Миллер мен Сечин Forbes-та көш бастады

Forbes журналының жаңа рейтінгісі бойынша, Ресейдің «Газпром» басқармасының басшысы Алексей Миллер екінші рет Ресей топ-менеджерлерінің ішінде ең жоғары жалақы алатын тізімде көш бастап тұр. Екінші орында – «Роснефть» жетекшісі Игорь Сечин.

Басылымның мәліметінше, 2015 жылы жұмысы үшін Миллер 17 миллион 700 мың доллар сыйақы алған. Сечин болса 13 миллион доллар пайда тапқан. Осының алдында «Роснефть» компаниясының баспасөз хатшысы Михаил Леонтьев Forbes берген бағаны «сандырақ» деп атаған. Сбербанк басқарма басшысы мен президенті Герман Греф 11 миллион пайда тауып, үшінші орынға шыққан.

ВТБ банктің басқарма басшысы Андрей Костин бұл жолы рейтінгіге кірмеген. Былтыр ол екінші орында тұрған.

Бұл жолы жыл сайынғы тізімге 25 топ-менеджер кірген. «Русгидроның» бұрынғы басшысы Евгений Дод және «Башнефть» компаниясының бұрынғы басшысы Александр Корсик бұл тізімге ілінбеген.

Журнал тізімге енген барлық топ-менеджерлердің табысы бір жыл ішінде бір жарым есеге кеміп, 147 миллион долларды құрағанын жазады.

Back to top button