Астана атауына қатысты ұсыныстарға депутат пікір білдірді

Астана атауына қатысты ұсыныстарға депутат пікір білдірді

Астана атауына қатысты ұсыныстарға депутат пікір білдірді
ашық дереккөзі
Кеше ғана елімізде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясы» қабылданған болатын. Бүгін Астанада осы құжаттың маңыздылығын талқылаған баспасөз мәслихатты өтті, деп хабарлайды BAQ.kz.
Баспасөз мәслихатына келген депутаттар ел тәуелсіздігінің елеулі сәттерін қорытындылаған декларацияның мемлекетіміз үшін, Қазақстан халқы үшін маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар дәл осы декларация қабылдау барысында Астана қаласының атауын өзгертіп, Нұрсұлтан немесе Назарбаев деп атау жөнінде ұсыныс айтылған болатын. Алайда, баршамыз білетіндей бүгін Елбасы бұл ұсынысқа қатысты өз пікірін айтқан еді. Соған қарамастан баспасөз мәслихатына келген ҚХА мүшесі, парламент депутаты Шаймардан Нұрымов Астана атауын Елбасы есімімен алмастыру 20 жылдан кейін де ұсынылатынын алға тартты. «Иә, бұл ұсыныс бұдан бірнеше жыл бұрын да ұсынылған. Ол кезде де Елбасы қарсы болып, Астана атауы өзгеріссіз қалған болатын. Ал биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр толған уақытта, мемлекетіміздің қандай жетістікке жеткенін көріп отырып, осы әрекетіміз арқылы Елбасымызға, Президентімізге айтқан алғысымыздың бір белгісі. Біз қандай халық болсақ та, қайда болсақ та өз қаһармандарымызды ешуақытта естен шығармаған, шығармайтын халықпыз. Сондықтан, осыдан 7 жыл бұрын да ұсыныс жасалған, кеше де жасалды, осыдан 10 жылдан кейін де, 20 жылдан кейін де ұсыныла береді» - дейді депутат.