«Қазақстанға 19 миллион халық артық па?..» - Нұрхан Жалиев

«Қазақстанға 19 миллион халық артық па?..» - Нұрхан Жалиев

«Қазақстанға 19 миллион халық артық па?..» - Нұрхан Жалиев
ашық дереккөзі
«Әлеуметтік кернеулікті үдететін көші-қон бағдарламаларды тоқтатып, Қазақстанға нағыз қажетті мамандардың көшуін ынталандыруға ауысатын кез келді» деген Д. Әшімбаевтың сөзіне «Отандастар қоры» КеАҚ Ақпараттық талдау департаментінің басқарушы директоры Нұрхан Жалиев өзінің Facebook-тегі парақшасында пікір білдірді деп хабарлады turkystan.kz қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Нұрхан Жалиев
«Қазақстанның көші-қон саясатының 2007-2015 жылдарға арналған тұжырымдамасы іріктемелі көші-қонды қалыптастыру қағидасына негізделген болатын. Осындай тұжырымдама 2017-2021 жылдарға да қабылданған. «Іріктемелі» қағидасы Д. Әшімбаев айтып отырған «нағыз қажетті мамандарды» тарту дегенді білдіреді. Екі бірдей бағдарламаның мақсаты елдің ұлттық бірегейлігі мен қауіпсіздігін сақтау және дамыту шеңберінде көші-қон ағындарының теріс салдарларын азайту болатын. Не өзгерді? «Іріктемелі көші-қон саясаты» қанша мықты маманды әкелді Қазақстанға? Білетіндер болса, тізбектеп беріңіздерші», - деді Нұрхан Жалиев.
Оның айтуынша, бұл бағдарламалар туралы және олардың нәтижелері жайында Әшімбаевтың естімеуі де мүмкін. Өйткені Қазақстанға келген репатрианттар ағыны 2005-2009 жылдары әр жыл сайын орта есеппен 60 мың адамды құраса, 2012-2019 жылдары репатрианттар легі жылына орта есеппен 10 мың адамға дейін төмендеген. Ал 1991-2018 жылдары Қазақстаннан эмиграцияға кеткендер саны 3,7 миллион адамнан асқанын ескерсек, онда еліміздің демографиялық болашағы мүлде түнеріңкі болып көрінеді.
«Соңғы жылдары Қазақстанға келушілер саны мен кетушілер санының теріс айырма сальдосы жылына 30 мың адамның үстіне шықты. Бұл дегеніміз 10 жыл сайын Павлодар немесе Қостанай сияқты бір қаламыздан айырылып отыратынымызды білдіреді. Қазақстан территориясы Испания, Франция, Англия, Италия, Германия, Польша, Украина сияқты Еуропаның көлемі бойынша ең ірі 7 мемлекетінің аумағына тең. Осындай аумақта Еуропада 400 миллионнан астам халық тұрады. Д. Әшімбаев сияқты сарапшылардың пікірінше, осы 7 мемлекеттің территориясымен пара-пар Қазақстанға 19 миллион халық көп болып көрінуде», - дейді «Отандастар қоры» КеАҚ Ақпараттық талдау департаментінің басқарушы директоры.
Сондай-ақ ол кейбір сарапшылардың шет елдерде 7-8 миллион қазақ тұрады деген пікірін мысал етті. Айтуынша, ол көрсеткіш – демографиялық аспектіде үлкен әлеует. «Осы ресурсты біз дұрыс пайдаланудамыз ба?» деп ортаға сұрақ тастап аяқтады сөзін Нұрхан Жалиев.