Елордада Гүлмарал Тәтібаеваның «Ойтолғау» атты жеке көрмесі ашылды

Елордада Гүлмарал Тәтібаеваның «Ойтолғау» атты жеке көрмесі ашылды

Елордада Гүлмарал Тәтібаеваның «Ойтолғау» атты жеке көрмесі ашылды
ашық дереккөзі
Нұр-Сұлтан қаласындағы Елбасы кітапханасының көркемсурет галереясында қазақстандық суретші Гүлмарал Тәтібаеваның «Ойтолғау» атты жеке көрмесінің ашылуы өтті. Көрме «Тәуелсіздіктің мәдени коды» жобасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды деп жазды turkystan.kz. Гүлмарал Тәтібаева – Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі, Суретшілер одағының, Еуразия дизайнерлер одағының және Еуразия шығармашылық гильдиясының мүшесі. Бүгінде автордың жұмыстары Қазақстан, Түркия, Голландия, Корея, Латвия, Ресей, Иордания, Ұлыбритания, Қытай және басқа елдердің музейлері мен жеке коллекцияларында сақтаулы.  width=
«Гүлмарал Тәтібаева еңбектерінің басым бөлігі көшпенділер өркениетінің мұрасы ретінде Қазақстанның тарихын, салт-дәстүрін, мәдениетін суреттейді. Алапат ашаршылықтан, тоталитарлық режимнен, төңкерістер мен соғыстардан аман қалған қазақ халқының қасіретіне үңілген автор зұлматты еске түсіріп қана қоймай, тәуелсіздік үшін ата-бабаларымыздың алдындағы жауапкершілікті ұмытпауға шақырады», – деді Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.
Суретші шығармашылығының жеке бағытын қалыптастырған алғашқы маңызды тақырыптардың бірі – «әскери коммунизм» саясаты, ұжымдастыру салдарынан болған 1919-1922 және 1930-1932 жылдардағы жаппай ашаршылықтың қасіретті кезеңі болатын. Сол қайғылы жылдардағы оқиғалар автордың ойтолғауын қалыптастырып, жұмыстарында тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағына жауапты екендігін көрсете білген. Кейін Гүлмарал халықтың тарихына, мәдениеті мен рухани құндылықтарына, ана мен бала әлеміне, отбасы институтына назар аударды.  width=
«Бүгінгі көрме мен үшін өте маңызды. Ол 2002 жылдан бастап жарық көрген 90-нан астам жұмысымды қамтиды. Суреттердің басым бөлігі 5 жылдан артық уақыт бойы салынған. Олардың арасында қапшыққа, қайын қабығына бейнелеленген туындылар да бар. Бұл жұмыстардың арқасында мен халқымыздың тарихы мен мәдениетін суреттеуге тырыстым. Мәселен, қол ұстасқандай бірінен соң бірі тізілген шапандар арқылы мен қазақ елінің бірлігі мен қонақжайлылығын жеткізбек болдым. Байқасаңыздар, көрмеде ұлттық нақыш көп. Оларды қалың жұрттың назарына ұсынуға көмектесіп, көрмені ұйымдастыруға атсалысқан Елбасы кітапханасының басшылығы мен ұжымына алғысым шексіз», – деп ой бөлісті суретшінің өзі.
«Ойтолғау» көрмесі Елбасы кітапханасының 1-2 қабатта орналасқан көркемсурет галереясында 9 наурызға дейін жалғасады. Сондай-ақ көрме материалдарын www.elbasylibrary.gov.kz сайтындағы «Көрмелер» бөлімі арқылы да тамашалауға болады.