Жаңалықтар

Арулар – тіршілікке күретамыр, Өмірді бір-біріне жалғап тұрар...

ашық дереккөзі

Арулар – тіршілікке күретамыр, Өмірді бір-біріне жалғап тұрар...

Адамзат барда, адамгершілік барда Ана де­ген ардақты ат мәңгі жасай бермек. Аналар 365 күн бойы құрметке лайық, дегенмен күнтізбедегі қызыл белгімен ерекшеленген осы­нау мерекеде әйелдер қауымы сый-құр­мет пен ерекше ілтипатқа екі есе бөленеді де­се де болады. 8 наурыз Халықаралық әйел­дер күні қарсаңында біз де елімізде әртүрлі са­лада еңбек етіп жүрген, ана мәртебесін абырой­мен алып жүрген, қалың көпшілікті ер­лігімен таңғалдырған нәзік жандыларды әң­гімеге тартқан едік. Ләззат ҚАЛТАЕВА, Сенат депутаты: Отанымызда, отбасымызда бейбітшілік болсын – Мерекені әдетте үйде отырып тойлағанды құп көремін. Десек те, бұл мейрам отбасындағы әйелдің рөлі маңызды екенін айтатын бірден бір себеп. Бұл күні бізге мерекелік көңіл күй сыйлайтын үйдегі ерлер қауымы әйелдердің тек сол күні ғана емес, қалған 364 күні елеп-ескерілуі тиіс екенін жақсы біледі. Біздің ұйым әйелдерден құралғандықтан бұл күні де түрлі іс-шаралар өткіземіз. Жалпы, қоғамдағы қазақ әйелінің рөлі ерекше екені бесенеден белгілі. Ел арасында батыр атанған қыздарымыз да бар. Менталды тұрғыдан алғанда қазір заман басқа болғанымен, бүгінгі қазақ әйелінің мінезі баяғыша: мықты, өз-өзіне сенімді. Ерлермен тең жұмыс істей алады. Мұны біз күн сайын көріп жүрміз. Дегенмен ерте тұрмыс құру, алып қашу, гендерлік теңсіздік, отбасындағы зорлық секілді мәселелердің алдын алу үшін әйелдердің құқығы туралы көп айтылу қажет. Сенат депутаты қызметіне кіріскеніме екі апта уақыт өтсе де, білім мен ғылым, жұмысқа орналасу, медицина қызметін көрсету секілді көп мәселеге көңіл бөлдік. Қарастырылатын жаңа заңдардың азаматтарға қандай пайдасы бар екені, соның ішінде әйелдер мәселесі әр кез күн тәртібінде тұрады. Сондықтан әйелдер мәселесі басты назарда екенін айтқым келеді. Мереке қарсаңында бар тілегім – Отанымызда, отбасымызда бейбітшілік болса екен! Қазір бізге тұрақтылықтан басқа ештеңе қажет емес. Әйел – нұрлы ақыл иесі, әйел – оңтайлы тәсіл ойлап табатын жан. Осы екі мінезі арқылы олар біздің өмірімізге тұрақтылық, жылу, бақытқа алып келеді. Ал мұның нәтижесінде, төрімізден бейбітшілік пен келісім кетпейтіні айдан анық. Ақмаржан ҚАЛМҰРЗАЕВА, фристайл-акробатикадан Бейжің қысқы Олимпиадасының финалисі: Мереке күні жарысқа түстік

– Біз, спортшы қыздар 8 наурыз мерекесін көбіне оқу-жаттығу жиындарында қарсы аламыз. Тіпті, дәл сол кү­ні жарысқа түскен кездеріміз болған. Жаңылыспасам, дәл 8 нау­рыз күні Универсиадада бақ сы­нап, ел намысын қорғағанбыз. Сол себепті ел­дегі қыз-келіншектер секілді ол уақытта қы­дыру, өзімізге уақыт арнаудың сәті түсе бер­мейді. Биыл да наурыз айына жоспар­лан­ған жарыс саны көп еді. Әлем кубогына қа­тысу үшін жолға шығуымыз керек бо­ла­тын. Алайда қазір әлемде болып жат­қан саяси жағдайға байланысты жарыстың түгелі дерлік кейінге шегерілді. Бейжіңдегі тартысқа то­лы бәсекені бақыла­ған болсаңыз, ірік­теу кезеңінде 98.68 ұпай жинап, екінші алтылықта көш бастап, фи­налға өттім. Финалға өткендегі бап­керлерімнің қалай қуан­ға­нын теледидар арқылы көрген бо­ларсыз. Өкінішке қарай, фи­нал­да бірінші мүмкіндікті сәтті пай­далана алмай, іріктеуде секір­ген қиын элементті қайталай алма­дым. Кешке қарай күн суып кет­ті. Оның үстіне, қобалжығаным тағы бар. Сөйтіп, құлап қалып, аз ұпай алдым. Ал екінші мүмкіндікте аяғымдағы шаңғы те­мірге жабысып, сайысты ойдағыдай бас­тай алмадым. Ондай кезде төрешілер үшін­ші мүмкіндік береді, бірақ ең соңында се­кіруің қажет. Бұл мүмкіндікті мүлт жі­бер­мей, жаттығуды жақсы орындап шықтым, бап­керлерім де жоғары бағалады, бірақ төре­шілер 70-ке жетер-жетпес ұпай берді. Сөйтіп, жүлдеге таласа алмай қалдым. Негізі, фристайл-акробатика – өте күрделі спорт. Сырт көзге білінбейді, бірақ менде жарақат көп. 2015 жылы трам­плиннен секірген кезде тіземдегі сіңір бай­ламы үзіліп кетіп, бұл спортқа енді қайтып орал­маспын деп уәде бергенмін. Бірақ ота жа­сап, өз қалпыма қайта келген соң бап­керлерім үгіттеп, жаттықтырып, қатарға қай­та қосты. Ақырында қанша жарақат ал­сам да қайта секіруге батылым жетіп, бұл спорт­қа «байланып» қалғанымды сезіп, қол үзіп кете алмадым. Бейжіңнен соң маған осы спорт туралы жазатындардың қатары кө­бейді, әсіресе 18 жастағы қыздар «Менің де айналысқым келеді. Неден бастасам болады?» деп жазады. Шынына келгенде, 18 жас біздің спорт үшін тым кеш. Бірақ әркім пешенесіне жазғанын көреді. Бәлкім, 18 жаста енді бастаса да, 24 жаста келесі Олим­пиада топ жарып, жүлдегерлер қатарына ілі­нер. Кім біліпті?! Сондықтан жалындап тұр­ған жастардың бағын байламай, сағын сындырмайын деп шама-шарқым жеткенше бағыт-бағдар беремін. Жалпы, біздің ха- лық – өте намысшыл. Неге десеңіз, өзге елдерде бұл спорт түрінен ел атынан сынға түсетіндерді ұзақ уақыт бойы дайындайды. Мысалы, олар шаңғыны игеруге 2 жыл, сальто жасауға 3 жыл уақыт кетіреді. Ал біз­де мүлде басқаша. Біз бұл спортты бүгін бастасақ, келесі күні екілік сальто үйренуді бастап кетеміз. Бірде жазда Қытайда жер­гілікті спортшылармен оқу-жаттығу жиы­нын бірге өткіздік. Екілік сальтоны енді үйреніп жатқан олардың қасында біз үштік сальто жасап, өзара жарысып жүрдік. Мұның барлығы – біздің елге тән намысшыл мінездің, бойда қайнап тұрған намыстың арқасы. Намысың болмаса ондай күрделі элементтерді аз уақытта істей алмайсың. Осы спортты жанына серік етіп жүрген қыз­дардың дайындық барысын көріп жүрген соң оларды ерлерден асып түспесе кем түспейді деп нық сеніммен айта аламын. Осы ретте намысты қолдан бермейтін қыздарды, бізге өмір сыйлаған аналары­мызды, етегіне салып баққан әжелерді 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын! Әйелдер болмаса өмір соншалық көркем болмас еді. Тек 8 наурыз емес, әр күндеріңіз шат-шадыманға толы бол­сын!

Арай ҚҰРШАНБЕК, тракторшы қыз: Бір тойда көпшілікке атамды «Тракторшы келіннің қайын атасы» деп таныстырды – 8 наурыз күні қыз-келіншек­тердің жүзі балбұл жайнап, одан бетер құлпырып шыға келеді ғой. Мен де жыл сайын осындай көңіл күймен өз үйімде ақ дастарқан жайып тойлатушы едім. Бірақ биыл барлығы бас­қаша болғалы тұр. Себебі жуырда тұрмысқа шық­тым. Ел арасында «тракторшы қыз» атан­ған соң көбі әртүрлі пікір айтты. Осы ретте трактор айдауға неліктен қызыққанымды айта кетсем. Әкем 30-35 жыл бойы трактор айдап, сол арқы­лы нәпақа тауып, бізді киіндіріп, аяқтан­дырып, мәпелеп өсірді. Осының барлығын көріп өскен соң, тракторды ерекше қадірлеу біздің қаны­мызға сіңген әдет болды. Содан соң әкеме қарап ме­нің де қызығушылығым оянды. Ұлдардың арасында жал­ғыз қыз болған соң, әкеме еркелеп, қасында жүріп трак­тор айдауды үйреніп алдым. Мектепте оқып жүр­генде ер балалар «қыз бала трактор айдаған несі» деген­дей мазақтап, тиіскен кездер болды. Ал қалың бұқара ара­сынан «бұл қызға тән іс емес, болашақ ана боласың, ауыр нәрсе көтеруге болмайды» деп жазғандар да табыл­ды. Бірақ мен көңілім қалап тұрған іс болған соң жал­ғас­тыра бердім. Негізі, кезінде ағаларым да бұл іспен ай­на­лысуы­ма қарсы болған. Ал қазір бір әулеттің түтінін түтетер келіні атанған соң, жолдасым да қарсылық танытып жүр. Алдағы уақытта онымен тағы бір сөйлесіп, райынан қайтарып, бұл істі әрмен қарай дамытамын деген ойдамын. Десе де, дәл қазір Түркі­стан қаласындағы оқу орындардың бірінде тіс дәрігері маман­дығын игеріп жатырмын. Бірақ «қалауын тапса, қар жанар» демек­ші, екі істі қатар алып жүруге болады деп ойлаймын. Одан бөлек, келіндік міндетімді абыроймен атқаруым керек. Келін демек­ші, бір туысқанымыздың тойы болған кезде «тракторшы келін­нің қайын атасы» деп атамды көпшілікке таныстырса керек. Біз мұны өз арамызда қызық көріп, қалжыңдап айтамыз. Басылымдарыңыз арқылы қыз-келіншектерді 8 наурыз Халықаралық аналар, әжелер және қыздар мерекесі секілді ерекше мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Көктемнің гүліндей құлпырып, әсемдіктің, әдеміліктің, әдептіліктің иесі болып жүре бергейсіздер! Сүйікті істеріңізбен айналысып, ең­бегіңіздің жемісін көріңіздер! Бастысы, істеген ісіңізден ләззат алсаңыз болғаны, содан соң елдің сөзін елемеген абзал. Сүйікті ісіңізді орта жолдан тастап кетпей, ұста секілді жан-жағын жо­нып, айналасын тегістесеңіз, күннің бір күнінде өз ісіңіздің білгірі атанатыныңызға шүбәм жоқ. Сол кезде кезінде сізге сын айтқан кісілер басқаша сөйлеп шыға келеді. Сол себепті өз-өзіңізге деген сенімділік жоғалмасын!