Ресей – Украина шиеленісі: біздің елге әсері қандай?

Ресей – Украина шиеленісі: біздің елге әсері қандай?

Ресей – Украина шиеленісі: біздің елге әсері қандай?
ашық дереккөзі
Ресей Украинаға әскерін кіргізгелі бір апта өтті. Осы апта ішінде әлемде ешкім болжап-білмеген түрлі оқиға, түрлі өзгеріс болды, жағдай әлі шиеленісіп тұр. Салдары әлбетте біздің елді де айналып өткен жоқ. 24 ақпанда Ресей әскері Украинаға әскерін кіргізді. Әскер Украинаға Ресей, Қырым, Беларусь аумағынан енді. Ресей президенті Владимир Путин мұны арнайы операция деп атағанымен, жағдай мүлде шиеленісіп кетті. Украина шекара қызметінің мәліметінше, шабуыл Киев уақытымен таңғы сағат 5-те басталған. Киев, Харь­ков, Одесса, Краматорск қалаларында жарылыстар бас­талғаны хабарланды. Украина Ресеймен дипломат­тық қатынасты үзетінін мәлімдеп, кейіннен Еуроодаққа кіруге өтініш білдірді. Ресей президенті Владимир Путин бейбіт тұрғын­дар­ға оқ атылмайтынын мәлімдеген болатын. Дегенмен тұр­ғын үйлерге снаряд тиіп, бейбіт тұрғындардың көптеп зардап шеккені айтылып жатыр. БҰҰ есебінше, Украи­нада кемі 163 бейбіт тұрғын қаза тапқан, олардың арасында 13 бала бар. Бұл туралы БҰҰ адам құқығы жө­ніндегі жоғарғы комиссарының өкілі Элизабет Трос­селге мәлімдеді. Оның айтуынша, кемі 400 адам жара­ланған, олардың ішінде 26 бала бар. 28 ақпанда екі тарап келіссөз жүргізуге тырысып көрді, нәтижесінде екі мемлекет ақылдасу үшін өз елдеріне аттанған болатын. Ресейдің бұл әрекеті бүкіл әлем бойынша, тіпті Ре­сей­дің өз ішінде түрлі қарсылық туындатты. Қарсы­лықтың соңы санкцияларға ұласты. Санкциялар және Ресейдің оған жауабы Ресей күн сайын, тіпті са­ғат сайын әлемнен оқшаула­нып барады. Ресейге санкция салу мәселесі Ре­сей пре­зиденті Владимир Пу­тин ДХР мен ЛХР тәуел­сіздігін мойын­дағаннан кейін айтыла бас­тады (22 ақпан, 2022). Ал ең негізгі себеп – Ресей Қарулы күштерінің Украина аума­ғы­на басып кіруі (2022 жылғы 24 ақпан). Мәскеу Донецк және Луганск халық республикаларының егемендігін мойындағаннан кейін Еуропалық одақ Ресейге қарсы шектеулер пакетін қабылдады, атап айтқанда, бірқатар тауар мен техноло­гияны экспорттауға тыйым салуды ұсынды. Тыйым экономиканың кей салаларына, туризм, сауда және инвестицияларға қа­тысты болды. 24 ақпанда АҚШ пен Еуропалық одақ елдері Ресейге экономикалық санкциялар салды, ал 26 ақ­пан­да Ресейдің жекелеген азаматтарына шектеу қойыла бастады. Жалпы, санкцияларға 670 ресейлік жеке тұлға, 113 заңды тұлға ілігіпті. Ресейді SWIFT жүйесінен ажырату мәселесін де қолдаған ел көп. АҚШ, ЕО және Батыс елдерінің санкцияларынан соң рубль құлдырап кетті. Ресей компания­лары­ның акциясы да күрт арзандады. Осыған бай­ланысты ел компанияларының акцияла­рын шетелдіктерге сатпау туралы шешім қа­былданды. Мәдениет саласында да Ресейдің әрекетіне қарсылық көрсетушілер қатары артып барады. Амери­калық The Walt Disney Company ком­паниясы Ресейде фильмдерін көрсетуді тоқ­татты, ал Warner Bros киностудиясы Бэтмен филь­мі прокатқа шығарылмайтын болды. Ресейлік дирижер Валерий Гер­гиев Мюнхен филармониялық оркестрінің бас дирижері қызметінен шеттетілді. Канн фес­тивалі биыл Ресей делегаттарын қабыл­дау­дан бас тартты. Apple компаниясы да өнім­дерін сатудан бас тартып отыр, сол се­беп­ті елде аталған компа­ния өнімдерінің ба­ға­сы тура мағынасында алтын құйманың кұны­на тең болды. Бірқатар әйгілі көлік ком­паниясы да бұл елмен серіктес болудан бас тартты. Ресей спорты да қыспақта қалды. УЕФА, ФИФА елді халықаралық жарыстардан шеттетті. 1 наурызда халықаралық хоккей феде­рациясы (IIHF) Ресей құрамаларын жарыс­тарға қатыстырмау туралы шешім қабыл­дады. Дәл осындай шаралар Беларусь ұлттық командаларына да қолданылып жатыр. 2 наурыздағы жағдай бойынша 37 мем­лекет Ресей үшін әуе кеңістігін жапты. Тізе берсек, кете береді. Бірқатар мемлекет Ресейді жақтаушы елдерге де санкция салу мәселесін қарас­тырып жатыр. Ресей өзіне салынған санкцияларға жауап ретінде санкциялар пакетін жария­лады. Осыған байланысты Ресей үкіметі санкцияға қарсы штаб құрды. Бұл тура­лы елдің премьер-министр Михаил Ми­шустин мәлімдеді. Ресей де бірқатар ел үшін әуе кеңістігін жапты. «Біздің позициямыз – еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету» 1 наурыз күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге қатысты пікір білдірді, ол Қазақстан екі елді татуластыру үшін араа­ғайын бола алатынын айтқан болатын. – Айтып отырған сөздерімнің бәрі Украи­нада болып жатқан жағдай аясында маңызы ар­та түседі. Біздің позиция еліміздің қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету, егемендігі мен ау­мақ­тық тұтастығын сақтау тұрғысынан ғана көрінуі керек. 2010 жылы ЕЫҚҰ саммитін өт­кізген ел ретінде біз Еуразиялық бөлінбеу қағидатын сақтау жөн деп есептейміз. Бұл туралы мен 10 ақпанда Мәскеуге барған кезімде де айттым, – деді Президент. Президент Минск келісімі қағаз жүзінде ғана қалғанын айтып өтті. – Осының бәрі Украина аумағындағы әскери қақтығыстарға алып келді. Геосаяси жағдай жоғары деңгейде ушығып кетті. Тенденция солай байқалады. Сол себепті екі мемлекетті ортақ тіл табысуға шақырамыз. Келіссөздер үстелінде келісімге келу керек. Қалай десек те қақтығыстың кез келген түрі бейбітшілікке зиян келтіреді. Бейбітшіліксіз даму болмайды. Қазақстан өз тарапынан жан-жақты қолдауға, оның ішінде екі елдің арасында араағайын болуға дайын, – деді Президент. Бұған дейін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев та осы мәселеге қатысты пікір айтып, ЛХР, ДНР-дің тәуелсіздігін мойын­дау мәселелері қарастырылмайтынын айтқан болатын. – Біз тек БҰҰ мақұлдаған мемлекеттердің ғана тәуелсіздігін мойындаймыз, – деді ол. Мәулен Әшімбаев «қазақстандық бітім­герлер қақтығыс аймағына жіберіле ме?» деген сұраққа да жауап берді. – Бұл жерде біз біржақты ұстанымдамыз. ҰҚШҰ жарғысына сәйкес, Қазақстан бітім­гер­шілік күштерін ҰҚШҰ елдерінің ау­ма­­ғынан тысқары жерлерге тек БҰҰ ман­да­тына сәйкес жібере алады. ҰҚШҰ елдерінің бітім­гершілік күштері қатысушы мемле­кет­тердің аумағында ғана қолданылады. Ал қақтығыс аймағы ұйымға қатысушы елдердің аумағына кірмейді. ҰҚШҰ аясында қақтығыс аймағына бітімгершілік күштерін жіберуге мүмкін­дігі­міз жоқ. Бірақ БҰҰ деңгейінде шешім қабыл­данса, Қазақстан әлемнің кез келген нүкте­сіне бітімгерлерін жібере алады. Бұл мәселеге қатысты Ресей бізге жүгінген жоқ, жүгінбейді де деп ойлаймын, – деп түйіндеді сөзін Мәулен Әшімбаев. Мәулен Әшімбаев бұл жағдай Қазақ­станның эконмикасына әсер ететінін айтқан. Мемлекет басшысы да осы мәселеге қатысты арнайы тапсырмалар берген еді. Осыған байланысты біз екі ел арасындағы жағ­дай және оның біздің елге тиетін, тиюі мүмкін әсері туралы сарапшылардың пікірін білдік. Асхат Қасенғали, саясаттанушы: Ұрыс қимылдары позициялық негізге көше бастады
– Ресей бір аптаның ішінде такти­касын екі рет өзгертті. Бірінші күні әскери нысандар мен қоймаларды, әуежайларды зымыранмен атқылап, ар­тын­ша жаяу әскермен ті­келей шабуылға көш­­кен бола­тын. Алай­да ол стра­те­гия айтарлықтай нәтиже бер­мегендіктен, Ресей соңғы екі күнде зымыран және әуе күштерін кеңінен қол­дануда. Бұл бейбіт тұрғындар ара­сындағы қаза санын арт­ты­рып отыр. Бүгінде ұрыс қимыл­дары ақырындап ин­тен­сивтілігін жоғалтып, позициялық негіз­ге көше бастады. Украи­на әскері үшін оңтүстік және шығыс бағыттың жағдайы ауыр. Херсон және Харьков бойында кескілескен ұрыстар болып жатыр. Кей аудандар толықтай қоршауда қалды. Дегенмен Ресей әскерінің де шығын орасан зор. Кремль ойлағандай 48 сағатта елді басып алу жоспары іске аспады. Блицкриг толықтай талқандалды. Қарсылас күшін бағамдау жағынан ресейлік сарапшылар үлкен қателік жібергені де көрініп тұр. Ал басқыншылыққа қарсылық білдіріп жатқан Украина әскерінің оңтүстік пен шығыста жағдайы ауыр болса, басқа аймақта керісінше тыныстау және резервтік күштермен толығуы болып жатыр. Сонымен бірге батыстық серіктестер тарапынан уәде етілген қару-жарақ пен қаржылай көмек те келе бастады. Ресей әлемдік рейтингте әскер әлеуеті бойынша 2-орында тұрған ел. Ал Украина 32-орында. Осының өзі көп дүниені аңғартады. Дегенмен рейтинг ол қағазда, ал ұрыс даласы басқа ережелермен жүреді. Қазіргі соғыс қимылдарына қарап, оны түсініп отырмыз. Ресей әскері 900 мыңға жуық және әлемде танк батальондары жағынан бірінші орын алады. Авиация күштері де Украинадан әлдеқайда көп. Артиллерия мен зымыран кешені жағынан да Киевтен қуатты. Ал Украинада 250 мың тұрақты әскер бар. Сонымен қатар резервтік күштер 600 мыңнан асады. Қазір Украина әскері флотсыз қалды. Порттар мен Украин теңіз күшінің кемелеріне зымырандық соққы бірінші болып жасалды. Ал қала ішіндегі ұрыста Украина әскері басымдыққа ие. Батыстағы серіктестерден келіп жатқан «Стингер», «Джавелин», NLAW танктер мен тікұшақтарды тоқтатуда үлкен рөл ойнап отыр. Ал алдағы уақытта өзге де қару түрлері жеткізілетіні айтылып жатыр. Бұл Украина әскерінің потенциалын арттыра түседі.
Мақсат ХАЛЫҚ, экономист: Теңгеге биыл көптеген сыртқы фактор әсер етейін деп тұр
– Ресейге са­­лынып жатқан санк­циялар, сөз жоқ елі­мізге әсерін тигізеді. Оған себеп екі елдің тығыз қарым-қатынасы. Қазақстан импортының 42 пайызын Ресей тауарлары құрайды екен. Біздің көп компаниямыз екіжақты серіктестік бойын­ша жұмыс істейді. Демек, олардың бәрі белгілі бір дәрежеде зардап шегеді деген сөз. Оған қоса теңгеміз әлсіреп жатыр. «Теңге-рубль паритетінде бұрын 5,7-6 теңге шамасында ұстаған болсақ, енді оны 5-ке дейінгі аралықта ұстау керек» деген пікір айтылып жатыр. Меніңше осы позиция дұрыс. Ұлттық банктің қазіргі жағдайдағы ең басты мін­деті – теңгерімді ұстап тұру. Бірақ тағы бір айтатын нәрсе, біздің отандық өндіріс қатты зардап шегуі мүмкін. Өйткені Ресейден арзан тауарлар келетін болады. Жұмыртқа, макарон өнімдері, сүт өнімдері біздің нарықта көптеп таралатын болса, біздің өндірушілер шығынға ұшырауы ықтимал. Осы мәсе­лені тереңірек зерттеу керек. Тағы бір маңызды мәселе санкциялардың жанама әсері бізге де тиіп жатыр. Ұлыбритания да бізге санкция салу керек деген мазмұнда мәселе көтеріп қалды. Ал Үндістан бізден мұнай алмайтынын айтып мәлімдеме жасады. Бұл – жақсы емес. Мұнайымыз көп жағдайда Ресей арқылы тасымалданатыны тағы бар. Сондықтан біздің мұнайдан бас тартатындар қатары көбеюі ықтимал. Бұл мәселеге қатысты да тез арада тактикалық шешімдер қабылдануы керек екені анық. Ал «доллар 700-1 000 теңгеге дейін жетуі мүмкін» деген сөз алыпсатарлардың таратқан қауесеті десек те болады. Қатты сенудің қажеті жоқ. Бірақ биыл теңгеміз циклдік фазада болатыны анық. Яғни, теңге біресе түсіп, біресе көтеріліп тұрады. Қазір ғана экономикалық саммитке қатыстым, сол жерде мынадай пікірлер айтылып жатыр: зерттеу бойынша доллар 480 теңгенің айналасында тұрады, дей тұрғанмен 10 пайыз төмен, 10 пайыз жоғары болуы мүмкін. Бұл дегеніміз құбылмалылық жоғары деңгейде болады деген сөз. 480-ге 10 пайыз қоссақ, 530-540 теңге болады. Ал 10 пайызға азайтсақ, 440 теңге. Яғни, осындай диапазонда доллардың теңгеге шаққандағы бағамы құбылып тұруы мүмкін. Бұл жерде бір мәселені қосып өткім келеді. Теңгеге биыл көптеген сыртқы фактор әсер етейін деп тұр. Геосаяси фактордың әсер етуі бер жағы ғана, одан бөлек Федералды резервтер жүйесі доллардың пайыздық мөлшерлемесін көтеретін болады. 7 рет көтеру жоспарланып отыр. Бұл дегеніміз – доллардың құны артады деген сөз. Тек теңгеге ғана емес, бүкіл дамушы елдердің валютасына қатысыты. Дегенмен теңгеге оң әсер етіп тұрған факторлар да бар. Мәселен, мұнай бағасы, ол арқылы еліміз экспорттық әлеуеті артып, ЖІӨ ұлғайып, Ұлттық қордың түсімі көбейеді. Импорт-экспорт айырмашылығын жабуға сәл де болса сеп болады. Қазір Ресей басқа елдерге әуе кеңістігін жауып жатыр. Бұл жағдайда елімізге түсетін пайданы арттыруға болады. Сонымен қатар біздің қаржылық жүйе ТМД елдері арасында көш бастауы ықтимал. Барынша логистикалық қызметтерді дамыту керек. Құрылыс материалдарын мейлінше өзімізде шығаруға тырысу қажет. Мұның барлығы жұмыссыздық мәселесін шешуге де сеп болар еді.
Жұмабек САРАБЕКОВ, саясаттанушы: Қазақстан көпвекторлы бағыттан бас тартпауы керек
– Бүгінде Мәскеу мен Киев арасындағы қақтығыс шарық­тау шегіне жақындап келе жатыр. Соғыс қимылдарының басталғанына бір апта болды және осы уақыт ішінде Ресей Қарулы күштері Украинаның ең ірі қалаларын толықтай қоршауға алып отыр. Бұл туралы Зеленский мырза кешегі Еуро­парламентке жасаған үндеуінде айтқан болатын. АҚШ және Еуропа мемлекеттері әскери агрессияны бастағаны үшін Ресейге қарсы өте қатал және ауқымды санкциялар енгізе бастады. Атап айтқанда, ресейлік бизнес батыс мемлекеттерінің нарығынан толықтай дер­лік аластатылды. Одан бөлек, Ресейдің резервтік қорларына едәуір шектеулер енгізіліп жа­тыр. Салдарынан Мәскеу нағыз экономикалық аласапыранға ұшырап отыр. Батыс­тық ойыншылар санкциялар арқылы Мәскеуге қысым көрсетіп, әскери операцияны тоқтатуды талап етуде. Алайда ресейлік саясаткерлер әскери қимылдарды соңына дейін жалғастыратынын ашық айтып отыр. Яғни, Киев өз мойнына НАТО-ға кірмейтіні туралы міндеттеме алып, Қырымды Ресейдің ажырамас бөлігі ретінде мойындамайынша, Мәскеу өз операциясын жалғастыра бермек. Алайда Зеленский мұндай қадамдарға бара алмайтыны түсінікті. Өз кезегінде, бұл Ресей әскерилерінің Киевті соңына дейін жаулап алып, қазіргі украин билігін аталған талаптарды мойындауға күшпен мәжбүрлеуі мүмкін деген сөз. Бірақ Мәскеу үшін Украина астанасын басып алу оңайға түспейтіні де анық. Қазір украиндықтар жалпыұлттық деңгейде Ресей армиясына төтеп беруге барынша тырысып жатыр. Одан бөлек, бірқатар Еуропа мемлекеті Украинаға қосымша қару-жарақ пен қаржылық қолдау көрсетуге дайын екенін білдіріп отыр. Осының бәрін ескере отырып, Ресей мен Украина арасындағы соғыс жағдайының ұзаққа созылып кетуі әбден мүмкін екенін айту керек. Тиісінше, адам шығындары мен гуманитарлық дағдарыстың да ауқымы кеңейе бермек. БҰҰ хабарлауынша, бүгіннің өзінде Украинадан 650 мыңға жуық босқын қашып шыққан. Жалпы, текетірестің соңы немен аяқталатынын қазір дөп басып айту қиын. Мысалы, ресейліктер басып алған украин территорияларының болашағы қалай бол­мақ? Мәскеу бұл аймақтарды Луганск пен Донецк сияқты дербес республикалар ретінде мойындай ма? Одан кейін санкциялық шектеулерге Ресей қанша уақыт шыдай алады? Әрине, Киев пен Мәскеу, жалпы Ресей мен батыс мемлекеттерінің арасындағы геосаяси дағдарыс Қазақстанға теріс әсерін тигізіп, жаңа қиындықтар әкелетіні түсінікті. Ең алдымен, экономика саласына. Мәскеуге қарсы енгізіліп жатқан ауқымды санкциялар елімізді тікелей шектемесе де, жанама түрде ықпал етеді, себебі Ресей мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыстар осы күнге дейін тығыз байланыста дамып келді. Әрине, тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстан ұлттық экономикасын қорғау бойынша әртүрлі қадамдарға бара алады. Оның ішінде Ресей экономикасына, рубльге деген саясатты өзгерту. Атап айтқанда, санкцияға ұшыраған компаниялардан өзімізді алшақ ұстауымыз керек. Одан кейін ұлттық экономиканы әртараптандыру, импортты біртіндеп отандық тауарлармен алмастыру сияқты қадамдарды жалғастыруымыз керек. Ал Қазақстанның геосаясаттағы ұстанымдарына келсек, украин оқиғасынан кейін біздің көпвекторлы сыртқы саясатымыз үшін де қиын кезеңдер туып отыр. Себебі Ресей мен Батыс жаңа қырғиқабақ соғыс жағдайына көшіп жатқан кезде, тараптардың біреуін таңдау керек деген сияқты талаптар қойылуы мүмкін. Бірақ оған қарамастан, Қазақстан көпвекторлы бағыттан бас тартпауы керек деп ойлаймын. Әйтпесе, геосаяси күреске килігу еліміз үшін орасан экономикалық және саяси шығындар әкелетіні түсінікті.