Журналист адамгершіліктен неге ада?

Журналист адамгершіліктен неге ада?

Журналист адамгершіліктен неге ада?
ашық дереккөзі
Бұқаралық ақпарат құралдары – қоғамдық пікір қалыптастырушы күш. Газет бетінде қозғалған әрбір тақырып, әрбір мәселе көпшіліктің көкейіндегіні дөп басып, қара халықтың ойындағысын жетер жеріне жеткізетін қауқары бар. Осыны біле тұра, әріптестердің көбіне-көп айқайлап айтуға болмайтын мәселелерді жер жаһанға жариялап жүруі журналистік этика тұрғысынан да, адамгершілік тұрғыдан да құпталмайтын әрекет. 

СУИЦИД – ЖАҢАЛЫҚ ЕМЕС

Суицид терминінің не мағынаны білдіретінін бұрынырақ ешкім білмейтін. Қазір кәрі де, жас та жариялылықтың арқасында мұның қандай дерт екенін біледі. Соңғы ғасырларда бұл беймәлім дерт философтар, теологтар, социологтар мен дәрігерлердің  назарын өзіне аударған. «Сизиф туралы миф» еңбегінде философ Альбер Камю суицидті жалғыз қиын мәселе ретінде көрсетеді. Қазіргі таңда бұқаралық ақпарат құрал­дары ақпарат таратуда маңызды рөл ат­қа­рады. Қоғамдық пікірге серпін беріп, саясат, экономика, тіпті әлеуметтік өмірде жұртшылықты сендіріп, иландыра алатын қасиеті баршаға мәлім. БАҚ белсенділігі суицид насихатын емес, оның алдын алуға қауқарлы. Осы бағыттағы зерттеулерге сенсек, өзіне қол жұмсауға баратын адамдардың көпшілігі өзін өлімге қимайды. Әрдайым көңілінде күмәні, үміті болады. Осындай екіұшты көңілде жүрген адамдардың суицид жасауға бел шешуіне баспасөздегі мағлұматтар итермелейді екен. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының зерттеуіне сәйкес, басылымдардағы суицид жайлы ақпарат арқылы дерт зардаптарының алдын алуға болады. Бірақ ол үшін төртінші билік өкілдерінің бұл дерттен сенсация жасауын, осы тақырыптағы материалдарды аса сақтықпен жазуын қадағалаған абзал. БАҚ-тың әуелі қоғамдық пікірге, одан соң шешім қабылдауға әсер еткен тұңғыш мысалы 1774 жылы И.Гетенің «Жас Вертердің азабы» еңбегінен басталды. Осы туындыны оқыған адамдардың өз-өзіне қол жұмсауы жиі байқалған. Бұдан кейін Нью-Йоркте Дерек Хамфридің «Окончательный исход» кітабы жарыққа шыққаннан кейін өз-өзіне қол жұмсаушылардың жартысынан көбі осы кітаптағы тәсілді қолданса керек. Бүгінге дейін осындай кітаптар мен мақалалар көптеп жазылды, оның кесірі көңілінде қаяуы бар адамдарға әсер етті де. Бірақ соңғы кездері суицид көбейді ме, әлде баспасөз осы тақырыпты іліп әкетіп, жиі жазатын болды ма, көбіне осы жағымсыз жаңалықты оқып отырғаның. Дәстүрлі баспасөз ғана емес, телеарналардың да ықпалы аз емес. Мысалы, суицид туралы мәлімдемелер, танымал тұлғалардың өз-өзіне қол жұмсауы туралы хабарлар дертке шалдыққандардың санасына 10 күндей тыным бермейді екен. Ендеше осы тақырыптағы мәлімдемелер аса сақтықпен берілуі тиіс. Әріптестердің суицид туралы жарыса жазып, сүйінші сұрағандай оқырман мен рейтингке ұмтылуы журналистік шеберлікке жатпасы анық. Ендеше, журналистік этиканы қайтпекпіз?

ЗОРЛЫҚШЫНЫ НАСИХАТТАП ЖҮРМІЗ БЕ?

Қазір жаңалықтан небір зұлым­дық­тарды естіп-көріп отырған әжелеріміз осы біздің кезімізде осының бірі бол­маушы еді дейді. Заман тыныш болды ма, журналистер қауымы тыныш болды ма, әйтеуір жамандықтың ауылы алыста еді. Кеңестер кезінде кез келген ақпарат, кез келген таңсық дүние ішке кіргізілген жоқ. Керегін енгізіп, керексізін сұрыптап алуға ұмтылды. Бұл тұрғыда ғаламторды тазалап, таза ақпаратқа ғана рұқсат қоюға болады. Бұл тәсілді Қытай ақпараттық ресурстары тиімді пайдаланып отыр. Елімізде жастар ғаламтор  арқылы кез келген ақпаратты ешбір қиындықсыз ала алады. Хош, желіден теріс бағытты насихаттайтын сайттарды аластаттық делік. Ал телеарна мен баспасөзді қайтпекпіз? «Пәлен жерде пәленше қызға тиісіп қойыпты, балаға қиянат жасапты» деген хабарды күнде жаңалықтан көріп, ақпараттық порталдардан оқып отырмыз. Бұл ақпаратты берген күннің өзінде зорлаушы ұсталып, жазаланды деген  қорытындысы болса, бір сәрі. Өкінішке қарай, «тергеліп жатыр, іздестіріліп жатыр» деумен шектеледі. Олай болса, бұл педофилдерге насихат емей немене? Істі тындыр да, жасырынып жүре бер дегенді аңғартпай ма? «Ауруын жасырған – өледі» десек те, бұл жалпы журналистер емес, құқық қорғау органдары, психологтар, арнайы ұйымдар мен дәрігерлер айналысатын мәселе. Баспасөз тек ақпарат таратумен шектеледі. Қазіргі таңда осы ақпараттың өзі еліртіп отырған жоқ па арам пиғылдыларды?! Ендеше бұл мәселеде әрбір дерек, әрбір оқиға сүзектен өткізіліп барып жарияланғаны абзал.

ҚАНТӨГІС ОҚИҒА КӨРЕРМЕНДІ КӨБЕЙТЕ МЕ?

Суицид пен педофилден басқа тағы бір мәселе қоғамның қызыға оқитын тақырыптарына айналып үлгерген. Ол – қантөгіс оқиға, кісі өлтіру, атыс-шабыс пен қанды оқиғамен аяқталған жантүршігерлік жайттар. Әсілі, халық осы тақырыпты жиі тыңдаса, рейтингті осы мәселемен ғана жинау керек деген сөз емес қой. Телеарна бағдарламаларын, ток-шоуларды былай қойғанда кешкі жаңалықтардың қай-қайсысы да қанды оқиғасыз жаңалық бермейтін болған. Кезінде журналистика факультетінде хабар берудің реттілігін оқытушы еді. Онда оқырманды жалықтырып, не болмаса түңілдіріп алмас үшін бір жағымды жаңалық, бір жағымсыз жаңалықты алмастырып отыру заңдылығы оқытылады. Бірақ теория мен тәжірибенің келіспейтін бір тұсы осы болар. Телеарналар ақпарат беруде бұл қағиданы елемейді де. Жантүршігерлік жаңалыққа жаны құмар жұртшылық осы тектес бейнероликтерді әлеуметтік желілерден өздері іздеп қарап отырады. Өз сәбилерін ұрып-соққан, нәрестесін көшеге тастаған аналардың видеосы әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп, ақпараттық порталдар іле-шала осы видеоны өз сайттарына жүктеп жатады. Осылайша видеоны көрген адамдардың есебінен сайтқа әжептәуір рейтинг жиналды. Әйтсе де осы видео құқық қорғау органдарының назарына іліккен соң, ғаламтор желісінен алып тастауға болмас па еді? Әлде мақсат қатыгез аналарды насихаттау ма? Бәрібір журналист қауымы ол әйелдің кім екенін, баланы не үшін ұрып-соққанын, бала денсаулығына келген зиянды анықтай алмайды. Анықтайтын, осы іспен айналысатын құзырлы органдар. Бос сөз, күмәнді ақпарат беріп, жұрттың көңілін аудару адамгершіліктен жоғары болғаны ма?