Арулар – тіршілікке күретамыр, Өмірді бір-біріне жалғап тұрар...

Арулар – тіршілікке күретамыр, Өмірді бір-біріне жалғап тұрар...

Арулар – тіршілікке күретамыр, Өмірді бір-біріне жалғап тұрар...
ашық дереккөзі
Адамзат барда, адамгершілік барда Ана де­ген ардақты ат мәңгі жасай бермек. Аналар 365 күн бойы құрметке лайық, дегенмен күнтізбедегі қызыл белгімен ерекшеленген осы­нау мерекеде әйелдер қауымы сый-құр­мет пен ерекше ілтипатқа екі есе бөленеді де­се де болады. 8 наурыз Халықаралық әйел­дер күні қарсаңында біз де елімізде әртүрлі са­лада еңбек етіп жүрген, ана мәртебесін абырой­мен алып жүрген, қалың көпшілікті ер­лігімен таңғалдырған нәзік жандыларды әң­гімеге тартқан едік.  width= Күнсұлу ЗАКАРЬЯ, QazVac вакцинасының авторы, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының директоры: Қазақ әйелінің болмысын қалыптастыруда ұжымның рөлі зор
Біздің институттың ал­дын­да ел Президенті Қ.Тоқаев­тың қойған үлкен міндет-мақ­саты тұр, солардың ішіндегі ең маңыз­дысы – еліміздің қауіп­сіздігі мен халқымыздың ден­саулығы. Сол үшін біз аянбай, өзі­мізге уақыт арнауды ұмы­тып, тынбай еңбек етіп жүр­міз. Ғылымда, тәжірибе жүргізу ке­зінде расымен уақытты ұмы­та­сың, ал егер еліміздің денсау­лы­ғы мен қауіпсіздігі күн тәр­ті­бін­де тұрған кезде тіпті осындай жар­қын мереке мен демалысты да ұмы­тасың. QazVac вакцинасын әзірлеу – бүкіл ұжымның еңбегі. Мұнда бөліп-жару дұрыс емес, сол себепті бұл вакцинаны әзірлеу про­­цесіне институтымыздың барлық қыз­мет­кері үлес қосты. Гендерлік тұрғыдан қарайтын бол­сақ, бұл процеске араласқандардың 30 пайы­зы – ғалым әйелдер. Атап айтсақ, профессор Күляй­сан Сұлтанқұлова, PhD докторы Айнұр Нұр­пейісова, медицина ғылымдарының кан­ди­даты Нурика Асанжанова, профессор Ольга Червякова және тағы басқа білікті мамандар бұл игі іске атсалысты. Бұл тәжірибелі ғалымдармен қатар, біліктілігімен көзге түскен жас маман­дары­мыздың еңбегін ескерген дұрыс. Жас­тары­мыз алдыңғы шепте тұрған ғалымдарға қарап бой түзеп, ғылымды жан-жақты игеріп келеді. Қуан­тарлығы сол, біздің институтта қыздар мен жігі­ттерге діттегеніне жетуге мол мүмкіндік бері­леді. Бізде жұмыс істеп жатқан жас ғалым­дар­дың аяқ алысын бағамдайтын болсам, батыл, алғыр әрі қағілездігімен бізді таң-тамаша етіп жүрген олардың келешекте ғылымның дамуына, еліміздің өркендеуіне орасан үлес қосатын азаматтар қатарына кіретініне сенімім мол. Жалпы, бүгінде заманның жаһандану процесі жаңа талаптар қойып отыр. Қазіргі қазақ қыздары біздің Әлия, Мәншүк, Хиуаз апаларымыз сияқты батыл, өжет, қайсар болуы керек. Заман талабына сай білімді және ақылды болуы қажет. Еш нәрседен қорықпай алдыға ұмтылуы керек. Бұл жерде қоғам мен отбасынан бөлек, ұжымның қазақ әйелі болмысын қалыптастыруда рөлі зор. Мысалы, біздің институтта жас мамандарды тәрбиелеуде, олардың есімі елге белгілі ғалым, азамат болып қалыптасуына септігін тигізетін жас ғалымдар кеңесі бар. Онда жастармен тәрбие жұмыстары жүргізіліп, олардың болашағына бағытталған жоспарына ерекше көңіл бөлінеді. Әр әйел адам өмірде өз орнын табу үшін көп еңбек ету керек екені әмбеге аян. Кей­де олар өзіне жұмсамайтын күш-жігерді ғылым жолында сарп етеді. Сондықтан әйел ға­лымдар әр жұмысын, уақытын жоспарлап жүреді. Бұл тиянақтылық ғылымда да байқалады. Әйел ғалымдардың жауапкершілігі де жоғары деп айтар едім. Әйел-ана қашанда береке бастауы, отбасы ынтымақтастығы мен тұрақтылықтың кепілі бола бермек. Көктемнің алғашқы мерекесі қуаныш және көтеріңкі көңіл күй сыйласын! Барша әйелге мықты денсаулық, бақыт және жақ­сылық тілеймін! Әрқайсысыңыздың жүрек­теріңізден жарқын болашаққа, бақытты күнге деген сенім мәңгілік айнымасын!
 width= Ләззат ҚАЛТАЕВА, Сенат депутаты: Отанымызда, отбасымызда бейбітшілік болсын
– Мерекені әдетте үйде отырып тойлағанды құп көремін. Десек те, бұл мейрам отбасындағы әйелдің рөлі маңызды екенін айтатын бірден бір себеп. Бұл күні бізге мерекелік көңіл күй сыйлайтын үйдегі ерлер қауымы әйелдердің тек сол күні ғана емес, қалған 364 күні елеп-ескерілуі тиіс екенін жақсы біледі. Біздің ұйым әйелдерден құралғандықтан бұл күні де түрлі іс-шаралар өткіземіз. Жалпы, қоғамдағы қазақ әйелінің рөлі ерекше екені бесенеден белгілі. Ел арасында батыр атанған қыздарымыз да бар. Менталды тұрғыдан алғанда қазір заман басқа болғанымен, бүгінгі қазақ әйелінің мінезі баяғыша: мықты, өз-өзіне сенімді. Ерлермен тең жұмыс істей алады. Мұны біз күн сайын көріп жүрміз. Дегенмен ерте тұрмыс құру, алып қашу, гендерлік теңсіздік, отбасындағы зорлық секілді мәселелердің алдын алу үшін әйелдердің құқығы туралы көп айтылу қажет. Сенат депутаты қызметіне кіріскеніме екі апта уақыт өтсе де, білім мен ғылым, жұмысқа орналасу, медицина қызметін көрсету секілді көп мәселеге көңіл бөлдік. Қарастырылатын жаңа заңдардың азаматтарға қандай пайдасы бар екені, соның ішінде әйелдер мәселесі әр кез күн тәртібінде тұрады. Сондықтан әйелдер мәселесі басты назарда екенін айтқым келеді. Мереке қарсаңында бар тілегім – Отанымызда, отбасымызда бейбітшілік болса екен! Қазір бізге тұрақтылықтан басқа ештеңе қажет емес. Әйел – нұрлы ақыл иесі, әйел – оңтайлы тәсіл ойлап табатын жан. Осы екі мінезі арқылы олар біздің өмірімізге тұрақтылық, жылу, бақытқа алып келеді. Ал мұның нәтижесінде, төрімізден бейбітшілік пен келісім кетпейтіні айдан анық.
 width= Айгүл БИСЕМБИЕВА, 52 жасында босанған ана: Әр қыз ана болуға лайық, әр әйел бақытты болуға лайық!
– Елімізде бұл мерекеге аса мән беріліп, осы күні еліміздің барлық аймағында тойланатын болған соң, мен де 8 наурыз күнін асыға күтетінім рас. Бірақ көп әйел секілді біреу сыйлық береді-ау деп күтпеймін. Десе де, көтеріңкі көңіл күймен сол күні сөйлескен, кездескен жанға қуат беруге тырысамын. Жалпы, өзім өзгелерге жылы лебіз білдіргенді ұнатамын. Қаңтарда мен босанған кезде халық та менен жылу сөзін аянып қалмай, тамаша тілектерді қарша боратты. Жалпы, 52 жаста ана болу деген ерекше сезім. Сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Осы жаста ана атанғаныма, бала сүйгеніме сансыз шүкіршілік айтамын. Балам күні кеше ғана қыр­қынан шықса да, мен секілді сәби сүюді аңсап жүрген әйелдердің жүрегінде үміт отын жағайын деп хабарласқан басылымдардың түгеліне дерлік сұхбат беріп жатырмын. Бар арманым – көп жыл бойы бала күтіп жүрген әйелдер күдер үзбесе екен деймін! Әр қыз ана болуға лайық, әр әйел бақытты болуға лайық! Бізде Құлсарыда бала сүйе алмай, дәрігер кабинетінің табалдырығын тоздырып жүр­ген әйелдер саны көп. Арасында жасы бар, үлкені бар, оларға менің жолымды берсін, жұғысты болсын дегім келеді. Бала сүю – Алланың әйел адамдарға берген ең үлкен нығметтерінің бірі. Сол үшін Алладан жәрдем сұрау ке­рек. Алланың сынағына шы­дау қажет. Бала сүю бақы­тына ие болу үшін төзім­ді бола білу керек. Жолдасымның бірін­­ші отбасы­нан екі қыз бар. Ұлы да болған еді, бірақ өкінішке қарай, ол бала кішкене ке­зінде қай­тыс болды. Сол се­бепті бала­қай­дың дүниеге келуін біз ғана емес, әпкелері де көп күтті. Күллі ел болып құт­тық­таған балапаным­ның есімін жолда­сым­ның Атырауда тұра­тын екінші қызы Нұркелді деп қойды. Қазір біз ең тәтті кезеңді бастан өткеріп жатыр­мыз. 63 жасқа келген ағаң бүгінгі заманның ағымына ілесіп, бала бағып, бесік тербетіп, жүзі балбұл жайнап жүр. 52 жасқа келген ма­ған да бала емізіп, балаларға арналған заманауи жөргекті ауыс­тыру, түн ұйқымды төрт бөлу – өте қызық, тамаша сезім. Біз кіш­кен­тай болғанда ондай жөргектер болмады. Баланың көңі­лін аулай­тын ойыншықтар да басқа болды. Сол себепті менің қа­зіргі күйім­ді бала күтіп жүрген әр әйел басынан өткізсе екен деймін! Осы сәтті пайдаланып, сіздің ба­сы­лым­­дарыңыз­ды оқитын әйелдер қауы­мының дендеріне сау­лық, бас­тары­на аман­дық тілей­мін! Аңса­ған арманына жет­­сін! Мен се­кіл­ді сәби сүй­сін! Үбір­­лі-шү­бірлі болсын!
 width= Ақмаржан ҚАЛМҰРЗАЕВА, фристайл-акробатикадан Бейжің қысқы Олимпиадасының финалисі: Мереке күні жарысқа түстік

– Біз, спортшы қыздар 8 наурыз мерекесін көбіне оқу-жаттығу жиындарында қарсы аламыз. Тіпті, дәл сол кү­ні жарысқа түскен кездеріміз болған. Жаңылыспасам, дәл 8 нау­рыз күні Универсиадада бақ сы­нап, ел намысын қорғағанбыз. Сол себепті ел­дегі қыз-келіншектер секілді ол уақытта қы­дыру, өзімізге уақыт арнаудың сәті түсе бер­мейді. Биыл да наурыз айына жоспар­лан­ған жарыс саны көп еді. Әлем кубогына қа­тысу үшін жолға шығуымыз керек бо­ла­тын. Алайда қазір әлемде болып жат­қан саяси жағдайға байланысты жарыстың түгелі дерлік кейінге шегерілді. Бейжіңдегі тартысқа то­лы бәсекені бақыла­ған болсаңыз, ірік­теу кезеңінде 98.68 ұпай жинап, екінші алтылықта көш бастап, фи­налға өттім. Финалға өткендегі бап­керлерімнің қалай қуан­ға­нын теледидар арқылы көрген бо­ларсыз. Өкінішке қарай, фи­нал­да бірінші мүмкіндікті сәтті пай­далана алмай, іріктеуде секір­ген қиын элементті қайталай алма­дым. Кешке қарай күн суып кет­ті. Оның үстіне, қобалжығаным тағы бар. Сөйтіп, құлап қалып, аз ұпай алдым. Ал екінші мүмкіндікте аяғымдағы шаңғы те­мірге жабысып, сайысты ойдағыдай бас­тай алмадым. Ондай кезде төрешілер үшін­ші мүмкіндік береді, бірақ ең соңында се­кіруің қажет. Бұл мүмкіндікті мүлт жі­бер­мей, жаттығуды жақсы орындап шықтым, бап­керлерім де жоғары бағалады, бірақ төре­шілер 70-ке жетер-жетпес ұпай берді. Сөйтіп, жүлдеге таласа алмай қалдым. Негізі, фристайл-акробатика – өте күрделі спорт. Сырт көзге білінбейді, бірақ менде жарақат көп. 2015 жылы трам­плиннен секірген кезде тіземдегі сіңір бай­ламы үзіліп кетіп, бұл спортқа енді қайтып орал­маспын деп уәде бергенмін. Бірақ ота жа­сап, өз қалпыма қайта келген соң бап­керлерім үгіттеп, жаттықтырып, қатарға қай­та қосты. Ақырында қанша жарақат ал­сам да қайта секіруге батылым жетіп, бұл спорт­қа «байланып» қалғанымды сезіп, қол үзіп кете алмадым. Бейжіңнен соң маған осы спорт туралы жазатындардың қатары кө­бейді, әсіресе 18 жастағы қыздар «Менің де айналысқым келеді. Неден бастасам болады?» деп жазады. Шынына келгенде, 18 жас біздің спорт үшін тым кеш. Бірақ әркім пешенесіне жазғанын көреді. Бәлкім, 18 жаста енді бастаса да, 24 жаста келесі Олим­пиада топ жарып, жүлдегерлер қатарына ілі­нер. Кім біліпті?! Сондықтан жалындап тұр­ған жастардың бағын байламай, сағын сындырмайын деп шама-шарқым жеткенше бағыт-бағдар беремін. Жалпы, біздің ха- лық – өте намысшыл. Неге десеңіз, өзге елдерде бұл спорт түрінен ел атынан сынға түсетіндерді ұзақ уақыт бойы дайындайды. Мысалы, олар шаңғыны игеруге 2 жыл, сальто жасауға 3 жыл уақыт кетіреді. Ал біз­де мүлде басқаша. Біз бұл спортты бүгін бастасақ, келесі күні екілік сальто үйренуді бастап кетеміз. Бірде жазда Қытайда жер­гілікті спортшылармен оқу-жаттығу жиы­нын бірге өткіздік. Екілік сальтоны енді үйреніп жатқан олардың қасында біз үштік сальто жасап, өзара жарысып жүрдік. Мұның барлығы – біздің елге тән намысшыл мінездің, бойда қайнап тұрған намыстың арқасы. Намысың болмаса ондай күрделі элементтерді аз уақытта істей алмайсың. Осы спортты жанына серік етіп жүрген қыз­дардың дайындық барысын көріп жүрген соң оларды ерлерден асып түспесе кем түспейді деп нық сеніммен айта аламын. Осы ретте намысты қолдан бермейтін қыздарды, бізге өмір сыйлаған аналары­мызды, етегіне салып баққан әжелерді 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын! Әйелдер болмаса өмір соншалық көркем болмас еді. Тек 8 наурыз емес, әр күндеріңіз шат-шадыманға толы бол­сын!

 width= Жазира ТҰРҒЫНОВА, ең жас көпбалалы ана: Көпбалалы болудан қорықпаңыздар
– Жолдасым екеуміз қазір 4 ұл, 4 қыз тәрбиелеп отырмыз. Үйдегі бес нәзік жан иесі бұл мейрамды тойлатпаймыз десем күпірлік болар. Бесеуміз де бұл күнді асыға күтеміз. Әдетте, бұл күнде бізді отағасы мейрамханаға шақырады. Содан соң үйге келген соң бесеуі бесеуміздің асты-үстімізге түсіп, ілтипат көрсетеді. Балаларым мектепте мұғалімдерімен бірге арнайы сыйлықтар әзірлеп, үйге келе сала құттықтап, мойныма асылады. 2019 жылы 27 жасымда еліміз бойынша ең жас көпбалалы ана атанған кезде мені танып-білген көпшілік көп сұрақтың астына алды. Ол кезде 7 балам болатын. Сосын егіз қыз босандым, өкінішке қарай егіздің сыңары үш айлық кезінде шетінеп кетті. Ал оның сыңары дін-аман, шауып жүр. Үлкенімнің жасы 14-те, кіші қызым 1,5 жаста. Бесеуі мектепке барады, ал үшеуі үйде. Жалпы, маған көпбалалы болған ұнайды. Үйдің ішін у-шу, азан-қазан болмаса өзімді біртүрлі сезінемін. Арамызда «көпбалалы әйел болуға дайын емеспін» дейтіндер көп. Оларға көпбалалы болудан қорықпасын дегім келеді. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» демекші, әр баланың өз несібесі барын ескерейік. Әрбірден соң, бала санының көп болғаны кімге кедергі келтіреді дейсіз?! Көп болса, ертең өскен кезде бір-біріне демеу болып, бірі қиналса, екіншісі атып тұрып жүгіре жөнелетін бауырмал болып өспей ме?! Байқағаным, қазір жас аналар да көп бала тууға қорқақтайды екен. Екі-үш баламен шектеледі. Құдай берсе туа беру керек. «Сосын оларды қалай бағамын?» деп те уайымдамаған абзал. Дүниеге келген әр адамның осы өмірден алар өз үлесі бар, өзіне тиесілісі бар. Қаласаң, барлығына үлгеруге болады. Мемлекет те аянып қалмайды. Біз 2019 жылға дейін Шымкентте пәтер жалдап тұрған едік. 7-бала дүниеге келген соң Үкімет Леңгір қаласынан үй беріп, бір күннің ішінде осында көшіріп әкелді. Одан кейін де кішігірім көмек берілді. Негізі, Леңгір қаласында тұрған бізге ұнайды. Өзім де Леңгір қаласы орналасқан Төле би ауданына тұрмысқа шыққанмын. Сол себепті балаларымды ауызбіршілігі жарасқан осындай аймақта тәрбиелеп жатқаныма қуаныштымын. Әйелдер қауымын көктемнің осынау шуақты мерекесімен құттықтаймын! Бастысы, тепсе темір үзетін мықты денсаулық тілеймін! Сосын жоғарыда айтқанымдай, көпбалалы болудан қорықпаңыздар! Үйлеріңізден сәбидің іңгәлаған үні, сыңғырлаған күлкісі кетпесін!
 width= Арай ҚҰРШАНБЕК, тракторшы қыз: Бір тойда көпшілікке атамды «Тракторшы келіннің қайын атасы» деп таныстырды
– 8 наурыз күні қыз-келіншек­тердің жүзі балбұл жайнап, одан бетер құлпырып шыға келеді ғой. Мен де жыл сайын осындай көңіл күймен өз үйімде ақ дастарқан жайып тойлатушы едім. Бірақ биыл барлығы бас­қаша болғалы тұр. Себебі жуырда тұрмысқа шық­тым. Ел арасында «тракторшы қыз» атан­ған соң көбі әртүрлі пікір айтты. Осы ретте трактор айдауға неліктен қызыққанымды айта кетсем. Әкем 30-35 жыл бойы трактор айдап, сол арқы­лы нәпақа тауып, бізді киіндіріп, аяқтан­дырып, мәпелеп өсірді. Осының барлығын көріп өскен соң, тракторды ерекше қадірлеу біздің қаны­мызға сіңген әдет болды. Содан соң әкеме қарап ме­нің де қызығушылығым оянды. Ұлдардың арасында жал­ғыз қыз болған соң, әкеме еркелеп, қасында жүріп трак­тор айдауды үйреніп алдым. Мектепте оқып жүр­генде ер балалар «қыз бала трактор айдаған несі» деген­дей мазақтап, тиіскен кездер болды. Ал қалың бұқара ара­сынан «бұл қызға тән іс емес, болашақ ана боласың, ауыр нәрсе көтеруге болмайды» деп жазғандар да табыл­ды. Бірақ мен көңілім қалап тұрған іс болған соң жал­ғас­тыра бердім. Негізі, кезінде ағаларым да бұл іспен ай­на­лысуы­ма қарсы болған. Ал қазір бір әулеттің түтінін түтетер келіні атанған соң, жолдасым да қарсылық танытып жүр. Алдағы уақытта онымен тағы бір сөйлесіп, райынан қайтарып, бұл істі әрмен қарай дамытамын деген ойдамын. Десе де, дәл қазір Түркі­стан қаласындағы оқу орындардың бірінде тіс дәрігері маман­дығын игеріп жатырмын. Бірақ «қалауын тапса, қар жанар» демек­ші, екі істі қатар алып жүруге болады деп ойлаймын. Одан бөлек, келіндік міндетімді абыроймен атқаруым керек. Келін демек­ші, бір туысқанымыздың тойы болған кезде «тракторшы келін­нің қайын атасы» деп атамды көпшілікке таныстырса керек. Біз мұны өз арамызда қызық көріп, қалжыңдап айтамыз. Басылымдарыңыз арқылы қыз-келіншектерді 8 наурыз Халықаралық аналар, әжелер және қыздар мерекесі секілді ерекше мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Көктемнің гүліндей құлпырып, әсемдіктің, әдеміліктің, әдептіліктің иесі болып жүре бергейсіздер! Сүйікті істеріңізбен айналысып, ең­бегіңіздің жемісін көріңіздер! Бастысы, істеген ісіңізден ләззат алсаңыз болғаны, содан соң елдің сөзін елемеген абзал. Сүйікті ісіңізді орта жолдан тастап кетпей, ұста секілді жан-жағын жо­нып, айналасын тегістесеңіз, күннің бір күнінде өз ісіңіздің білгірі атанатыныңызға шүбәм жоқ. Сол кезде кезінде сізге сын айтқан кісілер басқаша сөйлеп шыға келеді. Сол себепті өз-өзіңізге деген сенімділік жоғалмасын!