Жаңалықтар

«Ауыл жастары мамандық алу үшін оқу орындарын қолдауымыз керек» – Қошанов

ашық дереккөзі

«Ауыл жастары мамандық алу үшін оқу орындарын қолдауымыз керек» – Қошанов

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Ақмола облысына барып, өңірдегі бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысты. Сайлаушылармен кездесуге облыс әкімі Ермек Маржықпаев та қатысты деп жазды turkystan.kz. Ерлан Қошанов сапарын Шортанды ауданындағы Бозайғыр ауылында орналасқан колледж-мектеп-интернатынан бастады. Мұнда ауыл шаруашылығы машиналарын жасау, дәнекерлеу, қоғамдық тамақтандыру бойынша және ақпараттық технология саласына мамандар даярлайды. 445 орынға арналған мекемеде бүгінде 148 адам білім алуда. Мәжіліс Спикері колледждің материалдық-техникалық базасымен танысып, профессор-оқытушылар құрамымен, студенттермен және жергілікті тұрғындармен әңгімелесіп, түйткілді мәселелерді тыңдап, оны шешу жолдарын талқылады. Бұдан кейін Мәжіліс төрағасы облыс орталығы мен жақын маңдағы елді мекендерді жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған Степногорск қаласының жылу электр орталығында болды. Кәсіпорын қызметкерлері өз жұмыстары мен келешегі туралы айтып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесінің жай-күйіне ерекше назар аударды. Ерлан Қошанов Степногорск қаласы тұрғындарының мәселелерінен және магистральдық желілердің тозығы жеткенінен хабардар екенін атап өтті. Осы орайда облыс, қала басшылығына қажетті құжаттаманы дайындап, бюджеттік өтінім жолдауды ұсынды. Кездесу барысында қоғамда кеңінен талқыланып жатқан көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару функцияларын меншік иелері қауымдастығына беру мәселесі қозғалды. Ерлан Қошанов тұрғындарға қызмет көрсету шығыны мол көпқабатты шағын үйлерді басқару бойынша өз ұсыныстарын Мәжіліске енгізуді ұсынды. Мәжіліс төрағасы жұмыс сапары аясында Бөгенбай батыр атындағы облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің ұстаздары және оқушыларымен де кездесті. Әңгімелесу барысында Мәжіліс спикері спорт мектебінің тәрбиеленушілері әр жылдары бір емес, бірнеше рет Қазақстанның намысын халықаралық деңгейде лайықты қорғағанын атап өтті. Сонымен қатар Ерлан Қошанов мектеп-интернатта туындаған жанжалды жағдайдан, оған мемлекет басшысы назар аударып, пікір білдіргенінен хабардар екенін айтты. Мәжіліс төрағасы оқушылар арасында тәрбие жұмысын күшейтуді тапсырды. Кездесу соңында Ақмола облысының тұрғындары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік берген «Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезіндегі батыл әрекеттері үшін қолдап, алғыстарын жолдады.