ІІМ қаңтар оқиғасына қатысты 3 мыңға жуық істі тергеп жатыр

ІІМ қаңтар оқиғасына қатысты 3 мыңға жуық істі тергеп жатыр

ІІМ қаңтар оқиғасына қатысты 3 мыңға жуық істі тергеп жатыр
ашық дереккөзі
Ішкі істер органдарының тергеушілері қаңтар оқиғасына қатысты 2997 қылмыстық істі тергеуде. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты деп жазды turkystan.kz.
«Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты қылмыстық істер арнайы прокурорлардың іс жүргізуінде. Өз кезегінде ішкі істер органдары ұрлықтарды, тонауларды, қару ұрлау мен тәртіпсіздік барысында жасалған басқа да қылмыстарды тергеумен айналысады. Қазір ішкі істер органдары тергеушілерінің өндірісінде 2997 қылмыстық іс бар.  Олар бойынша сот санкциясымен 194 адам қамауда ұсталып отыр. Атап айтсақ, 152 адам жаппай тәртіпсіздік барысында ұрлық жасағаны үшін, 22 адам қаруды заңсыз сақтағаны және 24 адам қаруды ұрлағаны үшін қамаққа алынды», - деді спикер.
Департамент бастығының айтуынша, жеке басын, денсаулық жағдайын және тергеуге көрсетілген көмекті ескере отырып, 199 күдіктіге қамауда ұстау шарасы ешқайда кетпеу туралы қолхатқа, кепілге, үйқамаққа алуға және жеке кепілгерлікке ауыстырылған.
«Қамаудағы күдіктілерге тергеу изоляторларында, сондай-ақ қажет болған жағдайда медициналық мекемелерде білікті медициналық көмек көрсетіледі. Қазіргі уақытта ішкі істер органдарының істері бойынша қамалғандар арасында денсаулықтарына шағымданғандар жоқ. Оларға адвокаттардың, туыстарының және құқық қорғаушылардың келуіне кедергісіз рұқсат етілген. Қаңтар оқиғалары бойынша 174 күдіктіге қатысты қылмыстық істер айыптау актісімен аяқталды», - деді Санжар Әділов.