Жаңалықтар

АЙЛЫҒЫ ОНЫҢ – 1 ДОЛЛАР

ашық дереккөзі

АЙЛЫҒЫ ОНЫҢ – 1 ДОЛЛАР

АҚШ президентінің сайлауында ойда-жоқта жеңіске жетіп, айды аспанға шығарған Дональд Трамп әлемдік биржаларды есептен жаңылдырды. Сарапшылар Трамптың ішкі және сыртқы саясаты қандай боларына болжам жасап, сан-саққа жүгіртсе, корпорациялар мен компаниялар оның экономикалық саясаты қандай боларын білуге асық. Себебі Ақ үй басшысының ұстанымы АҚШ-тың экономикалық әлеуетіне ықпал етері түсінікті, ендеше әлемдік экономикалық дамуға да әсері тиеді деген сөз. Бірақ Трамп өзінің болашақ жоспарлары жайлы ой-пікірін әлі толық жариялаған жоқ. Бар болғаны, АҚШ-тың Транс-Тынық мұхиты серіктестігінен шығатынын және өзінің президент жалақысынан бас тартатынын мәлімдеді. Бұл – Дональд Трамптың сайлауалды науқан кезінде берген уәделерінің бірі. Өткен қыркүйек айында ол «Президент жалақысы мен үшін маңызды емес» деген болатын. АҚШ президентінің жылдық жалақысы – 400 000 доллар. Дональд Трамп алдағы төрт жыл бойы жылына бір ғана доллар алып, «тегін» жұмыс істемек. Әлбетте, ол 132 бөлмесі бар Ақ үйде тұрады, №1 саналатын әуе кемесі мен тікұшағын, қорғанысы мықты президенттік лимузинді пайдаланады. Оған және оның отбасына жүз адамнан тұратын Ақ үй жұмыскерлері қызмет көрсетеді. Шындығында, Дональд Трамп үшін президент жалақысынан бас тарту соншалықты қиын шаруа емес. «Форбс» журналының дерегіне жүгінсек, оның байлығы қазіргі таңда 3,7 миллиард АҚШ долларына тең. Оның үстіне, ол өзінің салық декларациясын әлі жариялаған жоқ. Оның шетелде түрлі бизнес-активтері бар екені белгілі. Ал Трамптың жеке мүддесі мемлекет мүддесіне қайшы түспей ме деген сұрақ АҚШ-та әркімнің-ақ көкейінде. Айтпақшы, Дональд Трамптың кеңесшілерінің бірі 35 жастағы миллионер Джеред Кушнер болады деген ақпарат бар. Ол Трамптың қызы Иванканың күйеуі. Бұлай жалғаса берсе, Трамптың қазір жасақталып жатқан командасы – бай-манаптардың шоғыры болуы ғажап емес. Ал президенттік жалақыдан бас тартқан басшылар АҚШ тарихында бұрын да болған. Оның бірі – Герберт Гувер, екіншісі – Джон Кеннеди. Екеуі де президенттікке сайланғанға дейін бақуатты болғандықтан, айлықтарын қайырымдылық мақсатқа жұмсаған. Жалпы, 1 долларлық жалақы алу америкалық байлардың арасында сирек кездесетін жайт емес. Нью-Йорктың бұрынғы мэрі Майкл Блумберг, Калифорнияның бұрынғы губернаторы Арнольд Шварцнеггер және Массачусетс штатының бұрынғы басшысы Митт Ромнидің ресми айлықтары кезінде бір доллар еді. Сондай-ақ «Фейсбук» әлеуметтік желісінің негізін салушы Марк Цукербергтің жалақысы – бір доллар. Стив Джобс 1997 жылы Apple компаниясының басшылығына қайтып келгенде, өзінің айлығын бір доллар деп белгілеген. Google, Hewlett Packard компанияларының кейбір топ-менеджерлері үшін бір долларлық жалақы алу қалыпты жағдай. Бірақ бұл бизнес менеджерлер жалақы алмаса да, басқалай жолдармен келетін заңды да қомақты табыстан құралақан емес. Мысалы, өз үлестеріндегі акциялардан түсетін пайда мен келісім-шартта көрсетілген «басқа» төлемақылар аясында миллиондаған доллар кірістері бар екенін жасырмайды. Сондықтан ондаған, мейлі, жүздеген мың доллардан бас тартуды ерлік санаудың реті жоқ. Бәлкім, бұл – әлде байлығы үшін ұялғандықтан, әлде жағымды имидж үшін жасалатын қадам. Мысалы, 2006 жылы 1 долларлық жалақы алды делінген Google компаниясының атқарушы директоры Эрик Шмидт, компания негізін қалаушы Ларри Пэйдж бен Сергей Бриннің ортақ акцияларының құны 31,5 миллиард долларға жеткен. «Басқа төлемақы» есебінде Шмидт 555 742 доллар, ал Пэйдж 36 795 доллар табыс тапқан. Салыстыру үшін айталық, компанияның вице-президенттерінің жылдық жалақысы – 250 000 доллар. Бір долларлық жалақы концепциясы АҚШ-та Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде пайда болған деседі. Сол тұста белгілі бизнесмендер, банкирлер, зауыт-фабрика басшылары үкімет құрамына еніп, мемлекет ісіне көмектескен. АҚШ заңнамасы ақысыз-пұлсыз жұмыс істеуге тыйым салатындықтан, олар «бір долларлық жалақыны» қолданысқа енгізді. Осы орайда, BBC дереккөзі басқа мемлекеттер президенттерінің айлығын санап шығыпты. Мысалы, Ұлыбританияның премьер-министрі Тереза Мэйдің жылдық жалақысы 186 119 АҚШ долларына тең. Бұл үшін Мэй ханым бұрынғы премьер-министр Дэвид Кэмеронға рахмет айтса да болар еді, экс-премьер былтыр өз жалақысын он пайызға көтергені үшін сынға ұшыраған болатын. Бірақ Брексит референдумынан кейін фунттың құнсыздануына байланысты, Мэй ханымның айлығы долларға шаққанда бұл көрсеткіштен азайып қалғаны да рас. Канада президенті Джасти Трюдоның айлығы жылына 340 800 АҚШ долларына шамалас. CNN телеарнасының хабарлауынша, Германия канцлері Ангела Меркельдің айлығы жылына 242 000 доллар, ал Франция президенті Франсуа Олландтың жалақысы бір жылда 198 700 доллардан аспайды. Олланд 2012 жылы президент болып сайланғаннан кейін өзінің жалақысын отыз пайызға қысқартқан көрінеді. Ал Ресей президенті былтыр Президент әкімшілігі мен мемлекеттік Дума мүшелерінің, премьер-министр мен үкімет мүшелерінің айлық жалақысын он пайызға қысқартты. Бұл президенттің өз айлығына да қатысты. Бірақ алдыңғы жылы ғана ол өз жалақысын үш еседей өсіргені де рас. Қысқасы, Владимир Путиннің жалақысы 2013 жылы айына 10 000 доллар шамасында болған, 2014 жылы өз жарлығымен өзінің және премьер-министр Д.Медведевтің жалақысын 2,65 есе көбейтті, ал 2015 жылы сол жалақыны басқа мемлекеттік қызметкерлермен бірге 10 пайызға азайтты. Басқаларды қайдам, АҚШ президенттері үшін ресми жалақы табыстың бір ғана көзі емес. Мысалы, қазіргі президент Барак Обама үшін 2009 жыл өте табысты жылдардың бірі болды. Сол жылы ол 5,5 миллион доллар табыс тапқан. Ресми дереккөздер бұл кірістің көп бөлігі Обаманың «Менің әкемнің арманы» және «Жұлқынған үміт» атты кітаптарын сатудан түскен дейді. Обама байларға арналған салық көлемін азайту туралы ұсынысты кері қайтарды, сол себепті кейінгі жылдары өз табысынан қомақты салық төлеуге мәжбүр болды. Бұған қоса, Мишель екеуі қайырымдылық мақсаттарға он мыңдаған доллар жұмсайды. Президенттердің табысы туралы сөз болғанда, осыдан он бес жыл бұрын Замбияда болған оқиғаны айтпасқа болмас. Сол кездегі президент Фредерик Чилубаның 16 айлық жалақысын оның банктегі есеп-шотынан ұрлаған үш адамды полиция ойда-жоқта қолға түсірді. Банкте жұмыс істейтін сыбайластар президентпен аты-жөні бірдей бизнесменнің атынан есепшот ашып, ай сайын Чилубаның айлығын тікелей соған аударып, ол ақшаны өз қажеттеріне жұмсап, жырғап өмір сүрген екен. 16 айда олар президентке тиесілі 21 578 долларды жымқырған. Олардың бұл тірлігі қаншаға созыларын кім білсін, бір күні банкке жаңадан келген қызметкер президенттің атындағы есепшот нөмірі жабылғанын байқап, бұл туралы хабар берген. Ал президент өз жалақысының ұрланып жатқанынан мүлде бейхабар болып шыққан. Сонда бір жылдан аса уақыт өзіне жалақы төленіп не төленбей жүргенінен хабарсыз болғанына қарағанда, ол президент те айлыққа мұқтаж емес болғаны да... Иә, президенттер де айлық алады, бірақ жалақы үшін жұмыс істемейді. Олардың кейбірі ресми жалақыдан бас тартады. Бірақ Дональд Трамптың айлықсыз президент болуы ерлік емес, ол шығарған жаңалық емес. Жылына 400 000 долларлық жалақысыз оның мұртын балта шаппасы айтпаса да түсінікті. Әйтеуір, елді шулатуға тағы бір себеп тауып бергені болмаса.