Жаңару жолында
Жаңару жолында
1 наурыз күні «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XXII съезі өтті. Кезектен тыс съездің күн тәртібінде партияның Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу және «Nur Otan» партиясының модернизациясы мәселелері қаралды. Съезге қатысушылар партияның атын «AMANAT» деп ауыстыруды бірауыздан қолдады.
Партияның Саяси кеңесінің құрамы өзгерді
Кезектен тыс съезде партияның Саяси кеңесінің құрамы өзгерді. Саяси кеңестің құрамынан Оспанбек Әлсейітов пен Нұрлан Нығматулин шығарылды. Ал олардың орнына Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Президент Әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу, «Астана» медицина университетінің ректоры Қамалжан Надыров, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Максим Рожинді енгізу ұсынылды. Бұл ұсынысты съезд делегаттары бірауыздан қолдады.
Партияны жаңарту бағдарламасының жоспары таныстырылды
Партияның Атқарушы хатшысы Асхат Оралов партия жұмысына кешенді талдау жасалғанын, қоғамдық пікір мен сарапшылардың ұстанымы зерттеліп, аймақтардағы партия мүшелерінен ұсыныстар жиналғанын айтты. Оның сөзінше, халықты толғандыратын өткір мәселелерге, партия туралы қоғамның сынына жүйелі сараптама жасалған. Адалдық пен әділдік, нәтижелі жұмыс пен жауапкершілік, жеделдік пен ашық-тық – қазір қоғамның партияға және оның әрбір мүшесіне қойып отырған басты талабы екенін айтып, нәтижесінде әзірленген партияны жаңарту бағдарламасының жоспарын таныстырды.
Бірінші халықпен кері байланыс жасау құралдарының тиімділігін арттыру тетіктері ұсынылды.
Ең әуелі партия жанындағы қоғамдық кеңестердің құрылымын қайта жасақтау керек екенін айтқан ол кейбір кеңестерде салалық мәселелер бойынша көтеретін сұрақтар тым ұқсас болғандықтан, оларды біріктіру мәселесін көтерді.
– Республикалық деңгейде – 9, аймақтарда – 8, аудандарда 5 кеңестен қалдырған жөн. Ел аумағы бойынша кеңестер саны 700-ге қысқарады. Бұған қоса, олардың құрамы да жаңартылады. Белсенділігі төмен кеңес мүшелерінің орнына елдің сөзін сөйлейтін тұлғаларды тартамыз, – деді Асхат Оралов.
Партия хатшысының сөзінше енді Қоғамдық қабылдау бөлмелеріне өтініш берушілер өз өтініштерінің қаралу барысын онлайн режимде бақылай алатын болады. Кейіннен партиялық экожүйеге интеграциялай отырып, жаңа медиада азаматтардың шағымдары мен сұрақтарына мониторинг жүргізу жүйесі әзірленетін болады. Оған қоса, шалғай елді мекендерге Парламент және мәслихат депутаттары, Саяси кеңес мүшелері, филиалдардың басшылары тұрақты түрде барып тұрмақ.
Екінші – аймақтар мен елді мекендердегі партия құрамын нығайту бойынша жұмысты күшейту мәселесі ұсынылды.
– Бастауыш партия ұйымдары – партияның негізі. Қазір олардың саны 4,5 мыңнан асады. БПҰ-ны «округтік БПҰ» құру арқылы ірілендіру жоспарланып отыр. БПҰ төрағаларының белсенділігін, ұтқырлығын және жауапкершілігін арттыру үшін оларды бағалау рейтингін енгізу, партия жобаларын іске асыру үшін БПҰ-ға партия жарналарының 20 пайызын қайтару тәжірибесін енгізу ұсынылады, – деді Асхат Оралов.
Сонымен қатар партияның Саяси менеджмент мектебінде биыл 3 мыңнан аса партия мүшесін, оның ішінде депутаттарды, ауыл әкімдерін, бастауыш партия ұйым мүшелерін саяси менеджмент пен коммуникацияның жаңа форматтарына үйрететін кешенді оқыту жүргізілетіні айтылды.
Партияның жұмысының барынша ашық болуы керек, бұл – ұсынылған үшінші мәселе.
Партияның Атқарушысы хатшысы пилоттық жоба ретінде жүргізілген мәслихаттардағы «Nur Otan» депутаттарының рейтинг жүйесі толықтай сынақтан өткенін мәлім етіп, нәтижесін жұртшылыққа жария етуді ұсынды.
– Мұнымен қатар партиялық мобильді қосымша іске қосылады. Онда азаматтар партияның жұмысы туралы жедел ақпарат алып, қоғамдық маңызды мәселелерге байланысты түрлі сауалнамаларға қатысып, өтініш пен ұсыныс-тілектерін қалдыра алады, – деді ол.
Оған қоса, Қоғамдық саясат институтының базасында халықты толғандыратын мәселелер бойынша ұсыныстар әзірленетін TALQYLAU тұрақты жұмыс істейтін диалог алаңын ашу ұсынысы айтылды.
«Нұр Медиа» холдингі базасында Парламент және мәслихат депутаттарының, Үкіметтің партиялық мүшелері мен жергілікті атқарушы органдардың тұрақты брифингтері бар партиялық баспасөз орталығын іске қосу ұсынылды.
Партияның Атқарушы хатшысы бұл бастамалар «Ашық партия» бірыңғай тұжырымдамасы аясында іске асырылатынын айтты.
Төртінші ұсыныс ретінде партия бақылауын күшейту мәселесі айтылды.
Сәуір айында республикалық сайлауалды бағдарламаның орындалуын тексеру қорытындысы бойынша Мәжілістегі фракцияның кеңейтілген отырысын өткізу ұсынылғанын еске салған Асхат Оралов бұдан әрі осындай жұмысты өңірлерде жүргізуді ұсынылатынын айтты. Мұның барлығы сайлауалды уәделердің орындалуына септігін тигізбек.
Бесінші. «Қазіргі өзгерістерге сай партияның басты бағдарламалық құжаттары қайта қаралуы керек»
– Ең әуелі партияның жарғысына өзгерістер енгізу керек. Партияның және оның филиалдары төрағасының Бірінші орынбасары қызметінің орнына Атқарушы хатшы қызметі енгізіледі, – деді Асхат Оралов.
Партияның стратегиялық құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу де өте маңызды екенін атап өткен ол қазір арнайы жұмыс тобы 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» және 2025 жылға дейінгі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламаларын қайта қарауға кіріскенін айтты.
Алтыншы – халықтың өзекті мәселелерін ескере отырып, қолданыстағы партия жобаларына бірқатар жаңа жобаны іске қосу ұсынылды.
Соның ішінде экологиялық ойлауды қалыптастыруға және қоғамда экомәдениетті дамытуға бағытталған «ТазаLike», қоғамның көңіл ауанын, әлеуметтік шиеленістің ықтимал ошақтарын анықтайтын «Әлеумет» жобаларын бастау туралы ұсыныс айтылды. Одан бөлек, «Жаңа Қазақстанға 30 инновациялық идея» жобасы да іске қосылмақ.
«Jas Otan» Жастар қанатының жұмысын толықтай қайта жаңғырту тағы бір орындалуы тиіс маңызды мәселе.
Асхат Оралов «Jas Otan» қатарына жастар арасында шын беделі бар нағыз көшбасшылар тартылатынын айтты. Одан бөлек, ауыл жастарына арналған «Өрлеу» атты жаңа партиялық жобасы ұсынылды.
– Оның аясында еліміздің түкпір-түкпіріндегі жастардың тұлғалық дамуына, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға арналған, оларды кәсіп ашып, табысты болуға ынталандыратын кешенді шаралар жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулитын «Қайсар» атты жаңа әскери-патриоттық жоба іске қосылады. Ел қорғайтын, мемлекетімізге қызмет ететін ержүрек азаматтарды тәрбиелеуге басымдық беріледі, – деді ол.
Сонымен қатар жастардың мәселелерін, оның ішінде NЕET санатын, сондай-ақ оларды әлеуметтендіру әдістері мен шараларын анықтау бойынша кешенді талдау басталатыны да айтылды.