Бұзақылар полицейді тізерлетіп отырғызып ұрып-соққан (ВИДЕО)
Бұзақылар полицейді тізерлетіп отырғызып ұрып-соққан (ВИДЕО)
Тәртіпсіздік кезінде Алматы қалалық Полиция департаментіне қарасты метрополитен полиция бөлімінің қызметкері Асыл Дүйсембеков қатты соққыға жығылған. Бұл жағдай мегаполис көшелеріндегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған деп хабарлады turkystan.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Формамды алып, өртеп тастады. Жұмыс куәлігімді, жеке куәлігімді, қалтамда не болды, соның барлығын алды. Бөгенбай-Сейфуллин көшелеріне дейін ұрып, тоқпақтап апарып, тізерлетіп отырғызды», - дейді тәртіп сақшысы.
Қаскөйлер полицейді топтың алдына тірі қалқан етіп ұстаған. Полиция қызметкерінің айтуынша, оны өзінің әріптестері құтқарып қалған.
«Әріптестеріме рақмет. Қазір сол кісілердің арқасында аман-сау тұрмын. Барлығымыздың анамыз бар. Оларға да оңай емес екен, өз баласын соққының астында көрген», - деді ол.
Асыл Дүйсембеков ішкі істер органдарына әкесінің жолын қуып келген. Полицей алдағы уақытта да өз міндетін атқарып, жұмысын жалғастыруды көздейді.