Жаңалықтар

Криостаз: өлім алдындағы өтініш

ашық дереккөзі

Криостаз: өлім алдындағы өтініш

Кей адамға ажал ерте келеді, кей адам оған өзі асығады. Құдайдан үміті бар адам үшін біріншісіне налып, екіншісіне ұмтылу – екеуі де шектен шығу саналады. Қызылды-жасылды дүниенің тәттілігіне тоймаған адам баласы ажалдың өзін алдап түсірудің неше түрлі амалын ойлап бақты. Бірақ өлімді жеңді деген пендені көрген ешкім жоқ. О дүниеге озып, одан қайтып келген де адам жоқ. Ажалдың иісін сезіп, бақидың терезесінен сығалаған кей пенделер болмаса... Қазақ «Қыдыр баба» деп атап кеткен адам өмірде болған, бірақ ажал келмеген  Қызыр атты ғайып пенде деседі. Бірақ ол туралы дерек өте аз, барының өзі – аңызбен ұштас. Ал бүгінгі сөз ғайып иелері туралы емес, шынымен қайтыс болып, біраз жылдан соң қайта тірілуге үмітті, сол үшін қолда бар қаржысын жұмсауға дайын адамдар туралы. Криогенді технологияларды зерттейтін компаниялар бұл адамдардың үмітін үкілеп, оларды ғылым мен медицинаның құдіретіне иландырғысы келеді.

«ҰЙҚЫДАҒЫ АРУ» МА?

Британдық басылымдар 14 жастағы қызды «Frozen girl» деп атады. Осыдан үш жыл бұрын Дисней компаниясы экранға шығарған «Frozen» (аудармасы «Суық жүрек») анимациялық мультфильмінің атын еске түсіреді. Бірақ шындығында, дауыл боратып, қар ұшқындатып, мұздан қалашық тұрғызатын Эльза ханшайым мен обыр ауруынан көз жұмып, екі жүз жылдан соң қайта тірілу үшін денесін мұздатып, сақтауға өткізген жасөспірім қыздың арасында еш ұқсастық жоқ. Егер балалар әдебиетінен әлдебір ұйқас іздегіміз келсе, бұл қызды «Ұйқыдағы ару» ертегісінде бір ғасыр ұйықтап, жүз жылдан соң оянатын ханшайыммен салыстыруға болар еді. Бірақ жүз жылдан соң бұл жасөспірім ояна ма? 14 жастағы жас қыз обыр ауруынан көз жұмар алдында өзінің мәйітін криокомпанияға табыстап, ауруына ем табылған күні оны өмірге қайта «әкелу» жөнінде өсиет қалдырған. Аты-жөні әдейі құпия сақталған жасөспірімнің өлім алдындағы өтініші өз даусымен таспаға жазылып, ғаламтор арқылы төрткүл дүниеге тарады. Егер оның жасы 18-ден асқанда, бұл өтініш жалпақ жұртқа жария болмас па еді. Бірақ кәмелетке толмаған жасөспірім өз тағдырына не өз өліміне қатысты маңызды шешім қабылдауда ата-анасының қолдауына жүгінуге мәжбүр, ақыры, шешесі көнгенімен, әкесі мұндай шешімге қарсы болғандықтан, жас қыз ғаламтор арқылы өтінішін жариялап, өз құқығын қорғау үшін сотқа жүгінді. Жоғарғы сотқа жазған хатында ол: «Мен өлгім келмейді, бірақ мен өлім сәті жақын екенін білемін... Мен ұзақ өмір сүргім келеді... Мен осы мүмкіндікті пайдаланғым келеді» деп түсіндірген. Бұдан соң ол: «Мен өлемін, бірақ мен 200 жылда қайта ораламын» деген. «Мен жерге көмілгім келмейді» дейді хаттың тағы бір тұсында. Ол өлгеннен кейін өз денесінің мұздатылып, криогенді консервация жасалып, ауруының емі табылғанша сол күйі сақталуын қалады. Ағылшын соты жасөспірімнің бұл талабын кері қайтармай, соңғы тілегінің орындалуына рұқсат берді. Ол 17 қарашада Лондон ауруха­на­сында көз жұмған. Қыздың денесі оның өлімінен сегіз күн өткенде АҚШ-тың Мичиган қаласындағы Крионик институтына жеткізілген. Сот шешіміне сәйкес, қыздың аты-жөні құпия сақталып, бұл іс жайлы деректер 18 қарашаға дейін жарияланбауы тиіс болған. Басқаша айтқанда, «болары болып, бояуы сіңген» соң ғана жария етілді. Бірақ ертегідегі «ұйқыдағы ару» емес, шын өмірде жасөспірім қыздың «мәңгі мұздатылған» денесіне қайтадан жан бітіп, оның оянар-оянбасы беймәлім. Бәлкім, криостаздың ақырын көру біздің ғұмырымызға жазылмаған шығар. Себебі қазіргі ғалымдардың есебінше, мұндай озық технологиялардың дамуы үшін әлде елу, әлде жүз жыл керек...

КРИОСТАЗ ДЕГЕН НЕ?

Криогенді технология туралы алғаш рет 1960 жылдары ашық айтыла бастады. Ғылыми тілде бұл процесс «криостаз» деп аталады. Ғалымдар оны тек теориялық тұрғыда сипаттайды, себебі бұл әлі күнге соңына дейін жүзеге аспаған іс. Яғни, ажал құшқан адамның тәнін мұздатып, оны біраз уақыт сақтап, сәті соққан күні «қайта тірілтіп» алу бүгінге дейін ғылыми фантастика жанрына ғана тиесілі. Криостаз адам денесіндегі қанды түгел ағызып, оның орнына криопро­тек­тор деп аталатын арнайы сұйықтық құюды білдіреді. Бұл сұйықтық мұздың майда қиыршықтарының адам денесіне енбеуін және оның денесінде тамшы су қалмауы үшін керек. Себебі аса төмен температурада су молекулалары қатайып, ұлғаятыны белгілі. Яғни, адам денесін сол күйі мұздататын болса, онда бойдағы қан ішкі ағзаларды жарып жібереді. Криопротектор осындай қатерден сақтайды-мыс. Ал мұздату процесі аяқталған соң, дене – 196 C градуста, компьютерге жалғанған және сұйық азот құйылған арнайы қондырғының ішінде сақталады. Қазірде криогенді технологиялармен коммерциялық мақсатта айналысатын үш компания бар: оның екеуі – АҚШ-та, біреуі – Ресейде. АҚШ Крионик институтының сайтындағы дерекке қарағанда, 14 жасар қыз олардың 143-ші тұтынушысы. Екінші америкалық компаниядағы мұздатылған денелер саны осыған шамалас. «Daily Telegraph» газетінің жазуынша, өз тәнін жерге көмбей, мұздатуға берген адамдардың ішінде он шақты британдық бар. Британияда бұл «қызмет» ақысы 37 000 фунт стерлинг. Криогенді технологиялардың көмегімен мәйіті сұйық азотта сақталған ең алғашқы адам – 1967 жылы 73 жаста қайтыс болған психолог Джеймс Бедфорд. Бұл технологиялардың «атасы» саналатын Роберт Эттингердің денесі 2011 жылдан бері криоорталықта сақтаулы. Сұйық азотта денесі сақтаулы тағы бір атақты адам – 2002 жылы 82 жаста көз жұмған бейсбол ойыншысы Тед Уиллиямс.  Бірақ оны басы мен денесі екі бөлек мұздатылған деседі... «The Times» газеті криогенді консервацияға келісуі мүмкін деген көзі тірі танымал адамдарды атайды. Олар: әнші Бритни Спирс, тележүргізуші Ларри Кинг, PayPal төлем жүйесінің негізін салушы Питер Тиль.

КРИОСТАЗДЫҢ САЛДАРЫ НЕШІК?

Қазіргі кезде әлемде криостазға келіскен адамдардың саны шамамен 1250-ге жеткен. Олардың ішінде көзі тірісінде криоорталықтарға жарна төлеп, өлгеннен кейінгі шығынды қазірден бастап өтеп жатқандары баршылық. Ал денесі мұздатылған адамдардың көбісі әлі емі табылмаған аурудан қайтқан көрінеді, яғни, егер ол аурулардың емі табылған кезде және медицина мұздатылған тәнді қайтадан «тірілтуге» қауқары жеткен күні оларды  «ояту» мен емдеу процесі қатар жүруі тиіс. Себебі бұл адамдар күндердің күнінде жазылмас дертінің емі табылар деген үмітпен үзілген. Сондай атты күн туа қалса, қазіргі технологиялар мен ғылымның көмегімен өмірге «қайта келмек». Бірақ іс жүзінде олар үшін бәрі «ойдағыдай» боларына еш кепіл жоқ. Криостазға келіскен адамдар көз жұмғаннан кейін өз тәндерін криогенді орталыққа беруге келісіп, қажетті құжаттарға қол қояды. Келісім-шартта криоорталық тарапынан ешқандай кепілдік берілмейтіні тайға таңба басқандай анық жазылған. Бірақ компания өз тұтынушыларын болашақта мұндай істің жүзеге асатынына барлық алғышарттар бар деп сендіреді. Басқаша айтқанда, сонша қаржы төлеген адамдар қайта «оянуы» да, «оянбауы» да мүмкін. «Оянған» жағдайда олардың ақыл-есі бүтін, дені сау боларына ешқандай сенім жоқ. Британдық «Daily Mirror» газетінің жазуынша, денесі криоорталыққа өткізілген 14 жасар қыздың әкесі бұл іске қарсы болған, ол журналистерге берген сұхбатында өз алаңымен бөлісті: «Егер медициналық тұрғыда бәрі ойдағыдай болып, ол 200 жылдан соң өмірге қайта келді делік, сонда оның жанында өзіне жақын бірде-бір адам, бірде-бір туысы болмайды әрі ол ештеңені есте сақтамаған халде оянуы мүмкін ғой» деген. Ұлыбританияның Сандерленд қаласындағы діни қызметкер Марк Лиден-Смит BBC жаңалықтар қызметіне түсініктеме беріп, «бұл қайта тірілу туралы өтірікке ұқсайды» деп пікір айтқан. Дін қызметкері сондай-ақ криогенді компаниялардың ғылымды Құдаймен шатастырып алмауларын ескертті. Осы орайда, BBC жаңалықтар қызметі криокомпаниялардың іс-әрекеті жайлы ғалымдардан пікір алған. Олар криокомпаниялар адамдардың ажалдан құтылу үмітін саудаға салып, ақшалай пайда тауып отырғанын айтады. Себебі қазіргі таңдағы ғылымның жетістігі – ер мен әйел адамның ұрығын және адам эмбрионын мұздатып сақтау ғана. Бірақ адамның белгілі бір мүшесін немесе оның толық ағзасын мұздатып, ұзақ уақыт сақтауға қауқарсыз. Әзірге медицина ауыстырып салатын ағзалардың өзін ұзақ мерзімге сақтаудың жолын тапқан жоқ. Мысалы, криогенді камерада бауыр он екі күн, ал жүрек сегіз күн ғана сақталады. Бүйректің «жарамдылық» мерзімі –  бір тәулік қана.  Шектеулі мерзім өткен соң, ағзаның клеткалары өліп, ауыстырып салуға жарамсыз болады. Сонда жекелеген ағзаларды ұзақ уақыт мұздатып сақтап, одан кейін оған қайта тіршілік нәрін бере алмаған медицина адамның өзін оның жанымен, ой-санасымен, мінез-құлқымен бірге сол қалпында қайта «тірілте» ала ма? Теориялық тұрғыда мүмкін деп санасақ, яғни, денесіне қайта «жан бітіп», «қайта тірілген» адамда бұрынғы ой-сана бола ма? Оның мінез-құлқы, әдеттері, білімі, ақылы т.б. сақтала ма? Бұл сұрақтарға әлі жауап жоқ. Себебі адамның ақыл-ойы мен мінез-құлық қоймасы мида екен белгілі, ал мидың бар құпиясын ғылым әлі ашқан жоқ. Ендеше, біраз жыл «мұздатып», сосын қайта «өмірге келгенде», мидағы синаптикалық байланыстар зақымданбай, ол бұрынғы қалпынша жұмыс істейді, ондағы ақпарат сол күйі сақталады деп ешкім кепілдік бере алмайды. «Қайта оянған» адам жас бала сияқты санасыз, тәжірибесіз, білімсіз болуы да мүмкін. Және мұндай эксперимент шын мәнінде жүзеге асқан жағдайдың өзінде, елу не жүз жылдан соң «оянған» адам жер бетінде өзі танитын және өзіне жақын бірде-бір адамды таппасы анық. Оның ешбір туысы, жақын-жуықтары, дос-жарандары болмайды. Бұдан мыңдаған жылдар бұрын Аристотель айтып кеткен «Адам – әлеуметтік хайуан» деген теорияны ешкім әлі жоққа шығарған жоқ, яғни, адам қоғамнан тыс өмір сүре алмайды, рухани жақын адамдардың қолдауынсыз адами болмысын сақтауы қиын. Сонда елу не жүз жылдан соң «оянып», өзің танымайтын ортаға, сені мойындамайтын қоғамға және талабы басқа заманға тап болудың мәнісі бар ма? Кейбіреулер үшін мұндай сұрақтар ауадағы жаңғырық сияқты. Ғалымдар мен діни қызметкерлер қарсы болса да, криогенді технологиялар дамып, оларға ақша төлеп, өз тәндерін сақтауға берген адамдардың саны көбейіп келеді. Мұның ақыры не болар?  

«ӨЛМЕЙТІН САЙТАН ЕМЕСПІН...»

Бұрынғының кісілері асарын асап, жасарын жасаған соң, өздерінің  бақиға аттанар уақытын алдын-ала сезетіні, тіпті күні бұрын күтетіні ешкімге таңсық емес еді. Мысалы, менің әжем жер бетінде 80 жылдан аса тіршілік етіп, қайтыс болды. Шын жасы, бәлкім, тоқсанға жақындаған шығар, оның анығын өзі де айта алмайтын. Бірақ өлерінен кемі он жыл бұрын бояуы оңып, өрнегі кетілген  ескі сандыққа орамал-матасын толтырып, «Мен өлгенде жұртқа таратасыңдар» деп дайындалумен болды. «Апа, қайдағыны айтпаңызшы» деген балаларына «Тәйт, мені не, өлмейтін сайтан деп пе едіңдер?» деп ұрсушы еді. Оның «өлер күнге» арналған сандығы ара-тұра өзі жоқта ашылып, келіндері той-томалаққа жұмсап, «қазынасын» азайтып қоюшы еді. Қария айына-жылына бір рет сандығын қыздарына ашқызып, мата-орамалдарын бұрқылдап жүріп түгендеп, ортайып қалған «дүниесін» қайтадан толтырып қоятын. Осылайша он жыл өтті, шамасы. Ақыры, әжеміздің жаназасынан соң сол сандық соңғы рет ашылып, ішіндегі шүберек біткен жұртқа таратылды. Үлкен кісінің асын торқалы тойға балайтын қауым орамал-матаға таласып, бәрін қыл үстінен бөлісіп әкетті. Мұндай көріністі Қазақстанның кез келген түкпірінде, ел-жұртының ортасында, немере-шөбересінің алдында, асарын асап, жасарын жасап өткен үлкен кісілердің асында көруге болады. Расында, қазақ ақыретке дайындықты ешуақытта сөлекет санамаған. «Өлім туралы жиі ойлаңдар» деген хадис бар. Өлім туралы ойланғанда, одан қашу үшін немесе оған асығу үшін емес, қамшының сабындай қысқа өмірді мағыналы өткізіп, фәниден бақиға озарда артыңа көп қарайламай, өкінбей аттануға дайындық ету керектігін меңзесе керек. «Өмір – сынақ» дегенді жиі естиміз, өмір болғанда, дәл қазіргі өміріміз – уақытша сынақ екенін есте ұстаған ләзім. Себебі ажал айналып өткен пенде жоқ. Өзі дана, өзі жырау әрі шебер қобызшы болған Қорқыттың өзі ажалдан қашып құтылмаған. Бірақ ақыретке сенбейтіндер осы дүниеде қалу үшін не нәрседен де тайынар емес. Бәлкім, ажалдың алдындағы қорқыныш – ақыретке деген сенімсіздіктің салдары. Иә, ажалдың түрі көп. Бірақ ажал барлық адам баласы үшін – біреу. «Өзекті жанға – бір өлім» дейді мұндайда қазақ. Екі рет тумақ жоқ, ендеше екі рет өлмек жоқ. Әйтсе де, ажалға деген көзқарас әр түрлі. Бәлкім, жер бетінде қанша адам болса, өлімге қатысты сонша түсінік бар шығар. Біз соның бірлі-екісін ғана келтірдік. Ал сіз не ойлайсыз?