Жаңалықтар

Кеңес НҰРЛАНОВ, театр және кино актерi: Кинода өз рөлімді әлі тапқаным жоқ

ашық дереккөзі

Кеңес НҰРЛАНОВ, театр және кино актерi: Кинода өз рөлімді әлі тапқаным жоқ

Көпшілік театр және кино актерi Кеңес Нұрлановты «Ба­тыр Баян» фильміндегі Ноянның рөлі арқылы жақсы тани­ды. Кейіннен Еркін Рақышевтің «Жетімдер» киносында сом­даған Нұрланның рөлі арқылы тағы есте қалды. Театр мен ки­но саласын қатар алып жүрген майталман қазіргінің режис­сері мен әртісі қалай болуы керек екенін қадап айтып берді. Сон­дай-ақ ол Екінші дүниежүзілік соғыс туралы фильмдерді көп­теп түсіру отандық режиссерлер қаперінде жүрсе екен де­ген тілек айтады. Астанаға көшкелі кинодан алшақтап қалдым Көпшілік режиссер Сламбек Тәуе­келдің «Батыр Баян» филь­мін­дегі Ноян арқылы танылғанымды үне­мі айтады. Ноян – бағыма қарай ма­ған бұйырған мықты кейіпкер. Де­сек те Ноянның рөлін сомдау арқылы ел арасында танымалдығым арта түсті деп айта алмаймын. Бір қызығы, мені ре­жиссер Еркін Рақышевтің «Же­тім­дер» фильміндегі жетім баланың әкесі Нұрланның рөлі арқылы көп таниды. Онда шағын эпизодқа түскенім бар, десе де дүкенде немесе базарда мені кө­ріп қалған халық «Сіз «Жетімдердегі» анау ағай емессіз бе?» деп сұрағанда таң­ғалатынмын. Ал «Батыр Баянның» ха­лық көңілінен шыққаны рас, бірақ кейін «Қап-ай, ә? Мына тұсты басқаша ой­науым керек еді...» дегендей «әт­те­ген-айлар» да аз болған жоқ. Құман аға сомдаған Төлегеннің рөлі бізге мінсіз көрінеді ғой. Бірде Құман ағамен әң­гі­мелесіп отырғанда Төлегенді сом­дауда кеткен кемшіліктерді тізіп, өкі­ніп отырғанын естігенде таңғал­ға­ным бар. Жалпы, киноға түссең өкініш көп болады екен. Театрда бір спек­так­ль­де жіберген қателігіңді екінші қай­та­лап ойнағанда түзеп аласың ғой. Ал кинода олай емес. Дегенмен жылына 5-6 кино ғана түсірілетін Кеңес үкі­меті кезінде біраз киноға, атап айтсам ре­жиссер Аяған Шәжімбайдың «Жан­се­біл», Рүстем Тәжібаевтың «Айдай сұлу Айсұлу» секілді фильмдерге түс­ке­німе қуаныштымын. Бұл туындылар да ел аузында жүрген «Батыр Баян» секілді халықтың сүйіспеншілігіне бө­ленді. Сөздің шыны керек, сол кезде ки­ноға түсуге мүмкіндік көп болды. Қа­зір өкінішке қарай, ондай мүмкіндік аз. Қазір киноның түгелі дерлік Алма­ты­да түсіріледі. Бас қалада жүрген соң он­дағы режиссерлер әртістерді аста­на­дан арнайы шақыра қоймайды. Қан­­ша жерден дарынды өнер иесі бол­са да, олар оның жолы мен үй-жайы­­на артық қаражат жұмсағысы кел­мейді. «Көзден кетсе көңілден кете­ді» демекші, қазір кинодан да, теле­сериалдан да алшақтап қалдым. Ара-тұра осында көшіп келгеніме сол үшін өкініп қаламын. Десе де «Адам­ның басы – Алланың добы» дейді қа­зақ. Мен 2007 жылы өзім жұмыс істеп жүр­ген М.Әуезов атындағы акаде­мия­лық драма театрынан кетемін деп еш ой­лаған емеспін. Онда жұмыс істеу ме­нің басты арманым болатын. Оқу бі­тірген соң сол арманыма қол жет­кі­зіп, театрдың киелі сахнасына шық­қа­ныма мәз болып, қанатыма қанат бі­тіп, дүрілдеп жұмыс істеп жүрген ша­ғымда елордаға кеттім. Астанаға қоныс аударуыма негізгі себеп – сол жыл­дары бас қалада руханият пен мә­дениетке баса назар аудару мәселесі күн тәртібінен түспей, мұны ілгерілету үшін жан-жақтан өнер майталман­да­рын шақырған еді. Сол кезде Нұр-Сұл­тан қаласы әкімінің орынбасары қыз­­­метін атқарған Ермек Аманшаев М.Әуезов театрынан есімі елге белгілі әр­тіс Ғани Құлжанов екеуімізді Қа­ли­бек Қуанышбаев атындағы мем­ле­кет­тік академиялық қазақ музыкалық дра­ма театрына жұмысқа шақырды. Мен бастапқыда бір айдай уақыт ке­лі­сім бермей жүрдім. Бірақ Ермек қол­қалап, тікелей қолғабыс жасаған соң бір күнде астаналық болып шыға кел­дім. Ол кезде Қаллеки театрының ғи­мараты шағын болғанымен, бір шаңы­рақ астында кілең дарынды қыз-жігіт­тердің жұмыс істеп жатқаны қуант­ты. Біз барғанда ешкім де жатыр­қа­май, жатсынбай, шама-шарқымыз жет­кенше осындағы руханияттың өр­кендеуіне атсалыстық. Сол абы­рой­мен бастаған жұмысымызға «қылау» түсір­мей, қазірге дейін осындағы қазақ өнерінің, қазақ театрының оты өшпеуі үшін аянбай жұмыс істеп келе­міз. Өнерде атқарған көп жылғы еңбе­гімді елеп-ескерген министрліктегілер «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайрат­кері» марапатына лайық деп таныды.