Орталық сайлау комиссиясының төрағасы түркістандықтармен кездесті

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы түркістандықтармен кездесті

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы түркістандықтармен кездесті
ашық дереккөзі
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жұмыс сапарымен Түркістан облысында болып, өңірдегі саяси партиялардың, ҮЕҰ, БАҚ өкілдерімен, қоғамдық пікір көшбасшыларымен, блогерлермен, сайлау комиссияларының мүшелерімен кездесті деп жазды turkystan.kz комиссияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесу барысында еліміздегі сайлау жүйесі мен сайлау заңнамасын жетілдіру жөніндегі мәселелер мен ұсыныстар талқыланды. Қатысушылар аудан әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге қолдау білдірді, сайлау процесіне қатысушылардың сайлау заңнамасының нормаларын бұзғаны үшін жауапкершілік шараларын күшейтуді, азаматтардың, оның ішінде мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын сақтау кепілдігін қамтамасыз етуді ұсынды. Бұдан бөлек, мажоритарлық және аралас сайлау жүйелерін енгізу, Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттығына сайланатындардың санын шектеу қажеттігі айтылды.  width= Сондай-ақ, қоғам өкілдері Президенттікке кандидаттарға қатысты заңнама талаптарына қатысты өз ұстанымдарын білдірді. Яғни, олар кандидаттардың ел аумағында тұрақты тұруы және мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымдарда жұмыс тәжірибесінің болуы қажеттігін алға тартты. Қатысушылар өтелмеген сотталғандығы бар адамдардың кандидаттарын сайланбалы лауазымдарға ұсынуға және Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының бір партиядан екіншісіне ауысуына жол берілмейді деп санайтындарын атап өтті. Кездесу қорытындысы бойынша Нұрлан Әбдіров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаңа Қазақстанды құру жөніндегі бастамаларын қолдайтындарын айтқан азаматтық қоғам өкілдеріне алғысын білдірді. Осы күні комиссия төрағасы өңір жастарымен кездесті. Кездесу барысында жастар өкілдері бірқатар ұсыныстарды алға тартты. Атап айтқанда, партиясыз азаматтарды Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттығына ұсыну құқығы, ұлттық байқаушылардың мәртебесін арттыру, оларды сайлауаралық кезеңде оқыту, сайланбалы лауазымдар үшін жас шамасын белгілеу, жастардың электораттық мәдениетін арттыру мәселелері көтерілді.  width= Сондай-ақ электрондық дауыс беруді енгізу мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасты. Жекелеген қатысушылардың пікірінше, цифрлық технологияларды енгізу, электрондық дауыс беру ақпараттық қауіпсіздікті сақтау, сондай-ақ сайлау үдерісінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету қажеттігі айтылды.