Жаңалықтар

Тек қана әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекасының талаптары өзгерді

ашық дереккөзі

Тек қана әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекасының талаптары өзгерді

Әйелдерге арналған бағдарламаның талаптарына өзгеріс енгізілді. Енді «Ұмай» ипотекасы табысы жоғары қыз-келіншектерге де қолжетімді. Іскер әйелдер үшін ортақ отбасылық табыс шегі 320 мың теңгеден 640 мың теңгеге дейін көтерілді деп жазды turkystan.kz. Әлеуетті қарыз алушының ай сайынғы отбасылық табысы 550 мың теңгеден аспаса, ол 15 пайыздық бастапқы жарнамен несие алады. Ал отбасының ортақ кірісі айына 550 001 теңгеден 630 мың теңгеге дейінгі аралықта болса, онда тұрғын үйді 20 пайыздық алғашқы жарнамен алуға болады. Бағдарлама бойынша берілетін заемның ең жоғарғы құны 30 миллион теңгеге дейін. Пайыздық мөлшерлеме 13,5-ке тең. Ол кейін 5 пайызға дейін төмендетіледі. «Ұмай» бағдарламасы бойынша қарыз алу мерзімі – 6 айдан 25 жылға дейін. Бұл ретте тұрғын үй таңдауда шектеулер жоқ. Оны алғашқы және екінші нарықтан, соның ішінде үлестік қатысу шарттары бойынша сатып алуға болады. Сондай-ақ, «Ұмай» бойынша баспананы жөндеу жұмыстарына да 3,7 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде қарыз алуға болады. Гендерлік теңдікті жетілдіруге негізделген әйелдер бағдарламасы – «Отбасы банк» АҚ мен Азия даму банкінің бірлескен жобасы. Оны іске асыруға АДБ 38 миллиард теңге бөлуді көздеп отыр. 2021 жылы «Ұмай» бағдарламасы басталған кезде бірінші транш аясында 8,4 миллиард теңгеге 954 қазақстандық қыз-келіншек қарыз алды. Аталмыш өнімге деген сұраныс Нұр-Сұлтан, Қарағанды және Ақтөбе облыстарының тұрғындары арасында жоғары болды. Екінші транш – 14 миллиард теңге болмақ. Биыл несие алу туралы өтініштер наурыз айының ортасынан қабылданады. Бұл туралы «Отбасы банк» клиенттеріне қосымша хабарлайды. Осы жылы АДБ қарыз қаражатын жоғары мөлшерлеме бойынша орналастыратындықтан, қарыз алушылар үшін ол жылдық 13,5 пайызға дейін ұлғайтылды.