Елбасы 2020 жылға дейін жұмыс істеуге ниетті

Елбасы 2020 жылға дейін жұмыс істеуге ниетті

Елбасы 2020 жылға дейін жұмыс істеуге ниетті
ашық дереккөзі
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Bloomberg ақпарат агенттігіне берген сұхбатында билікті мұрагер ретінде табыстау сценарийін қарастырмайтынын айтты.
– "Билікті табыстау Қазақстан конституциясында жазылған. Барлығы заң негізінде болады. Балаларымды президенттікке мұрагер ретінде қарастырмаймын. Бұл бізге сай емес", – деген Назарбаев Bloomberg журналистеріне. Қазақстан президенті сонымен бірге 2020 жылға дейін жұмыс істеуге ниетті екенін айтқан. "Ал 2020 жылы біз сіздермен кездесеміз", – деп күліп жауап берген. Президент әзірге өзінің жаңа мерзімі туралы айту ерте деп, бұл денсаулығы мен Қазақстан халқының қолдауына байланысты деген. Bloomberg сайтында Қазақстан президентімен сұхбат 22 қарашада Ақордада алынғаны хабарланған. Агенттік Орталық Азиядағы энергия ресурстарына бай, Ресей мен Қытай секілді ірі елдердің ортасында орналасқан Қазақстанда биліктің ауысуы шиеленісті екенін атап өткен. Агенттік журналистерінің жазуынша, Қазақстанда билік ауысу мәселесі Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов кенеттен өмірден өткеннен кейін өзекті тақырыпқа айналған. 76 жастағы Назарбаев 1991 жылдан бері Қазақстанды басқарып келеді. Конституцияға сәйкес, Назарбаев президент сайлауына өзінің кандидатурасын шексіз ұсына алады. 2010 жылы қабылданған "Ұлт көшбасшысы" заңына сай Қазақстанның бірінші президенті қызметінен кеткеннен кейін қызмет еткен жылдарда жасаған әкімшілік және қылмыстық істері үшін ұсталмайды, қамалмайды, мүлкі тәркіленбейді және жауапқа тартылмайды.