Әлемді жүлде қорымен емес, медаль санымен таңғалдырсақ...
Әлемді жүлде қорымен емес, медаль санымен таңғалдырсақ...
Қазір Бейжің Олимпиадасына қатысқан 90-ға жуық елдің қысқы спорт түрлеріне жауапты комитеттері төртжылдықты қорытындылап жатыр. Сол секілді біз де жуырда аяқталған Ақ Олимпиададағы қазақстандық атлеттердің аяқ алысын бағамдап көруге тырыстық. Өкінішке қарай, бұл Олимпиададан Қазақстан құрамасы құралақан оралды. Жазғы Олимпиада ойындарында үнемі алтын алқалап үйреніп алған біз алты ай бұрын Токиода өткен жазғы Олимпиадада тек қола жүлдені қанағат тұтуға мәжбүр болғанбыз. Ал қысқы Олимпиадада қола медальды алтыннан артық санайтын біз Бейжіңде сол қолаға да жете алмай қалдық.
Осы Олимпиадада спорттың 87 түрінен бақ сынаған 34 қазақстандық спортшының көпшілігі бірінші сайыс күні-ақ жарысты аяқтады. Ал бірнеше кезеңнен құралған сайыстан сүрінбей өтіп, финалға жеткен шорт-трекші Абзал Әжіғалиев жүлдеге бір табан жетпей, төртінші орынды місе тұтты. Бұл төртінші орынды тарихи жеңіске теңеген қазақстандықтардың реакциясын көрген Азбал сұхбат берерде аласапыран күй кешкенін байқадық. Кейін ол Олимпиадада көрсеткен жоғары көрсеткішімен құттықтап, жеделхат жолдаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, «Көңілім құлазып, салым суға кеткенде сіздің маған арнаған жеделхатыңыз спортшылармен әрдайым бірге екеніңізді жеткізді. Осындай сәтте, әсіресе жеңілісте айтылған жылы сөздерден асқан қолдау жоқ» деп ризашылығын білдірді. Абзал секілді алыптармен арпалысып ақтық сынға өткен фристайлшы Ақмаржан Қалмырзаева жарысты 11-орынмен аяқтады. Ал фристайл-могулдан Қазақстан құрамасының үздігі саналатын, 2018 жылғы Пхенчхан Олимпиадасының қола жүлдегері Юлия Галышева ақтық сынға өте алмай, 11-орынға табан тіреді. Соңғы күні жарысқа араласқан конькиші Надежда Морозова финалға өткенімен, қарсыластарын басып оза алмай, 15-орынға жайғасты.
Төртжылдықтың басты додасы саналатын Ақ Олимпиадада Қазақстан құрамасының медальсыз қалуы бірінші рет емес. Бұған дейін ұлттық құрама мықтылары екі Олимпиада қатарынан, атап айтсақ, 2002 жылы Солт-Лейк-Сити (АҚШ) мен 2006 жылы Туринде (Италия) өткен Олимпиада ойындарында да қоржынға тіпті қола жүлде түсіре алмап еді. Елімізде қысқы спорт түрлеріне деген қамқорлық кемшін екенін жақсы түсінетін көпшілік спортшылардың Токио мен Бейжіңдегі бабын бағамдап, ел спортына түбегейлі реформа керек деп санайды. Ал кейбірі Олимпиада сайын үздік үштікке еніп жүрген шетелдік құрамалардың дайындық жұмысын үлгіге алған абзал екенін алға тартады. Үздік үштік демекші, беделді The Economist басылымының мамандары алдын ала болжағандай, Бейжің Олимпиадасында жалпыкомандалық есепте Норвегия құрамасына тең келер ешкім табылмады. Халқының саны 6 миллионға да жетпейтін Норвегия елінің мықтылары 16 алтын, 8 күміс және 13 қола жүлде еншілеп, рекорд орнатты. Бұған дейін қысқы Олимпиада тарихында ешбір елдің құрамасы бір Олимпиадада 16 алтын медаль иелене алмаған. Бір қызығы, Норвегия құрамасының қоржынындағы 16 алтын медальдің 5-еуін биатлон спортының бес түрлі сайысында ешкімге дес бермеген 28 жастағы норвегиялық атлет Йоханнес Бё салды. Ал 12 алтын, 10 күміс және 5 қола медаль алған Германия командасы екінші орынды иеленсе, 9 алтын, 4 күміс және 2 қола жүлде иеленген жарыс қожайындары қытайлықтар үздік үштікті түйіндеді. Ал 27 құраманың көрсеткіші тізілген жалпыкомандалық есепті шаңғы жарысында 1 қола жүлде алған Латвия құрамасы қорытындылайды.
бұл есепке ілінбеген, бірде-бір жүлде иеленбей қалған 64 құраманың ішінде біздің елдің аты тұрғаны өкінішті-ақ.
Қош делік, 2008 жылы жазғы Олимпиаданы абыроймен өткізіп, арада 14 жыл өткен соң қысқы Олимпиаданы да жоғары деңгейде ұйымдастырып, әрі жазғы әрі қысқы Олимпиада ойындарын өткізген тұңғыш қала – Бейжіңде жолымыз болмады. Тіпті, 16 күн бойы әлем назарын өзіне аударып, 16 алтын медаль алған норвегиялықтар секілді әзірше топ жара алмаспыз. Алайда Олимпиадашыларға беретін жүлде қорының сомасы жағынан жаһан алдында келеміз. Әйгілі CNBC агенттігі ұсынған мәліметке сүйенсек, қомақты жүлде қоры тағайындалған елдер тізімінде Қазақстан екінші орында тұр. Бірақ көш басында тұрған Сингапур үкіметі (1-орынға – 737 000 доллар, 2-орынға –396 000 доллар, 3-орынға – 184 000 доллар) бюджеттен әлем таңғалатын сома бөлуді жоспарлағанымен, сингапурлық спортшылар іріктеу сайыстарында Олимпиада жолдамасын ұтып ала алмай, Бейжіңге бармады. Ал алтын жүлде үшін 250 000 доллар, күміске 150 000 доллар, қола медальға 75 000 доллар көлемінде сыйақы бекіткен біздің ел туралы әлемдік БАҚ өкілдері «Бәрінен қымбат жүлде қоры Қазақстанда» деп жарыса жазды. Ал 8 алтын, 10 күміс, 7 қола медаль көрсеткішімен жалпыкомандалық есепте 4-орынға жайғасқан АҚШ атлеттері 1-орынға 37,500 доллар, 2-орынға 22,500 доллар, ал үшінші орынға 15,000 доллар төлейді. Әр елдің жүлде қорын салыстырып шыққан шетелдік журналистер америкалықтардың қазақстандық атлеттерден 7 есе аз сыйақы алатынын ерекше атап өтті.
Forbes журналында жарияланған мәліметке сенсек, Бейжің Олимпиадасына қатысқан 91 елдің тек 32-сі ғана жүлдегерлерге қаржылай сыйақы ұсынады. Бір қызығы, жалпыкомандалық есепте көш бастап тұрған, мықтылығын «біз шаңғымен туамыз» деп әсірелейтін Норвегия құрамасы мен бұл есепте 6-орынға табан тіреген Швеция командасына үкімет тарапынан ешқандай сыйақы берілмейді. Оларға демеушілермен жасасқан келісімшартқа сәйкес берілетін жүлде қоры ғана ұсынылады.