаңырағының отын жағатын адамның өзі туған топы­рақ­тан болғанын қалаған. Сұрастырып жүреді екен. Семейлік қыздардан педагогикалық институттың жатақханасында екі қыздың тұра­тынын естіген. Басқа күндері қолы ти­­мей, сенбі күні соғады екен. Ал қыздар бұл күні қонаққа кетеді. Ақыры бір күні жо­­ға­рыдағыдай себеп болып, реті келе ке­тіпті. Келін Бірте-бірте қол ұстасып, жиі қы­дыра­тын болды. Театрға жиі барады. Көп сөзге жоқ, барынша адал жігіттің қасында өзін еркін сезінетін. Бірнеше жыл қыз-жігіт боп жүргеннен кейін әңгімесі жарасып, сөз байласты. Бұл – 1967 жыл. Құдекеңнің әке-шешесі бұл кезде қайтыс болып кеткен, әке орнында қалған Аязбай ағасы тойды 5 жел­тоқсанға белгіледі. Алайда ағасы ол уақытта келе алмайтын болды да, той мерзімі 6 қаңтарға шегерілді. Тас­­тақтағы 156-асханаға тапсырыс беріп қойып, сол күнді асыға күтті. Ол кездегі той­­лар кешкі сағат 10-дарда басталып, таң­­ғы 6-7-лерде аяқталатын. Бұлар өз тойы­­на автобуспен жетті. Иә, көпшілікке ар­­налған автобуспен. Ондағылардың бәрі бұларға бақыт тіледі. Жиналғандардың дені студенттер бол­ғасын ба, той өте қызықты өт­ті. Ауылдан кел­ген Аязбай аға мен абысы­ны қатты толқыды. Жастар бидің түбін тү­сірді. Шырқалған әндер қандай?! Таңер­тең өз пәтерлеріне трамваймен қайтқан жас жұбайлардың жүзі бақыттан бал-бұл жанып тұр еді. Сол жылы Құдекең оқуын бітірді. Бұл 4-курсқа өткен. Факультеттің мандайалды сту­дентінің бірі. Ауылшаруашылық ми­нистр­лігіне кеткен күйеуі жақсы жаңа­лық­пен оралды. Ондағылар жас маманды зор ықыласпен қарсы алыпты. Қала іргесіндегі «Ақсай» кеңшарына жолдама берген. Иә, бүгінде Алматының орталық шағы­нау­дан­дарының біріне айналып үлгерген «Ақсай» ол кезде жай ғана кеңшар болатын. Ми­нистр­ліктегілер тағы бір жаңалықтың ше­тін шығарған. Келесі жылы өздеріне жұ­мысқа алмақ. Демек, бәрі жүзікке қас қон­дырғандай болып-ақ тұр. «Үйдегі сауданы базардағы нарық бұ­затыны» рас екен. Сол тұста ауылдан келген жең­гесі Құдекеңе Аязбай ағаның сәлемін жеткізді. «Ауылға қайтсын!» депті ол кісі. Ағаның сөзі талқыланбайтын заман, дереу жолға жиналды. Бұл барып, сырттай оқуға ауысу жөнінде арыз бергенде факультет басшылары қатты таңғалды: «Қалай? Үздік оқитын шәкірт. Жолдасына Алматыдан жұмыс табылып тұрған студент…». Бірақ ол кез­дегі әйелдің түсінігі бөлек қой. Ері қайда бол­са, сонда болуы керек. Аязбай ағасы ауылда тағы да дүркіретіп той жасады. Құдекең кеңшардың машина-трак­тор жөндейтін шеберханасына, бұл мек­тепке жұмысқа орналасты. Мектеп дирек­торы – Аязбай ағасы. Абысыны да осы мектепте жұмыс істейді. Аязбай ағаның 6 баласы бар. Яғни, өз­дері 8 адам. Бұларды қосқанда 10 адам. Бәрі 36 шаршы метр үйде тұрды. Үйінен қонақ үзіл­мейді және... Көп ұзамай тұңғышы Гүлзира дүние­ге келді. Үйдің тарлығы сезіліп еді. Сол тұста Құдекең бас инженер болып бе­кіді. Бұрынғы бас инженердің үйі бұларға тие­сілі екен. Кең, еңселі үй. Бірақ Аязбай аға­сы үндемейді. Құдекең де бөлек шыға­мын дей қоймады. Бұнда тіпті үн жоқ. Әке-шешенің орнында болған, осы күнге жеткізген ағаның көңіліне тиіп алмауы керек. Ақыры не керек, әлгі үй басқа адамға бұйырды. Бірнеше жылдан кейін тағы бір үй босағанда ағасы ағайын-туысын ша­қы­рып, батасын берді. Бетіне жел боп тимеген інісі мен келініне алғысын айтты. Көп ұзамай дүниеге ұл келді. Қанат деп есімін қойды. Ол заманда жас босанған әйелдің соңынан абысын-ажыны болмаса, күйеуі бара бермейді. Бұл перзентханадан шығып, бір достарының үйінде үш-төрт күн бол­ғанда барып, Құдекең жетті. Бір шаруаларға ай­налып, шыға алмапты. Үйге жеткен кезде көзіне бірден бесік түсті. Күйеуі ауылдағы ше­бер ұстаға арнайы жасатыпты. Қанат, одан кейін туған Нұргүл сол бесікке жатты. Бұл бесік кейін Димаш, Раушан, Әбіл­ман­сұр­ға да құтты мекен болды. Ағайын-туыс­тардың балалары да сол бесікке бөленіп, бы­лдырлап жатты. Құтты бесік – бүгінде от­ба­сының киелі дүниелерінің бірі. «Ди­маш­тың баласын бөлесем деп едім…» деп қалды Миуа апа. Алла ниетіне жеткізгей. 8 наурыз туралы «Құдайберген аға 8 наурызда не сый­лайды?» деген сұрағыма апам әбден күліп ал­ды. «Е, шырағым, көңілден артық не сый бар? 53 жыл бір шаңырақтың астында бақытты өмір сүріп келеміз. Ағаң қай кезде де тапқанын қолыма әкеліп берді. Ешқашан қолымды қаққан емес. Сыйлықты маған балалар жасайды. Димаш та ұмытқан емес. Ал мен үшін ең басты сыйлық – осылардың аман жүргені, отбасымның берекесі. Құдай көп көрмегей!».

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ