«60-тан астам елде 200-ден аса ән шырқаған»: Роза Бағланованың туғанына – 100 жыл!

«60-тан астам елде 200-ден аса ән шырқаған»: Роза Бағланованың туғанына – 100 жыл!

«60-тан астам елде 200-ден аса ән шырқаған»: Роза Бағланованың туғанына – 100 жыл!
ашық дереккөзі
Қазақтың ұлттық ән өнерін күллі әлемге паш еткен әнші, «Халық қаһарманы» Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толып отыр. Осы ретте, белгілі ақын, журналист, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан өзінің Facebook-тегі парақшасына ұлы әншінің мерейтойы құрметіне орай өткен концерт туралы көлемді пост жариялады, деп жазды turkystan.kz.
«Кеше елордамыздағы «Қазақстан» концерт залында отандық және шет ел эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттің беташар сөзінде Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев мырза ЮНЕСКО деңгейінде тойланатын тұлғалар тізіміне енген даңқты әншінің ғасырлық тойы ресми түрде басталғанын айрықша атап өтті. Алдағы уақытта еліміздің әр өңірінде, Парижде, бесігін тербеген Сыр бойында ірі шаралар өтетінін жеткізді. Қаһарман әншінің рухына бағышталған рухани шараға Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев арнайы жүрекжарды тілегін жолдапты. Көктемнің алғашқы күнінде министрлікке қарасты «Қазақ әуендері» АҚ (басшысы – Ғалымжан Өтелбай) ұйымдастырған ғажайып ән кеші көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлады» деп жазды Жанарбек Әшімжан.
Роза Бағланова Оның айтуынша, пандемия мен түрлі әлеуметтік қайшылықтардың қамауында қалған қалың көрермен өнерге шөліркеп қалған екен. Бұл ретте Роза Бағланованың репертуарындағы әндерді «Еңбек Ері» Роза Рымбаева бастаған өнер иелері орындаған. Арасында мерейтой иесінің ел мен жер тағдырына қатысты үзік-үзік пікірлері де беріліп отырған. Роза Бағланова
«Роза Бағланова дүниенің 60-тан астам елінде гастрольдік сапарлармен болып, қазақтың сөзі мен сазы келіскен тамаша әндерімен қоса, түрлі ұлттар мен ұлыстардың да әнін шырқапты. Жалпы, репертуарында халқымыз ерекше сүйіп тыңдаған 200-ден аса әндер болған. Біртуар әншінің жаны қандай нәзік болса, жүрегі аттың басындай қайсар екеніне халық сан рет куә болған. ІІ Дүниежүзілік қырғында оқ пен оттың ортасында жауынгерлерге рух сыйласа, бейбіт кезеңде де елдің мұң-зарын үлкен мінбелерден шыбын жаны шырқырап айтқан еді. Адамзатқа уын шашқан атом бомбасы сынағын тоқтатуды талап етіп, аңқасы кепкен Арал тағдырына араша сұраған, Желтоқсан көтерілісінің әділетсіздігін төрелерге тура қарап айтқан да осы Роза апамыз болатын», - деп тебіренді одан әрі Мәжіліс депутаты.
Роза Бағланова Сондай-ақ ол Роза Бағланованың азан шақырылып қойған негізгі есімі Үрбибі екенін еске салды. Ал кеше айтулы сахна жұлдыздарымен бірге ол кісінің немересі – 10 жастағы Үрбибі Бағланова да өнер көрсеткен. Сонымен қатар, концерт соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ұлы әншінің құрметіне арнайы ықылас гүлі сахнаға шығарылып, көрермендер назарына әншінің өмірінен сыр шертетін фотокөрме ұсынылды.