Жаңалықтар

«Гендер пати» жасайтын қазақ отбасы көбейді (ВИДЕО)

ашық дереккөзі

«Гендер пати» жасайтын қазақ отбасы көбейді (ВИДЕО)

Қазір жастар арасында түрлі кештер сәнге айналып жатыр. Соның бірі - Gender Reveal Party. Бұл іс-шараның мақсаты - көпшілік алдында әлі дүниеге келмеген баланың жынысын анықтау. Этнограф Досымбек Қатранұлының қазақта «гендер пати» рәсімі болған ба, қазақ танымына сай ма деген сұрақтарға балалар психологы Мадина Сералинова пікір білдірді деп хабарлады turkystan.kz tengrinews.kz-ке сілтеме жасап. Gender Reveal Party - жүктілік кезінде жасалатын, болашақ сәбидің жынысын жақындарының арасында анықтауға арналған кеш. Бұл идея 2000 жылдары АҚШ-та пайда болған. Әлемдік БАҚ-та алғаш рет Дженна Карвунидис 2008 жылы торт кесу арқылы гендер пати жасағаны туралы деректер кездеседі. БАҚ мәліметінше, ол үш рет түсік тастағаннан кейін осындай рәсім өткізуге шешім шығарған. Сондай-ақ, YouTube желісінде 2009 жылы осы тақырыптағы видеолар жүктелгені туралы айтылады. Gender Reveal Party түрлі дизайнда жасалып, өзіндік идеяға сай өткізіледі. Бұл мақсатта өткізілетін кештен қоспасы көк, қызғылт түсті торттан бастап, шар, арнайы қорап, отшашу, жарық, түрлі-түсті із қалатын самолет секілді көрнекіліктерді байқауға болады. Бірақ басты шарт - қызғылт және көк түсті элементтің болуы.

Әдетте, бала жынысы әйел жүктілігінің 15-аптасында ультрадыбыс зерттеуі арқылы анықталады. Кез келген нәрсені байыппен зерделеген қазақ халқы ертеден ешқандай құралсыз-ақ, әйел адамның сырт келбетіне, құрсақ көлеміне, неге жерік екеніне қарап, бала жынысын анықтаған. Әйел адамның бет-әлпетінде өзгерістер болса, қыз бала болады, не жүкті әйел жайнап жүрсе, ұл балады деген түсінік қалыптасқан. Сондай-ақ, іші дөңгеленсе - қыз, сүйір болса - ұл болады деген де жорамал жасайды. Аяғы ауыр кезде ащы нәрсеге жерік болса - ұл, тәттіні сүйсініп жесе, қыз болуы мүмкін дегенді де айтады. Этнограф Досымбек Қатранұлының айтуынша, гендер пати - арнайы зерттелмеген, жаңа нәрсе.

«Қазақтың табиғатында дәл «гендер пати» деген дүние болмаған. Бірақ тұңғыш балада құрсақ көтергеннен бастап айтатын болған. Қазіргі күнге дейін бірлі-жарым «құрсақ той», «құрсақ шашу» өткізіп, атап өтеді. Бірақ ол жерде жынысқа байланысты әңгіме қозғалмаған. Сонымен қатар, «келіннің құрсағы ақ айранға толыпты» деген секілді сөздермен тұспалдап айтатын болған. Сөйтіп, келіннің аяғы ауыр екенін жеткізеді», - деді ол.

Оның айтуынша, өмірде түрлі жағдай болуы мүмкін. Қазақ - ырымшыл халық. «Гендер пати» жасаудың салдары кейін қандай да бір жағымсыз жағдай бола қалса, байқалуы мүмкін. Себебі бұл жаңалықты «гендер пати» арқылы көпшілікке алдын ала жариялап қояды. Сондықтан халқымыз оның бәрінен сақтанған.

«Қазақта баланың жынысын анықтау деген дүние кейінгі кезде қалыптасып келе жатыр. Кейінгі 5 жылда сәнге айналды десек болады. Бұрын қазақ халқы бала дүниеге келгенше оған ат қоймаған. Аман-есен дүниеге келсе екен деп тілейді. Мысалы, бала өмірге келсе де, қырқынан шыққаннан кейін ғана басқа ат қойып жатады. Ал дәстүрлі ортада жынысын айту деген дүние болған емес», - деді ол.

Ал балалар психологы Мөлдір Сералинованың айтуынша, "гендер пати" ата-анаға ерекше әсер етеді. Соның ішінде әкелерге әсері бар. Бала әкемен де, бала анамен де тығыз қарым-қатынаста болуы керек. Мұндай мақсаттағы іс-шаралар ата-ананың екеуіне де бала кім болса да, қабылдауға мүмкіндік береді. Іштегі бала да әкесі мен анасының ішкі күйін сезінеді. Сөйтіп, өзін күтетінін біледі.