Судьяның заң бұзуға хақы жоқ
«Ұлт жоспарын жүзеге асырудың Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келуінің нышандық мәні бар. Біз 2050 Стратегиясының басты мақсаты – Қазақстанның әлемдегі аса дамыған отыз елдің қатарына енуіне ұмтылып отырмыз. Сондықтан біз қандай жағдайда да «тежегішті басып», Ұлт жоспарын жүзеге асыруды «шайқалтуға» жол бермеуіміз керек. Оның үстіне, басқа реформалардың барлығындағы табысымыз тікелей «заң үстемдігі» секілді шешуші бағытқа байланысты болып отырған жағдайда. Бұл туралы мен ылғи да айтып келемін» деген Елбасы келесі кезекте соттар мен құқық қорғау органдарының алдына қойылған Ұлт жоспарының екінші бағытындағы 19 қадамнан тұратын міндеттердің әзірше тек 13 қадамы ғана орындалғанын, қалғандары аяғына дейін жеткізілмегенін атап көрсетті. «Мен ескерткенмін: алға қойған міндеттердің жарым-жартылай орындалуы деген мүлдем болмауы тиіс, өйткені бұл жерде әңгіме еліміздің болашағы туралы болып отыр», – деді. Сонымен, Президент қазіргі жағдайда Қазақстан соттарының алдында мынадай негізгі міндеттер тұрғанын атап айтты: Бірінші, заң үстемдігін қамтамасыз ету негізгі міндет болып қала береді. Ал оны шешуде сот маңызды рөл атқарады. Судья, сот төрелігін жүзеге асырарда, Конституцияда белгіленген қағидаттарды қатаң басшылыққа алуы тиіс. Бірақ бұл жерде судья көрсеткіштер мен статистикаға байланып қалмауы керек. Судьяның шынайы тәуелсіздігі заңды қатаң сақтауы мен өзі қабылдаған шешімнің дұрыстығы мен әділеттілігіне сенімділігіне негізделеді. Сот заңды және әділетті болуы керек. Өз кезегінде, заң алдында және сот алдында барлығы тең болуы тиіс. Жемқорлықпен күрес шеңберінде министрлердің, әкімдердің, ЭКСПО-2017 басшыларының жауапкершілікке тартылып, жазаланғаны белгілі. Бұл заң алдында баршаның тең екендігі қағидаты сақталып отырғанын айғақтайды. Заң күзетінде тұрған судьяның заң бұзушы болуға, оның үстіне, қылмыскер болуға хақы жоқ, олай болған жағдайда ол қатаң жауапкершілікке тартылады. Бұл – нонсенс. Бұл бүкіл сот билігінің беделін бірден түсіреді. Екінші, әлемдегі жетекші отыз елдің қатарына ену міндеті бізден қазіргіден де үлкен күш-жігер жұмсауды талап етеді. Ал бұл біздің сот жүйеміз бен сот төрелігін айту үдерісі сенімге ие болып, озық әлемдік стандарттарға сәйкес келуі тиіс дегенді білдіреді. Қызметі белсенді ете түсуді қажетсінетін Жоғарғы сот жанындағы Халықаралық кеңестің жұмысы да осыған бағытталатын болуы тиіс. Тек Президент Әкімшілігіне ғана 2015 жылы азаматтар мен ұйымдардан заңдылық пен құқық тәртібі мәселелері бойынша 10 мыңдай арыз-шағым түссе, ал үстіміздегі жылдың 10 айында осындай арыз-шағымдар саны 7 мыңға жуықтады. Үшіншіден, әдеттегідей лайықты судьялар корпусын қалыптастыру ең қағидатты мәселе болып табылады. Сот төрелігін тек үлкен өмірлік тәжірибесі мен жоғары моральдық принциптерге ие кәсіпқойлар ғана жүзеге асыруы тиіс. Қазірдің өзінде судьялар корпусын анағұрлым даярлықтан өткен және тәжірибелі мамандар толықтыруда. Осылайша, алғаш тағайындалған судьялардың орта жасы 35-ті құрайды. Судья кадрлардың даярлық сапасын арттыру үшін биылғы жылы Жоғарғы сот жанынан Сот төрелігі академиясы құрылды. Ол бюрократиялық ұйымға айналмауы керек. Академияның басты міндеті – Тәуелсіз Қазақстан үшін судьялардың жаңа буынын дайындау. Судьяларды дайындау бағдарламалары тәжірибеге барынша бағдарланған болуы тиіс. Төртіншіден, құқықтық және унитарлық мемлекет жағдайында елдің бүкіл аумағында заңдылықтың бірегей режімі мен бірегей сот тәжірибесі болуы керек. Құқықтық айқындық деңгейін көтеріп, тұрақты және болжамды сот тәжірибесін қалыптастыру қажет. Бесіншіден, судьяларға қатысты жүктемелердің жоғары болу проблемасы әлі де сақталып отыр. Соңғы жылдары сот істерінің саны жыл сайын 200 мыңға өсіп отырды, ал ол істерді қараудың сапасы мен мерзімдеріне тікелей ықпал етеді. Халыққа жүйелі негізде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Азаматтарға істі сот процесіне жеткізгеннен гөрі, өзара бітісудің әлдеқайда тиімдірек екенін түсіндіру қажет.«Елге бай – құт емес, би – құт»
Ал съезде баяндама жасаған Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми сот жүйесінің жеткен жетістіктеріне жан-жақты тоқталды. Мәселен, Дүниежүзілік банктің бизнес жүргізу бойынша Doing business рейтингінде «сот дауларын шешуді бағалау» индикаторы жөнінен Қазақстан 190 ел арасында 9-орын алыпты. Сондай-ақ, 25 жылда түрмеде отырғандардың саны үш есе азайған. Егер 1991 жылы еліміз 100 мың адамға шаққанда түрмеде отырғандардың коэффициенті бойынша әлемде үшінші орында болса, 2016 жылы Қазақстан аталған көрсеткіш бойынша 62-ші орынға төмендеді. 2016 жылдың басынан бастап Жоғарғы cот жаңа құрамда нәтижелі жұмыс істеп, сот өндірісінің жаңа ережесі іске асырылуда. Сот инстанцияларын оңтайландыру нәтижесінде, дауларды қарау 1,5 жылдан 8 айға дейін қысқарып, жаңа процессуалдық ережелердің енгізілуі соттардың ауыртпалықты жүктемелерді тиімді атқаруына мүмкіндік берді. «Халық кешірмейтін бір-ақ нәрсе бар: ол – елдің қолына зарықтырып барып қонған бақыт құсынан – Тәуелсіздіктен айырылуды кешірмейді» – деген сөздер оралады. Сондықтан, біздің – судьялардың қызметі Тәуелсіздігімізді нығайтуға, халқымыздың береке-бірлігін сақтауға арналады. Соттың халық алдындағы беделін күшейту, қоғамның сотқа деген сенімін ұлғайту – басты міндетіміз деп білеміз. «Елге бай – құт емес, би – құт» демекші, біз осы халық даналығына сәйкес болуға уәде береміз», – деді Қ.Мәми. Құрылтай соңында республиканың судьялар корпусының өкілдері 15 баптан тұратын «Судьялық әдеп кодексінің» жаңа жобасын талқылап, бірауыздан қабылдады.