«28 панфиловшылар» фильмі көрерменге жол тартты

«28 панфиловшылар» фильмі көрерменге жол тартты

«28 панфиловшылар» фильмі көрерменге жол тартты
ашық дереккөзі

Мәскеу түбіндегі шайқастың 75 жылдығына орай «28 панфиловшылар» көркем фильмі көрермен назарына ұсынылды. Аталмыш картинаны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «28 панфиловшылар» тәуелсіз студиясы түсірген. Әйгілі атқыштар дивизиясының жеңісін баяндайтын фильмді Астанада өткен өңіраралық ынтымақтастық форумы барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин тамашалаған болатын. «Қазақфильм» киностудиясы ұйымдастырған тұсаукесерге ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы арнайы келді.

Соғыс туралы фильмдердің үздігі де бар, осалы да бар. Бірақ әрқайсысының орны бөлек. Қанды соғысты бастан-аяқ бір фильмде баяндап шығу мүмкін емес. «28 панфиловшылар» фильмінде бір ғана қанды қырғында жан беріп, жан алысқан батырлардың ерлігі сипатталған. Әсілі, бұған дейін бұл қырғын айтылмады, жазылмады емес. Бірақ бұл шайқас сол кездегі немістердің мықты технологиясының мүмкіндігі мен ескі мылтық асынған көзсіз батырлардың күшінің тең емесін айшықтап көрсеткен. Фильм генерал Иван Васильевич Панфиловтың қолбасшылығындағы 316-шы атқыштар дивизиясының 28 әскері Дубосековода бекем қорғанып, неміс танкі батальонын тоқтатқан 1941 жылғы 16 қарашадағы оқиғаны бейнелейді. Сюжет толықтай кеңес әскерінің жеңісіне негізделген. Фильм Волоколам тасжолын қорғауға барған отан қорғаушылардың алдымен әскери дайындық жүргізіп жатқан жерінен басталады. Олардың алдындағы басты мақсат – жаудың жолын бөгеу. Себебі бұлардың көзсіз ерлігі де техникасы мен әскері сақадай сай, сан жағынан анағұрлым басым немістерді тоқтатуға қауқарсыз. Мәскеуді қорғау – басты міндет, ол үшін жау күшіне тосқауыл болу керек. Фильмде «Отан үшін жан беруге емес, жан алуға міндеттісің» деген тіркестер жиі айтылады. Фильмде соғысқа жаңа көзқарасты байқауға болады. Бұрынғыдай «Отан үшін», «Сталин үшін!» деп аттандайтын ұрандар жоқ. Идеологияны ысырып қойғандай көрінгенімен, ұлттар арасындағы татулықты ұтымды жеткізген. Себебі фильмде ұзаққа созылған диалогтарда әрбір кейіпкердің мінез-құлқы, жеңіл әзілдері мен саспайтын маңғаздығы әспеттелген. Сірә, бұл соғыс алаңында да әзіл соғып жүретін америкалық үлгі сияқты. Окопта жатқан сарбаздар бір-біріне әңгіме айтып, неміс зеңбіректері оқ жаудырып жатқанда философия да айтылып үлгерді. Күннің суығы болмаса, кей тұстарында соғысу оңай болған сияқты көрінеді. Ал неміс техникасы мен әскери дайындығы әуен арқылы жеткізіліп, залдағы көрерменге үрей ұялатады. Құдды бір жеңілмейтін жау сияқты, таяз ғана окопта жатқан әскерге оқ атқанда ешкім тірі қалмастай көрінеді. Енді бірде қаруын жасақтап жатқан орыс солдат «Орыстардың кім екенін көрсін, Ресейге келгеніне өкінетін болады» деп атуға оқталып жатқанда, қасындағы ұлты қазақ солдат «Мен орыс емеспін ғой, қазақпын» дейді. Сонда әлгі солдат «Қазір бәріміз бірміз, Қазақстан үшін соғыссақ, қазақ болар едік» дейді. Бұл сөздердің мағынасын сан құбылтуға болады, әрине. Бірақ 1941-1945 жылдар біздер үшін қанды соғыс болғаны белгілі, ендеше фильмде айтылған тіркестер бұл ұғымды екшеп, Екінші Дүниежүзілік соғыс екенін көрсеткісі келген сияқты. Осы мәселеге орай режиссер Андрей Шальопаға сауал қойылған еді. «Неге сарбаздар өзін советтік әскер емес, орыс әскері» деп атайды? Оған жауап ретінде: «Мен жаттандылық болмаса екен дедім. Ұлы Отан соғысы кезінде немістер барлығын орыс әскері деп білген, олар Кеңес одағының ұлттарын орыс деп білген», – деді Шальопа. Фильмнің премьерасынан кейінгі баспасөз мәслихатында режиссер Андрей Шальопа халықтың киносы туралы баян етті. Картина Петербург маңында нағыз аязда түсірілген. «Бізде өте тығыз күнтізбелік-өндірістік жоспар болды, қыстың үш айында киноны түсіріп үлгеруіміз керек болды. Бірақ қыста түсіру күні өте қысқа. Бізде түсіру күні тәулігіне 5 сағатқа ғана созылатын. Яғни таңғы 7-де түсіру алаңында дайын болуға тиіс едік. Бір кезде әртістер әртіс болудан қалды, олар қызыләскер, панфиловшылар болды. Меніңше, ол экранда көрініп тұр. Олар жылдам қимылдап, бастарынан суықты да, қасіретті де өткізді», – деді режиссер Ким Дружинин. Сонымен қатар фильмді түсіруге бөлінген қаражат көзі туралы айтылды. «Біз фильмді түсіруге халықтан жәрдем жинаған кезде бұл фильмнің халықтікі екені, ол прокаттан өткеннен кейін, оны желіге тарататынымыз туралы әңгіме болды. Бірақ ол ақша бәрібір жеткіліксіз болды. Нәтижесінде таңдау жасауға тура келді – не жеке инвестицияларға жүгінеміз, немесе кино түсірмейміз. Сондықтан қаржының елеулі бөлігі – бұл Gaijin Entertainment компаниясының ақшасы, ол ақшаны қайтару қажет», – деді режиссер. Басты рөлдерді сомдағандар – Александр Устюгов, Яков Кучеревский, Азамат Нығманов, Олег Федоров, Антон Кузнецов, Алексей Лонгин, Әзиз Бейшенәлиев, Дмитрий Сутырин, Андрей Бодренков және Асқар Тілеуғабылов. Премьераға генерал Иван Панфиловтың немерелері – Айгүл мен Алуа Байқадамовалар қатысты. «Бұл Ресей мен Қазақстанның қатысуымен халықтың қаражатына түсіріліп жатқан алғашқы жоба. Ол ерекше назарды талап етеді. Ресей мәдениет министрі Владимир Мединскийге жерлестеріміздің ерлігін жылы қабылдағаны үшін алғыс білдіремін. Әрине, режиссер Андрей Шальопаға да алғысым шексіз. Ол тарихты жанымен сүйетін принципшіл кісі», – деп атап өтті ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. Баспасөз мәслихатында соңғы жылдары қызу пікірталас тудырған 28 гвардиялық-панфиловшылардың ерлігі тарихи шындық емес, әскерді жігерлендіруге арналған ойдан құрастырылған оқиға туралы да сауал тасталды. Ресей мемлекеттік мұрағатының сайтында 2015 жылы 7 шілдеде бас әскери прокурор Афанасьевтің «28 панфиловшы» туралы анықтама баяндамасы жарияланған. Онда қаза тапты деп есептелген батырлардың бір бөлігі тірі қалғаны, ал ерлік туралы әңгімені 1941 жылғы қарашада әскери тілшілердің бірі ойлап тауып, ол «Красная звезда» әдеби хатшысының мақаласына негіз болды делінген. Ресей мемлекеттік мұрағатының директоры Сергей Мироненко 2015 жылғы маусымда Мәскеуде өткен Орыс баспасөзінің дүниежүзілік конгресінде 28 панфиловшының ерлігін аңыз деп атаған. Осы орайда режиссер Андрей Шальопа фильм сценарийін жазғанда қандай деректерге сүйенгенін жасырмады. «Ұрысқа тікелей қатысқан жандар жазған құжаттар өте аз. Бірақ ондай құжаттар бар. Шумилиннің күнделіктері, Драбкин жинаған сұхбаттар, Бауыржан Момышұлының кітаптары тәрізді біз сүйенген маңызды құжаттар бар. Бұған қоса, кино және фото хроника да бар. Мен сүйенген негізгі ақпарат көздері осылар», – деді ол. Ерлігі аңызға айналған панфиловшылар туралы фильмді ғаламтордан тегін жүктеп алуға болады.