Таяқпен тәрбиелеу үлгі ме?

Таяқпен тәрбиелеу үлгі ме?

Таяқпен тәрбиелеу үлгі ме?
ашық дереккөзі

Ана дегенде ең алдымен мейірім мен махаббат, жылылық пен қамқорлық ойымызға оралады. Әрбір ананың тар құрсағын кеңіткен перзентін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіретіні хақ. Бірақ соңғы кездері кейбір аналар өз баласын таяқтың астына алып, жәбір көрсететін жағдайларды жиі құлағымыз шалатын болды. Жүрегі нәзік аналарымыздың қатыгез жанға айналуына не себеп? Туған анасынан жәбір көрген баланың құқығын кім қорғайды? Мұндай сауалдарға бас қатыру қазақтығымызға жат болса да, қолдан келер шара жоқ. Бүгінгі қазақ қоғамының шынайы бет-бейнесі осылай қалыптасып бара жатқандай.

Тасжүрек аналарға тоқтау бар ма?

Осыған дейін кейбір балалардың тәрбиешілерден, оқытушылардан, тіпті өгей ата-аналарынан таяқ жейтінін естігенде, қоғамның қатыгездене бастағанына налушылар аз болмаған. Ал туған анасының өз баласын аяусыз ұрып-соққанына кімді айыптауды білмей дал боласың. Қаршадай баланың не жазығы бар? Аң мен құс та баласын зұлым ниеттілерден қорғамаушы ма еді?! Бүгінгі қазақ әйелінің аналық сезімі мен мейірімі қайда кетті? Туған баласын қоқысқа тастап кетіп жатқан тасжүрек аналарға тоқтау бола алмай жүргенде, өз үйінде баласын төмпештейтіндерге қоғам қалай қарсы тұрмақ? Әлеуметтік желілер арқылы таралып жатқан қатыгез аналардың бейнежазбаларын көргенде кез келген  пенденің жүрегі ауыратыны сөзсіз. Жуырда Қазақстанның поли­ция қызметкерлері бейтаныс әйел­дің баланы ұрып-соғу сәті түсі­ріл­ген бейнежазбаны зерттеді.  Бейнежазбадан қатыгез келіншектің шы­рылдап жатқан сәбиді бетінен қос қолымен сабалап жатқанын көруге болады. 2-3 айлық құн­дақ­таулы сәбиін аяусыз ұрып-соғып, оны ғаламторға жариялаған келін­шектің кім екендігі де көп ұзамай анықталды. Ізінше Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов келіншектің «афроамерикалық» емес­тігін және полиция қызмет­кер­лері оған қатысты біраз мәліметтің бетін ашқанын мәлімдеді. Алайда баласын төмпештеген ананың аты-жөнін жарияламады. Ішкі істер ми­нис­трлігінің хабарлауынша, қаты­гез келіншекке 300 айлық есеп­тік көрсеткіш көлемінде, дәлірек айтқанда, 600 мың теңге айыппұл төлеу немесе 75 тәулікке бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы  мүмкін. Бұл жағдай Алматыдағы «Алтын орда» базарының маңайындағы үйлердің бірінде болған деген болжам бар. Көрген адамның жаны түршігетін кадрларды желіге салған бойжеткен «шақалақ қыздың есімі – Айару, ал қатыгез анасының аты-жөні Айгүл Құрбанбаева»  деп көрсетіпті.  Тілшілер  анықтаған ақпарат бойын­ша,  Қарақалпақстаннан көшіп кел­ген келіншек, өзі аяусыз төм­пеш­теген сәбиін осы жылдың 21 қаңтары күні Қалқамандағы перзентханада босанған көрінеді. Бұл видеоны тасбауыр әйел 8 жасар қызға әдейі түсіргізген. Ал қазан айында Алматы қала­лық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі тағы бір жан ауыртар мәлімет таратты. Алматыда 27 жастағы әйелдің үстінен көршісі полицияға шағым түсірген. Құқық қорғау орындарының анықтауынша, алматылық Әсел Төре 9 жасар қызын 1 жыл бойы сабап келген. 9 жастағы қыздың бет-аузы үнемі кө­геріп жүретінін ең бірінші мек­тептегі ұстаздары байқапты. Бүлдіршін қызды анасының оң­дыр­май ұратынын көршілері де жоққа шығармады.  Жалғыз бас­ты әйелге аналық борышын дұрыс ат­қармағаны үшін бұған дейін бірнеше рет ескерту жасалған. Тіпті, әкімшілік жауапкершілікке де тартылыпты. Бірақ ол қызын ұрғанын тоқтатпаған. Ол кезде әйел айыппұл төлеп, жазадан оңай құтылса керек-ті. Жалпы бұл жолы да Әсел 75 тәулікке қамауға алынуы немесе айыппұл төлеуі мүмкін. Десек те, бұл жолы тиісті шешім қабылданып, Әсел Төре уақытша оқшаулау абақтысына қамалды. Ал 9 жастағы Жәнел туыстарының қарауына берілді. Көршілері 27 жасар келіншектің өз қызын үнемі ұратынын айтады. Тіпті, түнгі уақытта да қыздың шырылдаған даусы естіледі екен. Күн сайын көршілер осы үйден айқай-шу мен былапыт сөздер еститіндігін де еш жасырмады. Ал небары 9 жас­тағы Жәнелдің мұңға толы жанары мен көгерген жүзін көрген көршілер одан әріге шыдай алмай, полицияға хабарласқан екен. Осыдан кейін 4-сыныпта оқитын Жәнелдің тағдыры тек көршілерін ғана емес, бүкіл қазақстандықтарды алаңдатты. Жәнел ауруханаға жатқызылғаннан кейін, оның анасының Facebook-тегі парақшасына хабарлама жіберілді. Әйел көршілері таққан айыптың бәрін жоққа шығарды. Айтуынша, қызын ешкімнен кем қылмау үшін ол бірнеше жерде қатарынан жұмыс істейді екен. Туған баласына жаны ашымаған ананың өзгелерге қол ұшын созуы да мүмкін емес. Ғаламтор беттерінде қызу талқыға түскен кезекті бейнежаз­ба­ның «басты кейіпкерлері» – 34 жас­тағы павлодарлық келіншек пен оның 3,5 жастағы қызы. Титтей қызын аяусыз соққыға жыққан ананың әрекеті әп-сәтте қызу талқыға түсіп, көпшіліктің наразылығын туғызды. Әлеуметтік желілердің бірінде пайда болған бейнежазбада әйел жылап отырған қызын ұрып-соғып, балағат сөздер айтқан. Видеожазбада «анасы бұрынғы күйеуін бопсалау үшін өз қызын ұрып жатыр» делінген. Кейін бұл жағдай құзырлы орындардың бақылауына өтіп, қызын ұрған ананың кім екені анықталды. Сөйтіп, 1982 жылы туған Павлодар тұрғыны Нұргүл Докуованың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Аталмыш оқиғадан кейін анасынан жәбір көрген Айлин балалар үйіне орналыстырылды. Одан кейін 34 жастағы Нұргүл Докуова жасаған әрекеті үшін халықтан кешірім сұрап, ауыр эмоциялық қысымнан осындай қадамға барғанын айтқан. Нұргүл Докуова бұған дейін балаға қол көтеріп көрмегенін, өзінің бұл ісіне өкінетінін айтқанмен, оның сәбиге қол көтергені үшін міндетті түрде жазалануы тиіс дегендердің қарасы қалың болды. «Ол адамдар маған өте ауыр соққылар жасады. Сондықтан әрекетіме жауап бере алмай қалдым. Өз басымдағы хәлді ешкімге ашып айта алмадым. Қазір мен балам үшін қатты алаңдаймын. Оны өзіме қайтарғым келеді. Үлкен қызым да уайымдап, күнде жылайды. Менің мына қылығым үшін кешіріңіздер! Балаларымның анасыз өскенін қаламаймын!», – дейді Нұргүл Докуова. Нұргүлдің бұл өкініші ескеріледі дейді қамқоршылық органының өкілдері. Әйтсе де, баласын ұрып, оны камераға жазған ананың жазаланбай қоймайтынын мәлімдеді. Павлодар қалалық Білім бөлімі де Нұргүл Докуованы ата-ана құқығынан айыру туралы талап-арыз түсіріп, 34 жастағы келіншектің бұл ісін жауапсыз қалдырмау қажеттігін қадап айтты. Сөйтіп, Нұргүл Докуованың үстінен «Балаға қатыгездік көрсету» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонда туған баласын басқа көзге төпелеп, бұрынғы күйеуінен өш алмақ болған ананың ойында не болған? Мұндай жағдай баланың психологиясына қаншалықты кері әсер ететінін анасының ойламағаны ма? Тіпті, ата-ана арасындағы келіспеушіліктер мен жанжалдарға баланың қандай қатысы бар? Ересектердің ерегесінен балалар неге зардап шегуі тиіс? Иә, дәл осылай тізбектеле беретін сауалдар реті санаңды сандалтады. Бірақ бұл сұраққа бірден жауап табыла қоюы екіталай.

Баланы ұрып тәрбиелеуге бола ма?

Жалпы, психолог мамандар баланы ұрып тәрбиелеудің қажеті жоқтығын алға тартады. Ал өміріндегі сәтсіздіктер үшін ата-ананың баладан өш алуы тіптен ақылға қонымсыз. Себебі отбасында зорлық-зомбылық көрген баланың психикасы бұзылуы мүмкін. Отбасында баланың бақытты болуы әкенің мейірімі мен ананың махаббатына тікелей байланысты. Бірақ бүгінгі күні кейбір ата-аналар бұған назар аударып жатпаған секілді. Мәселен, бір ғана Алматы қаласының өзінде жыл басынан бері 29 адам ата-ана құқығынан айрылып, 115 ата-ана ұл-қыздарына дұрыс тәрбие бермегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Баланы ұрып-соғу оның келешегі үшін кері ықпал етпек. Өйткені бала өзіне озбырлық жасалғандықтан, өзі де осындай қатыгездікке барады. Бұл – қалыптасқан қағида. Мамандардың сөзіне сенсек, көптеген ата-ана баласын ұрудың дұрыс еместігін білсе де, өз қолдарына ерік береді екен. Сол үшін өзін жиі кінәлі санайтын ата-аналар жетерлік. Бірақ соңғы уақытта өз баласын аяусыз ұрып-соғып, тіпті, балалық қыңыр қылығы үшін сәбилерін жер жастандырған ата-аналар туралы ақпараттарды естуге де етіміз үйрене бастағандай. Бұл қоғамның азғындағанының белгісі ме, әлде қиындыққа қарсы тұра алмай жүйкесі жұқарған ата-ананың көбейгендігі ме? Неге бүгінгінің әкелері мен шешелері тасжүрекке айналды? Неліктен қатыгез ата-аналардың қатары көбейіп кетті? Отбасындағы әлеуметтік жағдайдың төмендігіне, ер мен әйелдің түсінісе алмауына бесіктен белі шықпаған баланың жазықты болғаны ма? Әлде кейбір ата-аналар баласын сабауды тәрбиенің бір түрі деп есептей ме екен? Әр шаңырақтың балаға бе­ре­тін тәрбиесі әртүрлі. Біреулер бала­ларын «үп» еткен желден қорғап, қанатының астында өсірсе, бәзбіреулердікі осыған кереғар. Ес біліп, есейген сәтінен бастап таяқпен тәрбиеленетін балалар бар. Баланы ұрып-соғып, әлденені ұғындырам деу – бос әурешілік. Бала болған соң оның бойында еркелік, еріншектік, тілазарлық қасиеттердің болатыны рас. Ал әке-шешенің міндеті – баланың бойындағы осындай жағымсыз қасиеттерді жою, оны ерте жастан оң жолға түсіру. Өкінішке қарай, тәрбиені таяқпен үйреткісі келетіндер қатары көбейіп келеді. Балаға қол жұмсаудың кейбір кезде нәтиже беретіні мәлім, бірақ бұл көрсеткіш болып табылмайды. Әрине, тентектік танытқан баланы жақсылап шапалақтаса, ендігіде бала істеген қылығын еш уақытта қайталамауы мүмкін. Ал бұл сәтте баланың ойы мен сезімінде қандай өзгерістер пайда болғанын білесіз бе? Бұл өзгерістер бала әрекетінің сыртқы көріністеріне тіреледі. Баланы жазалау дегеніміз – міндетті түрде таяққа жығу емес. Ата-ана тарапынан бір нәрсеге рұқсат бермеу, шектеу қою, өкпелеу, сөйлеспей қою да жаза түрлеріне жатады. Баланы үнемі қатал тәрбиелеп, оның әрбір әрекетіне жөнсіз ескерту жасай беруге де болмайтындығын айтады мамандар. Мұндай бала жасқаншақ болып өседі екен. Және де орынсыз айтылған сын-ескертулер баланың өзін-өзі бағалауын, өзіне деген сенімділігін де төмендетеді. Олар өскенде өз бетімен әрекет жасауға қорқады. Ата-анасы үнемі кемшілігін көріп, ұрыс ести берген баланың көп іске деген ынта-ықыласы мен құштарлығы да жойылатыны сөзсіз. Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Мағжан Жұмабаев: «Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. ... бала тар ойлы ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі, бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы» деп айтып кеткен.  Сондықтан баланы жазаламас бұрын, әуелі әрбір ата-ана өзінің берген тәрбиесі мен балаға не үйреткенін ой елегінен өткізуі тиіс. Жалпы, әр елде не ұлтта  бала тәрбиелеудің, оның тентектігі, жағымсыз қылықтары үшін жазалаудың түрлі тәсілдері, жолдары бар. Мәселен, өнертапқыштар елі саналатын Жапонияда сәбилерге 5-6 жасқа дейін барынша ерік беріледі екен. Олардың сындырғанына, бүлдіргеніне, артық та орынсыз айтқан сөздеріне ешқандай назар аударылмайды. Сол сағатында тәрбиелейміз, жөнге саламыз деп шаршап, шалдықпайды, жүйкесін жұқартпайды. Тек әрбір бала 5-6 жастан асқан соң оларға басқаша талаптар қойылады. Себебі ақыл-есі бар балалар ол талаптың керектігін, мән-маңызын түсіне алады. Балаларын жазалаймын деп таяқтап жүрген ата-аналар ұлттық құндылықтарын алдыңғы орынға қоятын жапондықтардан үлгі алғаны жөн болар еді. Қалай десек те, елімізде сәбилер жыламаса екен! Ана жүрегі баласына әркез мейірімін төгуден шаршамаса екен!