Anonymous хакерлері Ресейге қарсы «соғыс» жариялады
Anonymous хакерлері Ресейге қарсы «соғыс» жариялады
Ғаламтор қолданушылары арасында үлкен танымалдыққа ие Anonymous халықаралық хакерлер желісі Ресей Үкіметіне қарсы кибер соғысты бастады. Бұл туралы хакерлер Twitter әлеуметтік желісінде жазды деп хабарлады turkystan.kz РИА Новостиге сілтеме жасап.
«Anonymous ұжымы ресми түрде Ресей Үкіметіне қарсы кибер соғыс жүргізуде. Біздің ұжым Ресейдің үгіт-насихат жүргізетін RT News станциясының сайтын жауып тастады», - делінген олардың хабарламасында.
РИА Новости тілшілері хабарлағандай, RT News басшылығы бейсенбінің кешінде оның барлық сайттарына DDoS шабуылдары жүргізіліп жатқанын хабарлаған. Алдын ала дерек бойынша, бұл шабуылдардың 27 пайызы АҚШ аумағында тіркелген электрондық мекенжайларға тиесілі.
Қазір RT телеарнасының сайты қолжетімсіз.
Айта кетсек, кеше кешке Кремль, Ресей үкіметі, Мемлекеттік Дума және Федерация Кеңесінің сайттары да жөнді жұмыс істеген жоқ. Ал Ресей Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Кремль сайты DDoS шабуылына ұшырамағанын мәлімдеген болатын.