23 жыл бұрын құрылған партия қызметін жаңғырту – бүгінгі күн талабы

23 жыл бұрын құрылған партия қызметін жаңғырту – бүгінгі күн талабы

23 жыл бұрын құрылған партия қызметін жаңғырту – бүгінгі күн талабы
ашық дереккөзі
Бүгін өткен Nur Otan партиясының кезектен тыс XXII съезіне ҚР Президенті, партия Төрағасы Қ.Тоқаев қатысып, партияны жаңғыртудың 7 басымдығын айқындап берді. Маңғыстау облысынан сайланған 13 делегаттың бірі ретінде мен де бұл маңызды шараға қатыстым. Алғашқы болып сөз алған партияның атқарушы хатшысы Асхат Оралов елдегі ең ірі партияны қайта жаңғырту бағытындағы ұсыныстар мен модернизациялау бағдарламасы, жаңа атауы мен белгісін қабылдауды дауысқа салды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Nur Otan партиясының атауын «AMANAT» деп өзгертіп, құрылымы мен қызметін жаңғыртып, Жаңа Қазақстанды құруда бірқатар тапсырмалар берді. Осыдан 23 жыл бұрын құрылған партия қызметін жаңғырту бүгінгі күн талабынан туындап отыр. Еліміздің ең басты ұйымы – партияның атауын –« AMANAT» деп өзгерту делегаттар тарапынан бірден қолдау тапты. Аманат – жай сөз емес, қазақ үшін киелі ұғым. Кең байтақ жеріміз бізге аманат болса, оны келешекке мирас ету – негізгі міндет. Халқымыз аманатқа қиянат етпеген, демек, елге қызмет ету, жерді құрметтеу – бізге аманат. Қазіргідей аумалы-төкпелі заманда біз жаңа даму кезеңінде Жаңа Қазақстанды құруға қоғам болып жұмыла кірісу қажет. Халқымыз қаншама қиын кездерді, сын қатерлі сәттерді бастан кешті. Мемлекет басшысы ұсынған партияны модернизациялау бағдарламасының 7 басымдығының бағыты – халықпен кері байланыс жасау құралдарының тиімділігін арттыру, партияластар арасында ынтымақтастықты, ашықтықты және бақылауды күшейту басты назарда болмақ. Халықпен кері байланыс жасау құралдарының тиімділігін арттыру үшін қоғамдық кеңестердің санын оңтайландырып, қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысын проактивті форматқа ауыстыру керек. Сондай-ақ, бастауыш партия ұйымдарының қызметіне толық талдау жүргізіп, 3 мыңнан астам партияласты халықпен жұмыс істеу дағдыларына үйреткен жөн. Ал партия жұмысында ашықтықты жолға қою үшін депутаттар қызметінің рейтинг қорытындыларын жария етіп, ұйымның мобильдік қосымшасы іске қосылады. Партиялық бақылау күшейтуді қажет етіп тұр. Бұл бағытта сайлауалды Жол картасының бөлімдері партия бюросының мүшелеріне, ал көрсеткіштері саяси кеңесінің мүшелеріне бекітіледі. Әрине, мемлекет дамуында күрделі кезеңдер болатыны анық, ал сыннан сүрінбей өту – елдің ауызбіршілігіне байланысты.
«Мен үшін ең басты құндылық – Қазақстанның тәуелсіздігі. Мемлекет басшысы ретінде еліміздің қауіпсіздігі мен халқымыздың амандығын қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Жауапкершілік жүгі қаншама ауыр болса да, одан еш қаймықпаймын. Енді білек сыбана жұмыс жасау керек. Халық нақты өзгерістерді күтіп отыр. Партияның атына заты сай болуы тиіс. Ел бірлігін нығайтып, Жаңа Қазақстанды құру – бәрімізге ортақ міндет», - деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Елдің дамуы халықтың әл-ауқатының жақсаруынан көрінеді, қоғамның алға басуы жаңашыл бастамалардың жүзеге асырылуынан байқалады. Олай болса, елге қызмет ету – ерге сын, Тәуелсіздікті сақтау, мемлекеттілікті қорғау – әр азаматқа аманат.

Анар ШАМШАДИНОВА,

Ақтау қалалық мәслихатының депутаты